Ел бойынша үздік учаскелік полиция қызметкерлері анықталып жатыр. Бұл жолғы сында тәртіп сақшыларының білімі мен біліктілігі ғана сарапқа түспейді. Басты назарға халықтың берген бағасы алынбақ. Тұрғындар үздік инспекторды әлеуметтік желіде дауыс беру арқылы өздері таңдайды. Ауқымды жарыста Шымкенттің намысын қорғайтын тәртіп сақшысымен танысып қайтқан тілшіміз жергілікті тұрғындардың да пікірін сұрап, білді.
Ербол Юсупов — Шымкенттің үздік учаскелік полицейі атанды. Ол қаладағы төрт аудан арасында өткен инспекторлар сайысында топ жарды. Әл Фараби аудандық полиция басқармасының қызметкері күн сайын таңның атысы күннің батысы, тіпті түнде де өзіне бекітілген аумақта тәртіпті қадағалайды. Құқық қорғау саласында 15 жылдық тәжірибесі бар аға инспектор жұмысының қызығы мен шыжығын бізден жасырған жоқ.
Ербол Юсупов, Әл Фараби ауданының ПБ учаскелік полиция инспекторы: «Біздің әкімшілік аумақта сан түрлі шақыртулар болады, әр түрлі адамдар кездеседі. Нашақорлар да бар, бұрын сотты болғандары да бар, спирттік ішімдікке бейім тұлғалары да бар. Олармен күнделікті жұмыс жүргіземіз, әкімшілік аумақта профилактика істеп тұратын тұрғындармен күнделікті сұхбат жүргіземіз, үйлеріне барамыз уақытылы».
Шымкентте 68 учаскелік полиция пункті бар. Онда 369 инспектор жұмыс істейді. Миллиондық мегаполисте 2300 тұрғынға бір инспектордан келеді.
Данабай Алиев, Шымкент қалалық ПД ЖПҚБ учаскелік полиция инспекторларының жұмысын ұйымдастыру бөлімшесінің бастығы: «Учаскелік полицейлердің айлық жалақысы шеніне қарай өсіп отырады. Капитан, майор алса, үстінен қосылып отырады. Қазіргі таңда учаскелік инспектгорлар 150 мың теңгедей айлық алады. Қызмет атқару кезінде ерлік көрсеткен, болмаса аса ауыр қылмыстарды ашқан жағдайда, департамент бастығының қолдауымен марапаттау, алғыс хат, болмаса қаржылай марапаттаулар көзделген».
Айта кетейік, 2019 жылдың 6 айында учаскелік полиция қызметкерлері тарапынан ашылған қылмыстар 5,3 пайызға, ал олардың қатысуымен ашылған қылмыстар — 53,9 пайызға артты.
Мөлдір Бекеева