«Ақтөбеде 2 жасар бала терезеден құлап, мерт болды», «Талдықорғанда балабақшаның терезесінен құлаған бала жансақтау бөлімінде жатыр». «Шымкентте 3 жасар бала 9-қабаттан құлап, көз жұмды». Жаз маусымы басталысымен еліміздің түкпір-түкпірінен осындай суыт хабарларды жиі естиміз. Осындай қайғылы жағдайдың алдын алуда не істеу қажет?
«МЕНІҢ БАЛАМ ҚҰЛАМАЙДЫ!»
Балалардың терезеден құлау фактісі жазда жиі болады. Мұндай оқыс жағдайға тап болған балақайлардың бірін періштесі қағып, тірі қалып жатады. Енді бірі мүгедек арбасына таңылады. Ата-ана мұндай жағдай өз баласының басында болуы мүмкін екеніне мән бермейді. «Менің балам терезеге шықпайды. Құдай сақтасын, балам терезеден құламайды» деп бейғам жүре береді. Арасында терезедегі москит торына сенім артатындары да бар. Алайда олар сенім артқан москит торының нағыз «жаналғыш» екенін білмейді.
Шымкент қаласының тұрғыны Венера Шертаева көршісінің баласы терезеден құлап кете жаздағанына куә болғанын айтады. Сол оқиғадан кейін 5-қабаттағы пәтерінің терезесіне темір тор орнату туралы ой келіпті.
– Осыдан бір жыл бұрын аулада отырсам, «тарс» еткен дауыс-тан селк еттім. Қарасам жерде мос-кит торы жатыр. Ал үшінші қабатта тұратын көршімнің 5 жасар баласы терезенің жақтауында тұр. Сәл болғанда жерге «жалп ете» құлайтын еді. Құдай сақтасын, әйтеуір құлаған жоқ. Асханада жүрген анасы біздің жанұшыра айқайлағанымызды естіп, баласын аман алып қалды. Өзімнің үш кішкентай қызым бар. Сол оқиғадан кейін терезеге темір тор қойдырдым, — дейді ол.
Ал 6 жасар Балнұр 4-қабаттағы пәтердің терезесінен құлағанында, анасы Қарлығаш емханада екен. Анасының сөзінше, көршілері қоңырау шалып, қайғылы жағдай туралы айтқанда есінен танып қала жаздаған.
– Он-он бес минуттық жердегі үйім қашықтап кеткен сияқты болды. Жүгіріп келем, жүгіріп келемін. Жете алар емеспін. Келсем, есік алдында жедел жәрдем көлігі тұр. Барлық көрші-қолаң жиналып қалған. Жерде жатқан қызымды көргенімде есімнен танып қалыппын. Қызым 2 ай ауруханада жатып шықты. Сосын тағы 2-3 ай үйде ем қабылдады,- деп есіне алды Қарлығаш.
Осы оқиғадан кейін Қарлығаш пен жолдасы пәтерін сатып, жер үйге көшіпті.
5 ЖЫЛДА 560 БАЛА ТЕРЕЗЕДЕН ҚҰЛАҒАН
Бұл статистиканы мәжіліс депутаттары жария етті. Олардың келтірген деректеріне көз жүгіртсек, 5 жылда елімізде 140 бала терезеден құлап мерт болған. 425-і түрлі дәрежедегі жарақаттармен ауруханаға түскен. Арасында мүгедек болып қалғандары да бар. Жыл басынан бері балалардың терезеден құлауына қатысты 30 оқиға тіркелген. 5-еуі қайғылы аяқталыпты. Осындай жан-түршігерлік оқиғалардың жиілеп кетуі мәжіліс депутаттарының да назарынан тыс қалмады. Парламенттің кезекті жиынында олардың талқыға салған мәселесі осы болды. Дәлірегі депутаттар тұрғын үйлердегі қауіпсіздік үшін жауапкершілікті құрылыс компанияларына артпақ. Қайғылы жағдайдың орын алмасы үшін терезелерге «күш салуы» керек.
– Көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын жүргізетін компаниялар терезелерге қауіпсіздік құрылғыларын орнатуы керек. Сол үшін жобалық-сметаға түзету енгізу керек. Яғни, архитектуралық нормаларға заң жүзінде өзгеріс енгізу керек,- деді мәжілісмен Шаймардан Нурумов.
Балалардың терезеден құлау фактісінің көбейгенін дәрігерлер де растап отыр. Олардың сөзінше, бұрындары балалар ағаштан құлап, не ойнап жүріп жарақат алатын. Соңғы жылдары терезеден опық жейтіндер көбейген. Әсіресе, 2017 жылы 90 бала ауруханаға түскен. Олардың арасында 2-ші және 27-ші қабаттан құлағандар бар.
ТЕРЕЗЕНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫН ӨЗГЕРТУ КЕРЕК
Төтеншеліктер терезеге темір тор қою мәселеден шығуға көмектеспейтінін айтады. Себебі, газдан улану немесе өрттен қауіп келгенде төтеншеліктерге терезе арқылы пәтерге кіру, үй иелерін құтқаруға кедергі келтіреді. Мұндайдае әрбір секунд санаулы. Ал темір торды кесу ұзақ уақыт алады. Сондықтан да төтеншеліктер қауіп жағадан алғанда темір тордың да кесірі тиетінін алға тартады.
Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын ақхалаттылар терезе құрастырушылдан терезенің құрылысын өзгертуді талап еткен. Төтеншеліктер де осы ұсынысты қолдап отыр. Айтуларынша, терезенің құрылысын балалар аша алмайтынындай ету керек.
Айта кетейік, ақхалаттылардың жанайқайын елдордадағы компаниялар естігенге ұқсайды. Олар терезелердің ашылу механизімін қиындатқан. Айтуларынша, терезенің жақтауына тұрған күннің өзінде бала терезені аша алмайды. Себебі, терезенің ашылу тұтқасы мен жақтауды ара қашықтығы 100 сантимер. Баланың бойы жетпейді.
Елордадағы тағы бір цехтарында москит торы бар терезелердің жаңа түрі шығарылып жатыр. Кәдуілгі терезеден өзгешелігі — мырыштан, құрыштан және полиэстер материалдардан жасалған. Мұндай москит торы бар терезе 150 кг салмаққа дейін төзімді. Қолмен жырту мүмкін емес. Өткір затпен жыртып ашылады.
АТА-АНА ҚЫРАҒЫ БОЛУ КЕРЕК!
Бағасы қымбат мұндай терезелер Шымкентке әлі жетпеді. Мұндай терезелерді орнатуға көптің қалтасы көтере бермесі анық. Сондықтан да төтенше жағдайлар департаменті терезелерді ашық қалдырмауға, баланы үйде жалғыз тастап кетпеуге және оларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіруге кеңес береді.
Полиция департаменті де ата-аналарға балаларына сақ болуларын ескертеді. Баланың ата-ана қарауынсыз үйде жалғыз қалып, терезеден құлап мерт болған жағдайда ата-анаға артылатын жауапкершілік жайлы, биыл орын алған қайғылы оқиғалар турасында Шымкент қалалық полиция департаментіне сұраныс хат жолданған. Департаменттің баспасөз хатшысы, мамандардың «усилениеде» жүргенін алға тартып, жауап бере алмайтындарын айтты.
Алайда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 119-бабында, баласының терезеден құлап кетуіне жол берген ата-ана «Қауіпті жағдайға қалдыру» бойынша жазаланады деп жазылыпты.
ҚР Қылмыстық Кодексi 119-бап. Қауiптi жағдайда қалдыру
1. Өмiрiне немесе денсаулығына қауiптi жағдайдағы және сәбилiгiне, қарттығына, науқастығына қарай немесе өзге де дәрменсiз күйi салдарынан өзiн-өзі сақтап қалу шараларын қолдану мүмкiндiгiнен айырылған адамды көрiнеу көмексiз қалдыру, егер кiнәлi адамның сол адамға көмек көрсету мүмкiндiгi болған немесе сол адамға қамқорлық жасауға мiндеттi болған не оны өмiрiне немесе денсаулығына қауiптi күйге өзі түсірген жағдайларда бір жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз жиырма сағатқа дейiнгі мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 45 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Көмексiз қалдырылған адамның денсаулығына абайсызда ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтіруге әкеп соққан дәл сол іс-әрекет – екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 2 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, көмексiз қалдырылған адамның абайсызда өліміне әкеп соққан іс-әрекет –3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекет – 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
МЫҚТЫ ДЕМЕУ КЕРЕК
Жоғарыда атап өткеніміздей, мұндай оқыс жағдайдың болуына ең алдымен ата-ана кінәлі. Мұндай жағдайды ешкім басына тілеп алмасы анық, бірақ «оқыс жағдай екен» деп жауапкершіліктен жалтара алмайды. Бірақ, ата-ананың өзін-өзі жазғыруы, кінәлауы, өзегін өртеген өкініші мүлдем басқа әңгіме. Мұндай жағдайда не істеуге болатыны туралы психолог маман Ләззат Нұрпейсова пікір білдірді.
– Менің қабылдауымда әртүрлі себеппен баласынан айырылып қалған ата-аналар болды. Олардың жанайқайын ешкім түсінбегендіктен, жазалағандықтан депрессияға түсетін, өз-өзіне қол жұмсауға баратын ата-аналар да болады. Кейде оларға не айтып, қалай жұбатарыңды да білмей қаласың. Іштей өз-өзін жеп, қайғыға батқаннан гөрі, арнайы маманның көмегіне жүгініп, көмек алғаны әлдеқайда дұрыс. Бірақ олардың жарасы бір-екі жылда жазылмайды. Ол үшін ұзақ жылдар керек. Реабилитациядан өту керек. Жанында оларға демеу болатын жолдасы болуы керек. Көбіне мұндай қайғымен бепте-бет келген отбасының ойраны шығады. Күйеуі өз арбасын сүйресе, әйелі өз бетімен кетеді. Олардың жағдай жақсы болмасы анық. Әр қайсысы өз-өзін кінәлап жүре береді. Ең дұрысы қайғыны жеңуде мықты тіректің болуы,-дейді ол.
Үйіңіздің терезесіне москит тор, әлде темір тор орнатылған ба? Сіз қайда жүрсіз? Немен айналысудасыз? Балаңыз қазір қайда жүр? Терезеңіз мықтап жабылған ба?
Құрметті ата-ана бала Алланың бізге берген сыйы. Ендеше, сол аманатты сақтай біліңіз! Балаңызға абай болыңыз!
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
№28, 10 шілде 2019 ж