Домбыра сыйға тартты

Бәйдібек ауданында 6 шілде – Нұр-Сұлтан қаласы күні және Ұлттық домбыра күні мерекесі аясында туылған алғашқы сәбиге домбыра сыйға тартылды.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында белгіленіп отырған «Ұлттық домбыра күні» мерекесінде туылған ең алғашқы сәбиге аудан әкімдігі тарапынан домбыра және шілде айында босанған жас аналардың иығына орамал жабылып, гүл шоқтары тарту етілді.

Шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев жас аналарды мерекемен құттықтады. Шаян ауылдық әжелер алқасының төрайымы Әтір Әлиева жас аналарға ақ жаулық жауып, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақберген Төлешов ұлттық домбыра күні мерекесі аясында туылған алғашқы сәбиге домбыраны сыйға тартып, сәбидің есімін ел бастайтын азамат болсын деп Қасым-Жомарт қойып, ақ батасын берді.

Айта кетерлік жайт шілде айының алғашқы күндерінде аудандық орталық аурухананың перзентхана бөлімінде он ана босанған. 6 қыз, 3 ұл дүние есігін ашқан.

Шара соңында аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев дүниге келген әрбір перзенттің анасының саулығын өз жауапкершілігіне алған аудандық аурухананың перзентхана ұжымының дәрігерлері мен медбикелерге және кіші буын қызметкерлеріне алғыс білдірді.