Шымкентте Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті

228

Қылшылдаған еркектердің арасына әйел керек. Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында осындай мәселе көтерілді. Одан бөлек, жиында 5 басқарма 6 ай ішінде атқарған жұмыстары бойынша есеп берді. Әр басқарма өз жұмысына кедергі келтіретін факторларды да атап шықты.

Баяндамасын бірінші болып бастаған Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы алғашқы сұрақтан-ақ сүрінді. Оның өткен жылмен салыстырғанда Шымкенттегі кәсіпкерлік субьектілердің саны 24 пайызға артты деген дерегі кеңесте күмән тудырды.

Нұрғазы Бұхарбаев, Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі: «Сіз өте оңай сұраққа жауап берсеңізші. — Жауап беріп жатырмыз ғой. Оның барлығы статистика арқылы шығады ғой. Ол кезде бөлінбеген. — Сонда 2019 жылы кәсіпкерлік 18 пайызға өседі да, 2018-де сонда кәсіпкерлік мүлде болмаған ба?».
Әріптесінің қара терге түскенін көріп, кезегін күткен Туризм басқармасының басшысы әбден қобалжыды. Тіпті, телефонмен әлденені сұрап отырды. Бір уақытта қолындағы дәптерін түсіріп алды.

Алдымен Тұрар Ахметов сырттан келетін туристердің санының өткен жылға қарағанда 30 пайызға артқандығын айтып мақтанды. Дегенмен туристер көп келетін орындардың инфрақұрылымын қашан толығымен дамытамыз деген сауалға келгенде салы суға кетті.

Тұрар Ахметов, Шымкент қаласының туризм басқармасының басшысы: «Туристік инфрақұрылым бойынша иә. Сондай маңызды мәселе. Біздегі маңызды нысан ол ескі қалашық. Оны істеу үшін мастер план қажет. Ал оған бюджеттен ақша бөліну керек».

Үшінші болып баяндама жасаған Ғалымжан Балтаев өз жұмысындағы кездесетін қиындықтар жайлы бірден айтты. АӘК аламын деуші халықтың саны күрт өскенін атап өткен басқарма басшысы азаматтардың нақты табысын анықтау қиынға соғып жатқандығына тоқталды.

Ғалымжан Балтаев, Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы: «Яғни, бұл жердегі өсіп тұрған проблемасы көп халық өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Базарда істейді, таксилетеді. Табыстары аз болғаннан кейін нақты табыстарын көрсетпейді. Сол бізге табыстарын анықтауда кішкене қиындықтар туындап жатыр».

Барлық басқармалардың баяндамаларын тыңдап, мәселелерін шешуге көмектесуге уәде берген қоғамдық кеңес мүшелері жиын соңынан өз мәселелеріне көшті. Кеңес құрамындағы 2-3 әйел кісінің қатарын арттыру қажеттігін айтты. Дей тұрғанмен күні кеше Парламентке кеткен Айгүл Қапбарованың орнына қоғамдық кеңеске мүшелікке тағы бір ер адам сайланды.

Меруерт Ахан