Шымкентте 19 мектеп үш ауысымда білім береді. Жылдан-жылға бала саны артып отырған шаһарда білім беру ғимараттары жетіспейді. Бұл туралы бүгін «Білім және ғылым» тамыз конференциясында айтылды. Жергілікті билік өкілдері мен педагогтар қауымы кезекті оқу жылындағы жаңалықтар мен шешімін күткен мәселелерді ортаға салды.

Алдымен сала басшылары қала әкімі Ерлан Айтахановқа жетістіктерін көрсетіп, мақтанды. Қолданыстағы инновациялар мен додаларда топты жарған оқушылардың тың жобалары таныстырылды.

Білім саласын мемлекеттік қолдау шараларын екшеп берген шаһар басшысы Үкімет қойып отырған ұстаздар жалақысын 30 пайыздан 50 пайызға өсіру мәселелерінің шешілу барысын жеткізді. «Биылдан бастап жүзеге аса бастайтын мектептерді жан басына қарай қаржыландырудың да өз артықшылықтары бар» деді Е.Айтаханов мырза.

Ерлан Айтаханов, Шымкент қаласының әкімі: «Бұл бәсекелестікті арттырады, жеке меншік мектептер мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысады».

Жаңа оқу жылы қарсаңында ұйымдастырылып отырған дәстүрлі конференцияда қаладағы білім беру жүйесінің «жоғы» түгенделіп, «барын» жетілдіруге жоспарлар құрылды. Салаға жауаптыларының сөзіне сенсек, жыл сайын қалада оқушы саны орташа есеппен 12 мыңға артып отырады екен. Осыны ескерген билік өкілдері мектеп құрылысына да қарқын беріп отыр. Биыл қыркүйекте Шымкентте жаңадан 4 мектеп пайдалануға беріледі. Дегенмен, түйіткілді білім ошақтарының түйіні мұнымен де ағытылмақ емес.

Айгүл Текебава, Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Жыл соңына дейін 9 үш ауысымды мектептің мәселесі шешіледі. Бұл 48 пайызды құрайды».

Білім саласының құрметті қызметкері, қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы бүгінгі конференцияға да республикалық тамыз мәжілісіне де қатысып келген. Түйгені — «сөз жүзінде бәрі жақсы, іске келгенде нақтылық жоқ». Басқасын айтапағанда, мұғалімдерді міндетіне кірмейтін шараларға жегу мәселесі мен әліппені қайтарудың әзірге ешқандай заңды тетігі жасақталмаған.

Өмір Шыныбекұлы, ҚР Білім саласының құрметті қызметкері: «Мектептер тікелей министрлікке бағынбай ешқандай шаруа бітпейді».

Соған қарамастан салаға жауаптылар жаңа оқу жылына сақадай саймыз деп отыр. Биыл салаға бөлінген қаржы да қомақты екен. Осы мақсатқа 77 млрд. теңгеден астам қаражат қаралған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 26 пайызға артық.

Мақпал Рысбаева