«Қыздардың бәрі ақылсыз», «Оларға тек ақша ғана керек», «Қыздар отбасының қадіріне жетпейді», «Енді ешқашан үйленбеймін». Бұл редакциямызға хабарласқан оқырманның баласы айтатын сөздер екен. «Бірдің кесірі мыңға тиді» деп жанайқайын жеткізген ана ұлының сенімін қайтару үшін не істейтінін білмей дал. Ол газетіміздің «Тағдыр» айдарына баласының басынан кешкен оқиғасын баяндады.

Жасым 54-те. Екі ұл, үш қыздың анасымын. Бар байлығым – балаларым. Солардың оқып, білімді болып өсуі үшін әкесі екеуміз барымызды салдық.12 жыл бұрын жолдасым қайтыс болды. Содан кейін ауыртпалықтың барлығы менің мойнымда. Базарда көкөніс сатып, сауда жасаймын. Адамдар «саудагерлердің ақшасы көп» деп ойлайды. Шын мәнісінде, олай емес. Бір орынды жалдап, таң атқаннан кеш батқанға дейін өткен-кеткенге көкеністеріңді өткізу де бір азап. Бірақ осы еңбектің жемісімен бала-шағамды оқыттым. Кейін колледжге түсірдім. Екі қызымды тұрмысқа бердім. Осындай жағдайлардың барлығында үлкен ұлым жанымда болды. Базарда да маған көмектесіп, үнемі жанымнан табылды. Сондай ақылды, жанашыр болып өсті. «Бауырларына қамқор ұлым бір күні бір шүйкебастың кесірінен өмірден опық жейді» деп кім ойлаған?!
Екі әпкесін тұрмысқа бердік. Бір-екі жылдан кейін ұлым да үйленгісі келетінін айтты. Біз әрине, бұған қатты қуандық. Десе де «қыз қай жақтан, ата-анасымен танысайын, тәттішай ішейік, екі жақ бір-бірімізді білейік» деп ұлыма айттым. Ол келісімін берді. Барып, қызға айтқан екен, ол күйеуге кеткелі жүргенін ата-анасы білмейтінін, өзіне басқа бір адамдардың құда түсіп жүргенін және ата-анасы соларға бергісі келетінін, егер ата-анасымен мен кездеспек болсам, олардың оны бермей қоюы мүмкін екенін айтыпты. Мұны естіген балам маған тәттішай ішуге мүмкіндік жоғын, жақын арада алып қашып келетінін айтты. Мен «ата-анасымен өзім сөйлесейін» десем де балам рұқсат етпеді. Осы кезден бастап менің ішім бір жағдайды сезді. Неге екенін білмеймін, әйтеуір іштей алаңдап тұратын болдым. Балама қаупімді естіртсем, ол қыздың өте жақсы, ақылды, өзін қатты жақсы көретінін және өзі де сол қызды ғана сүйетінін айтты. Онымен бақытты болатынына сенімді еді. «Балаң жаман қыз таңдамайды, маған сен» деп мені тыныштандыратын.
Мен оған сенем ғой. Балама қатты сенем. «Бірақ оның адамдарға сенгіштігін, таза ниетін басқалар жаман ниеттеріне қолданып кетпесе екен» деп үнемі алаңдайтынмын. Осы қорқынышым басыма келді. Бір күні балам хабарласып, қызды алып келе жатқанын айтты. Абдырап қалдық. Екі әпкесін шақырдым. Дайындығымызды жасадық. Келін түсті. Улап-шулап, ақ босағамыздан ішке кіргіздік. Бір күман тудырғаны, көпке дейін артынан қуғыншы келмеді. Келгенімен де «қызды алып кетеміз» демеді. «Осы жерде бақытты болсын»
деп құтылғандарына қуанғандай боп кетті. Менің көңілім бұл жағдайға да алаңдап қалды.
Әйткенмен, балам бақытты. Оның қуанышқа толы жүзі мені бар уайымнан арылтты. Ендігі кезекте балаларымның бақытты болуын ғана тіледім. Осылайша, беташарымызды да өткізіп алдық. Алдағы жарты жылдың көлемінде той жасауды да жоспарлап қойдық. Ұлым алып-ұшып жүр. Қалауындағыдай той жасағысы келді. Әдеттегіден көп жұмыс істеп, көп ақша табуға тырысты. Сондағы бар ойы – әйелін бақытты қылу. Шынымды айтайын, келін боп түскен қыз маған келгеннен-ақ ұнамады. Ана жүрегім баламды ренжітетінін сезген болу керек.
Ол қыз келін болып түскеннен кейін бір ай өтпей-ақ жасайтынын жасады. Жай кетпеді, баламның бүкіл қыз атаулыға сенімін өзімен ала кетті.
Бір күні балам әдеттегідей жұмыстарымен базарға кетті. Адал еңбегінің саудасынан түсетін пайда да шамалы көбейген-ді. Күн көруімізге жететін. Мен түстен кейін анау қызды таппай қалдым. Үйде жоқ. Қайда, қалай кеткенін білмеймін. Балама хабарласып сұрасам, оған да бір жаққа баратыны жайлы ештеңе айтпаған. Кеш батқанша еш хабар жоқ. Телефоны өшірулі. Жан-жаққа хабар салып іздедік. Еш хабар жоқ. Алаңдай бастадық. Ұлым қатты уайымдады. Түн болды. Осы кезде мен ата-анасына хабарласып, қыздарын таппай жатқанымызды, оның бізге еш хабар айтпай, үн-түнсіз жоқ боп кеткенін айттым. Олардың сөзінше, қыздары ол үйге де бармапты.
