Жазда неден сақтанамыз?

310

Улану. Іш ауруы. Жарақат. Улы жәндіктердің шабуылы. Жаз маусымы күшіне енгенде осындай диагноздармен ауруханаға түсетіндер көбейеді. Олардың басым көпшілігін балалардың құрайтыны да белгілі. Бір қарағанда аты жаман кесел емес. Дегенмен бұлардың да салдары ауыр. Тіпті, өліп кету қауіпі де басым.

УЛЫ ЖӘНДІКТЕР «ШЕРУІ»
Күн ысыды дегенше зейінді екі есе арттырып, өте мұқият болу керек. Себебі, жаздың аптап ыстығанда пәле астынан шыға келуі әбден мүмкін. Ауыспалы емес, тура мағынасында. Мәселен, күні кеше тай құлындай ойнақтап жүрген 15 жастағы Бақдаулетті аяқастынан аурухана төсегіне таңылады деп кім ойлапты? Өрісте мал жайып, ойнап жүрген Бақдәулетті жылан шағып алған.
– Қырда сиыр айдап жүрген едім. Сол кезде шөп басып кеттім. Аяғым ашып кетті. Қарасам, жылан өтіп бара жатыр. Өкшемді шағып алыпты. Содан дене қызуым көтеріліп, өзімді нашар сезіндім. Басып айналып, көзім қарауытып кетті,- дейді Бақдаулет.
Жаз күшіне енгелі Шымкенттегі Т. Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығының токсикология бөліміне Бақдаулет сияқты бауырмен жорғалаушылардан зардап шеккен 9 адам түсіпті. Бөлім меңгерушісі Асылхан Мыңболсыновтың айтуынша, бір ғана маусым айының өзінде 3 адамды жылан шақса, 6 адам қарақұрттан зардап шеккен. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда аз, әрине. Мысалы, 2018 жылдың бір ғана шілде айында улы жәндік шаққан 25 адам дәрігердің көмегіне жүгініпті. Олардың көбісін қарақұрт шаққан. Ақхалаттылар улы жәндіктердің құрығына көбіне ойын баласы ілінетінін айтады. Сондай-ақ, табиғат аясына серуенге шыққанда да абай болу керек екенін ескертеді.
– Улы жәндіктер көбіне табиғат аясында шабуыл жасайды. Тау-тасқа серуенге шыққан кезде қайғылы оқиғаға тап болмас үшін жабық киіну керек. Әсіресе аяқ киімнің жабық болуын басты назарда ұстау қажет. Ал улы жәндік не жылан шағып алған жағдайда өз-өзіңізді емдеумен айналыспаңыз. Шағып алған орынды қолмен сығудың, ауызбен сорып алып тастауға ұмтылуың мүлде қажеті жоқ. Кейбіреулер пышақты отқа ысытып сол жерге басып жатады. Бұл да қате. Ең дұрысы, жедел жәрдемге тез хабарласу керек. Ол келгенше адамды көлденең жатқызып, тыныштықта қалдыру қажет. Өйткені қозғалыс удың бүкіл денеге таралуын тездетеді. — дейді Асылхан Мыңбосынов.

