Шымкентте газ құю бекетінде болған жарылыстың себебі анықталды. Бұл жайында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Сәрсенбай Теңлесбай айтып өтті.

Естеріңізде болса, 7 маусым күні Тассай шағынауданындағы «Мураз» ЖШС-нің жанармай бекетінде газ цистернасы жарылған еді. Тексеруге департамент бұйрығымен арнайы комиссия Еңбек инспекциясы, кәсіпорын басшысымен авариялық құтқару қызметі жасақталды. 7 текше метрлік автоцистернада 70 пайыз сұйытылған газ толтырылып, жоғарғы қысымда жұмыс істейді.

Сәрсенбай Теңлесбай, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары: «Сиымдылығы 60 текше метрлік автоцистернадан газ құю кезінде шланг толық бұралмай, ажырап кеткен. Арада 10 секундтай уақыт өтер-өтпестен шланг темірі соғылып ұшқын пайда болып, жарылысқа әкелген. Қорытынды бойынша акт жазылып, материалдар жиналған соң Ішкі істер департаментіне жіберілетін болады».

Нұрлан Сұлтанбек