Түркістан облысының полицейлері көлік ұрлығына қатысы бар күдіктілерді ұстады

208

 Отырар АПБ-нің «102» нөміріне жергілікті тұрғыннан арыз түседі. Ол өзінің арызында жол бойында тұрған көлігін белгісіз біреулердің қолды еткендігін айтады.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 200-бабы «Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» бойынша СДТБТ-не тіркеуге алынды. Осылайша полицейлер арыз түскен сәттен бастап жедел қимылдайды. Тез арада жедел-іздестіру іс-шараларын атқарып, нәтижесінде Түркістан қаласынан бұрын соңды сотты болмаған екі ер азаматты ұстайды.

Тергеу барысы көрсеткендей, жәбірленуші көлігімен Шымкент қаласына қарай жолда келе жатады. Кенет көлігінің жанар-жағармайы бітіп қалады. Ары қарай жолын жалғастыра алмаған көлік иесі темір тұлпарын жолдың бойына қалдырып, өзі жанар-жағармай әкелуге кетіп қалады. Осы сәтте қарсы бағытта келе жатқан күдіктілер иесіз көлікті көріп, арам пиғылдарын іске асырады.

Жәбірленушінің айтуы бойынша келтірілген жалпы шығын 300 мың теңгені құрап отыр. Жедел әрекет еткен Отырар АПБ-нің жедел уәкілдері жол бойындағы дүңгіршектерден, жолаушылардан сұрау арқылы, сонымен қатар жол бойында орналасқан бейнекамералардағы жазбаларды тексеру арқылы күдіктілердің іздеріне түседі. Сол сәтте күдіктілердің көршілес Түркістан қаласына қарай бой тасалағандары белгілі болады. Ақыры іздестірудің екінші күні болғанда Отырар АПБ-нің жедел уәкілдері мен Түркістан қаласының криминалды полиция қызметкерлері күдіктілердің түр-тұлғасын анықтап, қылмыскерлердің жеке көліктерімен қала ішінде қыдырып жүрген жерінен құрықтайды.

Сақшылар айғақты зат ретінде күдіктілердің жымқырған көліктерін қалаға кіре беріс жердегі таныстарының үйіне жасырып қойған жерінен тәркіледі. Күдікті азаматтардың Түркістан қаласының жасы 20-дан асқан тұрғындары екендігі белгілі болды. Қазіргі таңда ұсталған азаматтарға қатысты тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары олардың тағы да басқа қылмыстық жайттарға қатысы бар-жоқтығын анықтау үстінде.

Облыс полицейлері тұрғындарға өз мүлкінің қауіпсіздігіне мұқият болу керектігін ескертеді. Ұзақ жолға шығар сәтте көлігіңіздің жанар-жағармайын мұқият тексеріп, алдын-ала қамданғандарыңыз жөн. Автокөлік ұрлығынан сақ болу үшін көліктің есік пен жүксалғышын жабық ұстап, кілтті оталдыру тетігінде қалдырмаған жөн. Сондай-ақ салонда құжаттар, ақша және басқа да бағалы заттарды қалдырмау керек.

Мүмкіндігінше көлікке дабыл жүйесін орнатып, күзетілетін аймаққа қойыңыз. Егер де Сіз осындай қылмыстың құрбаны немесе куәсі болсаңыз тез арада «102» телефон нөмірі арқылы полицияға хабар беріңіз.