Айтпақшы,ауруханаға таңыдғандардың көбісі өз үйінде улы жәндіктің шабуылына ұшырағандар. Мұны құтқарушылар да растап отыр. Айтуларынша, соңғы кезде жыландардың үйге кіру оқиғасы жиілеген. Қарақұрттардың да жер үйлердің ішінен шығу фактілері тіркеліпті.
– Үйден, қора-жайдан жылан шыққанда азаматтар бірден құтқарушыларға хабарласады. Маусым басталғалы мұндай шақыртулар еселене түсті. Былтыр осы кездерде жыланның үйге кіру оқиғасы аз болған. Биыл 1 маусымынан бастап 26 шақыру түсті, — дейді шымкент қаласы бойынша ТЖД басшысының орынбасары Рауан Дуйсенбеков.
Құтқарушылар улы жәндіктердің осынша белсенді күйге көшуі адамдар үшін қауіпті дейді. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені, аптап ыстықта сәкі мен сыз жерге жата салатындар көп. Немесе үйінің есігін ашып ұйықтайтындар бар. Ал қарақұрттың не жыланың болсын уы түнгі уақытта күшейеді. У денеге қас-қағым сәтте таралып, адам қатты ауырсына бастайды. Бұдан кейін денесі тырысып, аяқ-қолдары істемей қалады. Егер дер кезінде ем-домдық шара қолданылмаса адам мүгедек болып қалуы кей жағдайда өліп кетуі де мүмкін.
Шөл және шөлейт жерлерді мекен ететін улы жәндіктер Шымкенттің ауа-райын жатырқамайды. Әсіресе, құрылыс жүріп жатқан қаланың сырт жақ аудандарында жыландар мен қарақұрттар жиі кездеседі. Құтқарушылар қала тұрғындарына үйлерінен жылан шықса, бірден 112 қызметіне диспетчерлерге хабарласу керек екенін ескертеді. Өз бетінше жәндікті ұстамауға кеңес береді.

КЕНЕДЕН ДЕ ҚАУІП БАР…
Шымкент қаласының қоғамдық денсаулық сақтау департаменті, карантиндік және аса қауіпті инфекцияларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Бибігүл Мусаеваның айтуынша, жаз маусымында көбіне кенеден қауіп бар.
– Биылғы жылдың өзінде кене шағу бойынша 270 оқиға тіркелді. Жапа шеккендердің біраз бөлігі табиғатта демалғандар. Арасында қора-қопсысын тазалап жүріп, малын қырқып жатқанда шағылғандар да бар. Қуанышымызға орай, олардың ешқайсысынан Қырым Қанды безгегі анықталмады,- дейді маман.
– Конго — Қырым геморрагиялық қызбасы — табиғи ошақтары бар, вирустар арқылы берілетін, дүние жүзінде кең тараған аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. КҚГҚ ауруы вирусының айналымы үшін табиғи тіршілігінде кенелердің өсіп-өнуіне жағымды жағдайлар қалыптасқан аумақтарда тіркеледі.
Сондықтан да, кене шақпасын десеңіз:
– Ашық түсті жақсы қорғалған резеңкелі манжетті жеңі ұзын көйлек кию қажет.
– Денеге кененің жабысқанын тексеру үшін өзіңіз және өзіңізге байқалмайтын орындарды (мойын, бастың шаш бөлігі, дененің артқы жағы т.б.) бір-біріңіздің үстеріңізді мұқият қарап отыру қажет;
– Дененің ашық жерлеріне және киімге кенелердің шабуылынан қорғайтын немесе оны өлтіретін арнайы сақтану құралдарын қолдану қажет.

Ескерту: Кене шаққан жағдайда, тез арада медициналық жәрдемге жүгіну қажет, мед.қызметкерлер кенені пинцетпен немесе жіппен байлап жайлап ырғап-ырғап шығарады. Кенені езіп өлтіруге болмайды. Медициналық көмекке жүгіннен кейін 14 күн медициналық бақылауда болуыңыз қажет.

КӨЗ АЛДЫМДА ҚАУЫН-ҚАРБЫЗ
Қарбыз-қауын қылтиып шықса болды маусымдық өнімдердің бұл түріне аңсарымыздың ауатыны жасырын емес. Алайда бұл өнімдер қаншалықты сапалы һәм қауіпсіз? Олардың құрамындағы нитрат мөлшері талапқа сай ма? Қауын-қарбыз саудасының маусымы басталғалы бері улану фактілері тіркелді ме? Осы сұрақтарға рет-ретімен жауап беріп көрелік.

