Шымкенттіктерді ыстық әлсіретіп барады. Ауа температурасының бірден 40 градустан асып жығылуы үлкенге де, кішіге де оңай соғып жатқан жоқ. Алайда, Шымқала тұрғындары салқындаудың неше түрлі әдісін біледі.

Қала бойынша 21 субұрқақ бар. Олардың жанынан жай өтіп жатқан адамды кездестіре қоймайсыз. Аптаптан қорғану үшін бәрі де суға бір малынып шығады. Шілде басталғалы Қошқар ата өзенінің маңайында адамның қарасы көбейген. Түс уақытында тіпті бұл маңнан аяқ алып жүре алмайсыз. Еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін суға түсуге келеді.

Ал үй ішіндегі қапырықтан құтқарушы желдеткіштің бағасы базарларда күн ысығалы 500 теңгеге қымбаттап үлгеріпті. Ал дәрігерлер болса, дәл қазіргі уақытта қала тұрғындарына үйден бас киімсіз шықпауға және суды көп тұтынуға кеңес береді.

Наталья Камалова, дәрігер: «Егер адам күн ұзағына аз ғана су ішсе, онда күн өту қаупі жоғарылайды. Күніне екі литрдан астам су тұтыну қажет. Сосын тағы бір айта кетер жайт, мынадай ыстықта алкогольді тұтынбай қоя тұрған дұрыс. Тіпті сыраның өзі организмнің клеткаларынан көп сұйықтықты шығарып тастайды. Соның әсерінен күн өтіп кетуі мүмкін. Және балаларға абай болу керек. Оларды бас киімсіз далаға шығармаған жөн».

Меруерт Ахан