«Профессионал» — кәсіби мамандар шеберханасы

740

Қаламыздың жұмыспен қамту орталығы жас мамандарға жаңа мүмкіндіктер сыйламақ. Жұмыссыздар қатарында жүріп, 3 ай бойы кәсіптік курста тәлім алғандар енді жеке кәсіпкер атана алады. Ол үшін бюджеттен 2 млрд. теңге қаржы бөлініп отыр. Әр маманға берілетін 500 мың теңге осы айдан бастап өз егелерін таба бастаған.

Нұржамал Сарыбаеваның негізгі мамандығы байланыс саласы. Жоғары білімді алу үшін ол 5 жыл оқыған. Бірақ қазір бала күнгі арманына жету үшін қайтадан жаңа мамандықты игеріп жүр. Тігіншіліктің қыр — сырын меңгергісі келген Нұржамал жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, «Профессионал» орталығына келіпті.

Нұржамал Сарыбаева, тәлімгер: «Кішкентай кезімнен тігіске қызығушылығым бар еді. Бірақ, мен басқа мамандықты оқығанмын. Дипломым бар. Алайда тігіншілік мені тартып тұрды. Сондықтан бұл мүмкіндікке қол жеткізген мемлекетімізге рахмет айтамын».

9 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан орталық биыл 120 шәкіртті қабылдаған. Оның 30-ы шаш қиюды, 40-ы тырнақ әрлеуді, 25-і киім тігуді, 25 -і тоңазытқыш жөндеуді үйреніп жүр. Және осы 3 ай тәлім алған жас мамандарға бүгін жәрмеңке өткізілді. Оған «Нарқожаев» жеке кәсіпкерлігі мен «Элик» сынды сервис орталығының жұмыс берушілері келген.

Айнұр Қуаныш, «Профессионал» ЖШС-нің директоры: «Вакансиялар жәрмеңкесін ұйымдастырып жатырмыз. 10-12 жұмысқа алушы компаниялардан жауаптыларды шақырдық. Бізде тәлім алғандар өздерінің жұмыстарын көрсетеді, соған байланысты жұмысқа орналастырамыз».

Айта кетейік, орталық өткен жылы 100 маманды дайындаған. Оның 85 -і бүгінде еңбек орнын тауыпты. Ал, қала бойынша 2017 жылдан бері 1035 жұмыссыз мамандық игерген. Жалпы саны 22 оқу орталығындағы шәкірттердің шәкіртақасы 16759 теңгені құрайды.

Асылбек Наурызбаев, Халықты жұмыспен қамту орталығындағы кәсіптік оқыту секторы бөлімінің басшысы: «Оқуды бітіріп, кәсібін ашуға мүмкіндігі бар. Ол үшін қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бітірген деген куәлігі болуы керек. Сонымен қатар өзінің бизнес жоспарын жасауы керек».

Тың идеясы бар жас мамандар өз жобаларын «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында қорғай алады. Комиссия ұйғарымы бойынша жолдама алған болашақ кәсіпкер 505 мың теңге иеленеді. Әзірге осы айдың ішінде бұл мүмкіндікті 500 адам еншілей алады. Ал, жыл соңына дейін оның саны тағы да 4000-ға ұлғаяды.