«Түркістан – Адалдық алаңы». Жастар арасында осындай жобалық кеңсесімен бастау алған «Адал жолды таңдаймыз» марафон эстафетасы енді таулы өлке Төлеби ауданынан Шардара ауданына салтанатты түрде табысталды.

Ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, игі жоба жастолқынның сыбайлас жемқорлыққа қарсы ой-танымын қалыптастыру мақсатында қолға алынған.

Төлеби ауданында  өткен эстафетаны табыстау рәсімінде жастар қауымы жеткен жетістіктерімен бөлісуді ұмытқан жоқ. Өздері жасаған робототехникасымен, мальбертте және асфальтта салған фотосуреттерімен, сондай-ақ қолөнер туындыларымен таныстырды. Мәдени бағдарлама мұнымен шектелмеді, аясында 150 бала көпшілік алдына шығып, флешмоб биін ұсынды.

Іс – шараға арнайы қатысқан ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының орынбасары Арман Абдраманов марафонға белсене қатысқан азаматтарға ерекше құрметін білдіріп, алғыс хат тапсырды.

Айта кетейік, марафон департаменттен бастау алып әрі қарай, Түркістан, Кентау қалалары мен Созақ, Бәйдібек, Отырар, Ордабасы, Сайрам, Түлкібас және Төлеби аудандарында өтті. Енді бұл эстафета шардаралық жастолқынға сеніп тапсырылып отыр. Ал марафонның соңғы форумы, яғни жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 7- желтоқсанда, халықаралық жемқорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында өтетін болады.

Мөлдір Бекеева