Біраздан баламның телефонына хат келіпті. Анау ақымақ келін енді өзін іздемеу керегін, Алматыға кеткенін жазыпты. Міне, содан баламның тауы шағылды.
Үйіміздің тірегі болған ұлымның басына келген жағдай бізді де бей-жай қалдырмады. Бізге де ауыр тиді.
Сондағы ол қыздың бар мақсаты – балама өзі қалаған телефонды алдыртып, баламның ақшасын алып кету болыпты.
Кейін білдім. Балам оған кредитке қымбат телефон алып беріпті. Содан кейін бірнеше күн өткен соң, «анам қатты ауырып қалыпты, 500 мың теңге кредит шығарып бере тұр, саған 3 күнде қайтарады» деп несие де алдыртыпты.
Сол ақша қолына қалай тиген, солай жоқ болған. Ол қыздың мақсаты – әуел баста жоспарланған екен. «Егер құда түссең, ата-анам бермей қояды» дегені, өзін күшпен алып қашқызғаны, барлығының астарында баламды алдау жайлы үлкен жоспары болған. Құдайдан қорықпайтын неткен қыз екенін кім білсін?! Басымызға түскен жағдайдан кейін барып ол қыздың басқа да сұмдықтарын білдік. Ол қыз алдында да бір жігітке «Сені сүйем, саған тиемін» деп тура осылай кредит алдыртып, сосын жоқ болған екен. Келінге айналып, адам алдауды бизнеске айналдырған «бәле» болса керек-ті. Мұның барлығын болар іс болғаннан кейін естідік.
Осы жағдайдан кейін ұлым қыз атаулыға сенуден қалды. Ол үшін қыздардың бәрі де ақымақ, бәрі де алдамшы. Содан кейін қанша әдемі, ақылды қыздармен таныстырсам да, «Бірдің кесірі мыңға» деп, оның қыздарға деген сенімін қайтара алмадым. Сол оқиғадан бері 1,5 жыл өтті. Баламның қыз атаулыға сенімі өшкеніне де осыншама жыл. Ол ешкімге үйленбейтінін айтады.
Алаяқ қызды сотқа да бермекші болдық, бірақ ұлымның абыройын ойладым. Көпшілікке «екеуі келіспей ажырасты» деп айттық. «Пәленшенің ұлы түгеншенің қызына алданып қалыпты» деген сөз ерткім келмеді. Мұның бәрі балам үшін еді. Ол мұндай сөзге төзе алмайды. Онсыз да басынан кешкен осы жағдайдан кейін оны зорға қалпына келтірдік. Өзін жұмысқа арнады.
Адамдармен көп сөйлеспейді. Тек жұмысымен алданады. Көбірек қыдыратынды шығарды. Анау алаяққа алып берген кредитті ұлым әлі төлеп отыр.
Қыздың әке-шешесі тек телефонның қарызын өтеп, қалғанын өтеуге ақшасы жоғын айтты. Тұрмыстары нашар болғандықтан да «бар жаманшылық сол қызбен бірге кетсін», оларды да мазаламадым. Маған қажеті – баламды сол бір кезеңнен аман-есен алып шығу еді. Алып шықтым ғой. Бірақ отбасын құратын жасы әлдеқайда өтіп кетсе де үйленгісі келмейді. Енді психологтың кеңесіне жүгінуде ойлап жүрміз.
Бұл хатты жазудағы мақсатым – ата-аналар баласын үйлендіретін болса, алдымен екі жақтың да разылығы болуын білсе екен. Алдын-ала кездесіп, тәттішай ішіп, екі жақ бір-бірімен етене танысқаны артық етпейді. Осыны есте ұстаңыздар.
Қазір күйеуге тиіп, күйеуін алдап, ақша алдыртып, несиеге белшесінен батырып кететіндер көбейді. Мұндай қулық-сұмдықты құдды бір мамандығына айналдырып алған сияқты.
Көрші ауылда да тағы бір қыздың сондағы әулеттің жалғыз баласын осылай тақырға отырғызып кеткенін естідік. Сондықтан абайлаңыздар. Мұндай қыздар, әсіресе, ауылдың аңғал балаларына жақын келеді. Құрбандарын таңдай біледі. Қандай жағдай болмасын бала да үйленер алдын әке-шешесімен ақылдасып болашақ келіндерінің қандай жерден шыққаны жайлы ақпарат беріп, таныстырып алғаны артық етпейді. Бұл – отбасының тыныштығы үшін маңызды. Біреудің өмірін ойыншыққа айналдыратын мұндай алаяқтардан сақ болайық.
Бір отбасы болып жұмылып, баламыздың сенімін қайтару үшін барымызды салып келеміз. Менің ұлыма да ниетіне сай өзі сияқты адал жар жолығатынына сенемін.
Сіздер де тілекші болыңыздар.

Жазып алған – Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат», №30, 24 шілде 2019 ж