Маусым айы басталғаны сол еді, қала базарларында қауын-қарбыз көптеп сатыла бастады. Ерте піскен әуес асты жергілікті халық та жапатармағай сатып алып жатыр. Сатушылар ерте піскен бақша өнімдері Жетісайдан жеткізіледі дейді. Дихандар болса тауарларын Ресейге және еліміздің Солтүстік өңірлеріне тасымалдап жатқандарын айтады. Алайда өнімдерді зертханалық тексерулерден өткізген мамандар ондағы нитраттың шамадан тыс екенін айтып отыр. Себебі ең жылдам піседі деген сорттардың өзі шілде айының соңына қарай бабына келеді. Ал сапалы әрі қауіпсіз қарбыз тамыз айының соңына қарай жеткізіле бастайды. Өйткені бұл уақытта бақша дақылдары табиғи түрде пісіп, жетіледі.
– Қауынның да, қарбыздың да нитраты нормадан аздап ауытқыған. Талапқа сәйкес қарбыздың құрамындағы нитрат көлемі әр килограммына шаққанда 60 миллиграмнан аспауы керек. Бұл жерде сәл көптеу. Бірақ, адам ағзасына айтарлықтай қауіпті емес. Дегенмен шамадан көп жемеген дұрыс. Сондай-ақ қарбызды қабығына дейін жемеу керек. Себебі, нитраттардың көп мөлшері қабығына жақын және түбіріне қарай жиналады,- дейді зертхана меңгерушісі Ұлтай Мамытқызы.
Маманның бұл сөзін Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігері Сәрсен Шалабаев та қоштап отыр. Дәрігердің айтуынша, осы уақытқа дейін ауруханаға қауын-қарбыз жеп уланып түскен ешкім жоқ.
– Бүгінгі күнге дейін қауын-қарбыз жеп, іші ауырып шағымданып келген науқас жоқ. Қазір қауын-қарбыздың пісетін уақыты емес. Барлығы «дәріленген» өнімдер. Сондықтан да шамадан тыс жемеген абзал. Әсіресе балалардың жемегені дұрыс. Емізулі аналарға да жеуге кеңес бермейміз. Себебі, нитраттар сүт арқылы, баланың ішін ауыртады,- дейді Сәрсен Қалаханұлы.
Сондай-ақ, инфекционист дәрігер жемістерді әсіресе алма, өрікті тұтынуда абай болу керек екенін ескертеді.
– Қандайда бір жеміс-жидек немесе бақша өнімі болмасын жақсылап жуу керек. Олардан кейін су ішуге болмайды,- дейді ол.
Сонымен қатар, айран-сүт, қымыз-қымыран және спирттік ішімдіктерден кейін көкөніс жеуге болмайтынын айтады. Жаз мезгілінде баялдыдан (баклажан) жасалған тағамдарды да абайлап жеген абзал. Себебі, көкөністің бұл түрі ашып кетуге бейім.

«ЖАДЫҢЫЗДА ЖҮРСІН»
Ауруыңыз астан болмасын десеңіз төмендегі ережелерді мықтап естен шығармаған жөн. Ол:
– көкөніс, жеміс-жидек тағамдарын алдын ала тазалап жуу;
– тез бұзылатын тағамдар (сүтті, ірімшік, пісірілген шұжық, аспаздық салмасы бар тағамдар) тоңазытқышта сақтау, сатып алар алдында сақтау мерзіміне қарау;
– тағамдарды дайындау кезінде мұқият болу;
– ешқашан белгіленбеген сауда орындарынан шикі жылу өңдеуге жататын өнімдерді сатып алмау;
– сатып алу кезінде, үйге жеткізу және де шикі және дайын тағамдарды дайындау кезінде бөлек ыдысты пайдалану қажет.
– Бактериялар 4,4-тен 60 градус Цельсий температурасында тез көбейеді. Тағамды осы температура аралығында сақтау ұсынылмайды. Ең дұрысы — азық-түлікті тоңазытқышта сақтаңыз. Және тағамды 60 градустан кем емес Цельсий температурасында дайындаңыз және ысытыңыз.
Сақтанғанды құдай сақтайды дегенді ұмытпаңыз. Денсаулығыңызға немқұрайлы қарамай аман-есен жүргейсіз!

Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №26, 26 маусым 2019 ж