Шымкенттік кәсіпкерлер жол белгілеріне наразы

Саудасын жүргізе алмай тұрған бірнеше азамат «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына арызын арқалай келіпті. Соның бірі Жібек жолы даңғылының бойындағы «Магнит» сауда үйінің алдына қойылған арнайы жол белгісіне қатысты.

Есбай Есходжаев, кәсіпкер: «Қарсымызда «Көктем» базары бар. Автотұрағы да, жолы да біздікіндей. Бірақ мына әрекет бізді қыспаққа алып, сындыру ма түсінбедік. Неше жылдан бері автотұрақтың бәрі істеп келген. Кейіннен жаңа дүкен соғылғаннан кейін егесі шенеунік пе білмейміз, біздің саудамызды өлтірейін деді ме әдейі жол белгісін қойып қойған сияқты».

Әкімдікке талай жазған арзынынан нәтиже шығара алмаған азаматтар Палатаның көмегіне жүгініп отыр. Кәсіпкерлердің базынасына жол сақшыларының жауабы да дайын. Айтуларынша, ол жедегі жол белгісі жиі кептеліс бола бергеннен соң қойылған.
Талқылауға түскен мәселенің түйінін тарқату үшін кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын кеңес мүшелері жуық арада жалпы қалалық мониторинг жүргізуге бірауыздан шешім қабылдады. Кәсіпкерлерге кедергі келтіріп тұрған жол белгілері сүзгіден өткізілмек.

Мелес Сейітжанов, Кәсіпкерлердің құқын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы: «Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен бірігіп арнайы жұмыс тобын құру қажет. Жол белгілерінен кәсіпкерлер зардап шекпеуі керек. Кәсіпкердің саудасы жүрмесе, салық азаяды, жұмыс орындары кемиді. Жол сақшылары сіздер салық төлеушілердің есебінен жалақы алып отырсыздар. Сондықтан да сіздер кәсіпкерлердің кәсібі дөңгелеуіне көптеп көмектеріңіз тиюі қажет».

Гүлжан Көшерова