Жастар практикасымен» жұмыс табу мүмкін бе?

1047

Оқу орнын жаңа бітіріп, қолына дипломын алған жастың мамандығына сәйкес жұмысқа орналасуы қиынның қиыны. Көптеген мекеме жас маманды «тәжірибесі жоқ» деген желеумен жұмысқа алғысы келмейді. Сонымен қолында дипломы бар, бірақ жұмыс таба алмай жүрген жастарға мемлекет нендей көмек ұсынады? «Жастар практиасы» дегеніміз қандай бағдарлама?

ТӘЖІРИБЕҢ БОЛМАСА…

Журналистика мамандығына оқып, дипломын алған Аия Мүтәлі осы «Жастар практиасы» бағдарламасымен жұмысқа орналасқан. 2018 жылы Астанадағы Л.Гумелев атындағы Еуразия ұлттық университетін үздік дипломға тәмамдаған жас түлек мамандығы бойынша жұмыс таба алмайды. Сосын туған қаласы Шымкентке келіп, осындағы жергілікті телеарнада бағын сынамақ болады. Штат тапшылығы Аияның мұнда да жұмысқа орналасуына кедергі келтіреді. Бойында таланты бар, ізденімпаз жас телеарнада штаттан тыс, қаламақыға жұмыс істеуге сұранады. Мақсаты — тәжірибе жинақтап, үйрену еді. Мұны байқаған телеарна басшылығы Аияны «Жастар практикасымен» жұмысқа қабылдауға мүмкіндік барын айтады. Осылайша жас маман Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығына барып, «Жастар практикасына» қатысуға ниет білдіреді.

МҮМКІНДІКТІ ДҰРЫС ПАЙДАЛАН!

Халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім маманы Жақсылық Рыстанбектің айтуынша, «Жастар практикасы» жастар үшін зор мүмкіндік болып отыр. Әсіресе, университетті енді тәмамдаған Айя сияқты жастардың өз мүмкіндіктерін көрсетуіне, тәжірибе жинақтап, жұмысқа орналасуына жол ашады.

— Жастар практикасы — «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік» бағдарламасы аясында құрылған. Бұл бағдарламаның мақсаты халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту болып табылады,-дейді Жақсылық Рыстанбек.
Оның мәліметтерінен түйгеніміз, аталған бағдарламаның 3 бағыты бар. Жастар практикасын ұйымдастыру үшінші, яғни жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды жұмыспен қамтамасыз етуге жәрдемдесу бағыты бойынша жүзеге асырылады. Соған қатысу үшін қолында дипломы бар жас маман міндетті түрде “Халықты жұмыспен қамту орталығына” барып, жұмыс іздеуші ретінде тіркелуі керек.
Бағдарлама 6 айға созылады. Осы аралықта жас маман тәжірибе жинақтайды. Өзін жақсы қырынан көрсете алса, сол мекемеде жұмыста қалу мүмкіндігі бар.

104 ЖАС ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫС ТАПҚАН

Биыл бұл бағдарламаға 2017, 2018, 2019 жылдары жоғарғы және орта арнаулы оқу орынын тәмамдаған жастар қатыса алады.
— Жастар практикасы — жаңадан оқу орнын тамамдаған жас маманға алдымен тағылымдамадан өтіп, кейін маман болып қалыптасуына оң әсерін тигізеді. Осы мақсатта жыл басында 2500 жолдама бөлінді. Бүгінгі таңда сол жолдамамен 1834 жас жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге, әкімдікке, басқармаларға, департаменттерге, мемлекеттік ұйымдарға, кәсіпорындарға жолданып, жұмыс істеп жатыр. Солардың 104-і мерзімінен бұрын тұрақты жұмысқа орналасқан. Өткен жылы дәл осыншама жас бағдарламаға қатысып, тәжірибе жинақтаған,-дейді Жақсылық Арыстанбекұлы.

Соның бірі — Салтанат. 2017 жылы университетті заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған ол «Жастар практикасымен» — облыстық сотқа жолдама алады. Судьяның көмекшісі болып тәжірибе жинақтайды. Айтуынша, жүктілігі бойынша декреттік демалысқа шықпағанда — қазір тұрақты жұмыспен қамтылар еді. Дегенмен жас ана мойымайды. Оның жұмысына дән риза болған судья, Салтанатты кез-келген уақытта жұмысқа қабылдауға дайын екенін айтыпты.
Айтпақшы, биыл «Жастар жылын» қолдау мақсатында соттар әкімшілігі мен жастар басқармасы арасында меморандум түзіліпті. Нәтижесінде, соттар әкімшілігіне 100 маман «жастар практикасымен» жұмысқа орналастырылған.

