Астау, домбыра, әшекей қобдишалары. Ұлттық нақыштағы көрпе-төсек. Пластик есіктер мен терезелер. Жиналмалы үстел, орындықтар. Арнайы киімдер. Бұл – Шымкент қалалық ИЧ 167/3 түзету мекемесінде жазасын өтеушілердің қолынан шыққан бұйымдары. Шетелдік заттардан кем түспейтін, сапалы әрі қолжетімді туындыларды кез келген адам сатып ала алады. Тапсырыс беріп өзіңізге ұнаған формада, түр мен түсте, қалыпта жасатасыз да болады. Бірақ, бұл жайында көпшілік біле бермейді. Сондықтан да түзету мекемесінің басшылығы арнайы көрме-жәрмеңке өткізіп, қолөнер бұйымдарын ел арасында насихаттауды жөн көрген.
Шымкент қалалық ИЧ 167/3 түзету мекемесі 700 орынға шақталған. Мұнда 540-қа жуық азамат жазасын өтеуде. Олардың 76 пайызы жұмысқа тартылған. Дәлірегі түрме әкімшілігі жергілікті кәсіпкерлерді арзанқол жұмыс күшімен қамтамасыз етеді. Ал сотталғандар еңбек ету арқылы ақша табады.
– Біздің түзету мекемесі жергілікті кәсіпкерлермен бірлесе жұмыс істейді. Келісімшарт негізінде оларды қара жұмысшы күшпен қамтамасыз етеміз. Кәсіпкерлерге де жақсы. Бізге де жақсы. Жазасын өтеушіге де пайдалы. Біріншіден — арзан жұмыс күші болған соң бұл тауарлар нарықтағыдан біршама арзан. Бұл кәсіпкердің кәсібінің өрге домалауына септігін тигізеді. Екіншіден — сотталғандар таң атқаннан күн батқанша құр отырмайды. Еңбекке араласады. Қоғамда пайдасын тигізеді. Үшіншіден — жазасын өтеушілер жұмысқа араласу арқылы, уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік алады. Кәсіп үйренеді. Және сол үшін жалақы алады. Оны өзінің керек-жарағына немесе отбасына жібереді,- дейді түзету мекемесінің басшы орынбасары Болат Мылтықбаев.
Жеке кәсіпкерге жалданып жұмыс істейтіндердің бірі — жазасын өтеуші Ерболат Оспанов. Оның темір тоғыту цехында жұмыс істейтініне 3 жылдан асқан. Олар мұнда металдан түрлі бұйымдар құрастырады.
– Негізі мамандығым — экономист. Отбасым бар. Өмір иірімдері мені осында алып келді. Басқа түссе, көнесің. Көндігесің. 3 жылдан бері темір тоғыту цехында жұмыс істеймін. Темірді балқыту, біріктіру, тоғыту дегенді осында үйрендім. Қазір сейф, темір есік, қақпа және т.б жасаймын. Осы үйренгенім ертеңгі күні бостандықта өз нанымды тауып жеуіме көмектесетініне сенемін. Бүгіннің өзінде 30-35 мың теңге жалақы аламын. Оны отбасыма жіберемін,- дейді жазасын өтеуші Ерболат Оспанов.
Ерболат сияқты жазасын өтеушіні жұмыспен қамтып отырған кәсіпкердің бірі — Дамир Мұхамедияров. Оның кәсіпкерлікпен айналысқанына біраз жыл болған. Көбіне ағаш бұйымдарын: астау, оқтау-тақтай, домбыра, үстел, орындық, ағаштас жасатып, сатады.
– Мен жеке кәсіпкер ретінде түзету мекемесімен келісімшартқа тұрдым. Осындағы жазасын өтеушілерді жұмыспен қамтимын. Менде 16 адам жұмыс істейді. Көбіне ағаш бұйымдарын жасайды. Олардың әр қайсысына 30 мың теңге көлемінде жалақы төлеймін. Зейнетақы аударымдары тағы бар. Қара күш арзанға түскендіктен бұйымдарым да нарықтағыдан екі есе арзанырақ,- дейді Дамир Мұхамедияров.
Түзету мекемесіндегілер тек қолөнер бұйымдарын жасаумен ғана айналыспайды. Мұнда нан пісіру және макарон шығаратын цехтар бар. Түзету мекемесі басшысының орынбасары Болат Мылтықбаевтың сөзінше, қала дүңгіршектерінде саудаланатын нанның басым бөлігі осында пісіріледі екен.
Осылайша жазасын өтеушілер қоғамға да, жергілікті шағын және орта бизнесті дамытуға да өз септіктерін тигізіп отыр. Бұған түрмеде өткізілген көрме-жәрмеңке де дәлел бола алады. Мұнда қойылған арзан бағадағы қолөнер бұйымдары әп-сәтте сатылып кетті. Әсіресе, ұлттық нақыштағы көрпешелер мен астауларға сұраныс көп болды. Ас үйдегі ыдыс-аяғын ұлттық ыстармен жаңалауды көздеген нәзікжандылар жеке кәсіпкерлердің ұялы телефондарын алып, алдағы уақытта тапсырыс беретіндерін айтып тарқасты. Сондай-ақ, банкіге жабылған шырындар мен қызанақ, қиярларға да тапсырыс көп болды.
Арзан бағадағы бірақ шетелдік бұйымдардан кем түспейтін қолөнер туындыларына қызығушылық танытқандар ИЧ 167/3 түзету мекемесіне хабарласа алады.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