Шымкент пен Түркістан авто және көлік бөлшектерінің ұрлығы бойынша түзілген тізімде елдегі үштікті қорытындылады. Қазақстанда ай сайын 62 көлік ұрланатын болса, соның 5-6-уы — үшінші мегаполисте орын алады. Бұл мәліметті ҚР ІІМ және бейтарап сервистер мен зерттеулер де растап отыр.

Ал Шымкент қалалық полиция департаменті, тергеу басқармасының ұсынған мәліметіне сүйенсек, Шымкентте автокөлік құралдары мен көлік ұрлығы көбіне Әл-Фараби ауданында тіркеледі. Және қылмыс түнгі уақытта орын алады. Барымташылар ондағы көпқабатты үйлердің алдына тұрақтаған көліктерді ешбір кедергісіз, тіпті үй алдына орнатылған бейнекамераны пысқырмай-ақ, айдап әкетеді екен.

Ғалымжан Сайып, Шымкент қалалық ПД тергеу басқармасының анықтаушысы: «Шымкентте көбіне «Мазда» және «Опель» маркалы автокөліктер ұрланады. Себебі, ол көліктердің есігі мен терезесін ашу оңайлау. Ал көлік бөлшектеріне келетін болсақ, мотор жүйесін үнемі үптеп кетеді. Ұрлыққа барушылардың дені — жастар».

Айта өтетін ақпарат, Шымкентте кісінің көлігін айдап әкету бойынша 2017 жылы 123 жәйт орын алған. Оның 68-і ашылған. Автокөліктер табылып, иелеріне қайтарылған. 2018 жылы 99 жәйт тіркеліп, оның 57-сі ашылған. Ал 2019 жылдың 5 айында 48 жәйт тіркеліп, 28 қылмыс ашылған. Мұндай қылмыстардың пайызы — 58,6 пайызды құрайды.

Мөлдір Бекеева