ЖАЛАҚЫНЫ МЕМЛЕКЕТ ТӨЛЕЙДІ

Жастарға өз-өзін көрсетуге мүмкіндік берген жақсы, әрине. Бірақ, сонымен қатар оларға мотивация да керек Жас мамандарды айтпағанда, тәжірибелі, тісқаққан қызметкерлердің өзі жоғары жалақы алса, жұмысты құлшыныспен істейді. Ал қолына дипломын енді ғана алған, жас үшін мақтау-мадақтаудың өзі жеткілікті. Әйткенмен, сол жұмысы қаржылай бағаланса еңсесі көтеріліп, қуанып қалтыны жасырын емес.
«Жастар практикасы» арқылы уақытша болса да, жұмысқа орналасқандарға 63125 теңге көлемінде жалақы қарастырылған. Бұл қаржы — 6 ай бойы мемлекеттің қазынасынан төленеді. Бағдарлама арқылы уақытша жұмысқа орналасқан маман «ҚР Еңбек Кодексімен» қорғалған. Соған сәйкес, оның мекемедегі құқығы басқа да қызметкерлермен тең. Ооның жалақысынан барлық аударымдар шегеріледі екен.

ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛДЫРМАЙМЫЗ!

Жақсылық Арыстанбекұлының сөзінше, бағдарламаға қатысушылардың дені – заңгер, қаржыгер, медбикелер. Орталыққа жұмыс іздеп келетін жастардың көбі – осылар. Ал жұмыс берушілерге техникалық мамандар керек. Дегенмен, маман “жұмыс іздеп келгендерді, әсіресе жастарды жұмыссыз қалдырмаймыз” деп отыр.
Айтуынша, егер жұмыссыз деп тіркелген жас маманға мамандығы бойынша жұмыс табылмаса, ол әлеуметтік жұмысқа немесе қоғамдық жұмыстарға орналаса алады.
Әлеуметтік жұмыс – маман тапшы, жалақы төлеуге қауқары жетінкіремейтін кез-келген шағын немесе орта кәсіп иесі ұсынатын жұмыс орны. Жұмыспен қамтудың бұл түрі тұрақты жұмысқа жатпайды. Жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы келісімшарт тек 12 айға, яғни 1 жылға жасалады. Осы аралықта жұмысшыға төленетін жалақының 35 пайызы мемлекет қазынасынан, қалған пайызы кәсіпорынның кассасынан төленеді.
Қоғамдық жұмыс – жұмыспен қамтудың бұл түрі де тұрақты жұмыс болып табылмайды. Бұл — мемлекеттік мекемелердің ұсынысы бойынша құрылған штаттан тыс, уақытша жұмыс орындары. Жұмысқа тартылатындар тек көмекшінің қызметін атқарады. Сондықтан да мұнда мамандыққа мән берілмейді. Жұмыс мерзімі келісімшартқа тұрған кезден, жыл соңына дейін белгіленеді. Жалақысы 100 пайыз мемлекеттік бюджеттен төленеді. Соммасы — 51 мың теңгені құрайды. Әлеуметтік аударымдарды шегеріп тастағанда «еріктінің» қолына — 45 860 теңге түседі.
Жастар практикасының негізгі мақсаты — еңбек өтілі жоқ жастарға өз мамандығы бойынша тәжірибе жинақтауға көмектесу. Егер жоғарыда ұсынылған екі бағыт: қоғамдық не әлеуметтік жұмыс орындарына тартылған болса, бірақ өз мамандығы бойынша жұмыс табылса, онда келісімшарт тоқтатылып, жас маман өзінің мамандығы бойынша жұмысқа жолданады.

БІЛГЕН ЖӨН!

Замандас! Диплом алып, бірақ мамандығың бойынша жұмысқа орналаса алмай жүрсің бе? Онда «Жастар практикасы» бағдарламасына қатыс!
Бұл үшін жұмыспен қамту орталығына барасың. Өзіңмен бірге
— Жеке куәліктің көшірмесі;
-Диплом және қосымшасы нотариалды кәуландырылған;
— 20 санды есеп шот (Фортебанк) көшірмесі керек.

Қапы қалма! Бұл тәжірибесі жоқ, жас мамандарға беріліп отырған үлкен мүмкіндік. Ендеше, соны пайдалан!

«Оңтүстік Рабат», №29, 17 шілде 2019 ж

Айжан Ермекқызы