Шымкент 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы болады. Қалада осы айтулы шараға дайындық қызу жүріп жатыр.

Шаһардағы ғимараттардың келбеті құлпырып, орталық көшелерде жол жөнделе бастады. Ескірген үйлерді күрделі жөндеуден өткізуге кәсіпкерлер де ат салысуда.

Тәуке хан даңғылындағы № 11 үйдің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Қазіргі таңда жұмысшылар көпқабатты үйдің қасбетін арнайы материалмен қаптауды бастаған.

Үйдің бірінші қабатында орналасқан коммерциялық нысандар жұмыстарын тоқтатудан бас тартуы істің ілгерілеуіне кедергі болған. Алайда қала әкімдігінің араласуымен мәселе шешімін тауып, құрылыс жалғасты.

Іргетасы қаланғалы жөндеу көрмеген үйдің шатырынан су ағып, тұрғындарды әбден әбігерге салған. Құрылысты мамыр айында бастаған жергілікті мердігер компания жөндеу жұмыстарын 1 тамызға дейін аяқтауды көздеп отыр. Құрылыс кәсіпкердің есебінен жүргізіледі. Жобаның сметалық құны 147 млн теңге.

Жанайбек Сопаев, учаске бастығы

Жанайбек Сопаев, учаске бастығы: «Шатырын  ауыстырдық, терезелерін қойып бердік. Қазір Сарыағаштан алып келінген табиғи таспен қасбетін қаптап жатырмыз».

60 жыл бұрын пайдалануға беріліп, соңғы 30 жылда күрделі жөндеу көрмеген үйдің ескірген қасбеті қаланың көркін бұзып тұратын. Енді үй төрайымы Инна Угай қысылмай қонақ шақыруға да болады дейді.

Инная Угай, үй төрайымы

Инна Угай, үй төрайымы: «Ескірген үйіміздің қасбеті қорқынышты еді. Таныстарымыз қалай тұрып жатырсыңдар, құлайын деп тұр ғой» дейтін. Үйімізді жөндеп жатқанына екі айдан асты. Кәсіпкер құрылысты өз қаражатына жүргізіп жатыр екен. Ол жақсы бастама. Жаңаланып қалған баспанамыз үшін құрылысшыларға, қала әкімдігіне алғысымыз шексіз».

Қаланы көріктендіруде кәсіпкерлердің үлесін атап өту керек. Соңғы жылдары Шымқаланың негізгі көшелері бойындағы тозығы жеткен үйлердің қасбеті абаттандырылып, қала ажарлана түскен.

Шымкент 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы ретінде үлкен іс шара өткізеді. Мегаполис статусына ие болған шаһар қонақтарды лайықты қарсы алуға қазірден бар күшін салып жатыр.

Шынар Оразова