68792. Бұл Шымкент қаласы бойынша атаулы әлеуметтік көмектен ниеті бар отбасы саны. Олардың 48 995-іне көмектің шартты түрі, 19797-не шартсыз түрі тағайындалған. Бүгінгі таңда солардың 45 129-ы атаулы әлеуметтік көмекті қолына алған. Қалғандарына қаржыны аудару жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Мамандар тағайындалған қаржыны аудуаруға кіріскен. Алайда, үлгірмей жатқан көрінеді. Осы тұста халық арасында атаулы әлеуметтік көмектің кешеуілдеуі жайында түрлі қаңқу сөздер желдей есіп жүр. Әрине, мұның барлығы да көп балалы және әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардың арасында дүрбелең туғызатыны сөзсіз. Әсіресе, көмектің шартты түрін бірінші леппен алып, ол үшін есеп бермегендерден маза қашып отыр…

ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК ҮШІН ЕСЕП БЕРДІҢ БЕ?

Әлеуметтік желелерде дәл осы сауалда түрлі карикатуралар мен суреттер жариялануда. Бірінде – сиырмен селфи, екіншісінде – қаланың қақ ортасында алты баласымен қаз бағып жүрген әйел бейнеленген. Тағысы тағы бар. Осыдан халық арасында: «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Тұңғыш Президент Н. Ә. Назарбаевтың әр балаға берілетін жәрдемақы көлемін 21 мың теңгеге көбейтуді тапсырамын дегені қайда? Неге бұл қаржыны балаға емес, малға жұмсауымыз керек?» деген наразылықтар туындауда. Тіпті, күні кеше Шымкенттік көп балалы аналар алған қаржысы үшін есеп бермейміз деп қалалық әкімдік алдында шу шығарды. Сөздерінше, әр балаға 21 мың теңге жәрдемақы берген мемлекет, енді мал-мүлікті сұратып жатыр. Пәтерден-пәтерге көшіп, 4-5 баланы бағып, жұмыс істеп жүрген аналар енді «қаланың қақ ортасында мал бағып, тауық-қаз асырауымыз жетпей тұр еді» деп ашынады.
Естеріңізге сала кетейік, атаулы әлеуметтік көмек шартты және шартсыз болып бөлінеді. Бұл бұрыңғы күші жойылған «Өрлеу» бағдарламасының жалғасы іспетті. Атауы мен қаржы соммасы өзгергенімен талабы сол баяғы өрлеудікі.

Яғни:
Шартсыз ақшалай көмек – құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыға (мәселен, қарт зейнеткерлер мен мүгедектер отбасы) немесе еңбекке жарамды мүшелері еңбекпен қамту шараларына объективті себептермен қатыса алмайтын отбасыға (7 жасқа дейінгі бала күтімімен отырған және жалғызбасты ана) беріледі. Мұндай отбасыдан жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысу талап етілмейді.
Шартты ақшалай көмекті алу үшін – 7 жасқа дейінгі баласы бар толық отбасының кем дегенде бір мүшесі міндетті түрде жұмыспен қамтылуы керек. Баласы 7 жастан асқан толық отбасының екі мүшесі де (ата-анасы) жұмыс істеуі шарт. Бұл қағида толық емес отбасыға да қатысты. Жалғызілікті ананың баласы 7 жастан асқан жағдайда оған еңбек ету міндеттеледі. Баласы 7 жасқа толмай жұмыс істейтін ата-аналарға да шартты атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Бұл өкіметтің оларға көрсетіп отырған көмегі болып табылады.

«ЕСЕП БЕРУГЕ МІНДЕТТЕЙ АЛМАЙМЫЗ!»

Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығы басшысының орынбасары Айгүл Жанбосынова осылай дейді. Оның айтуынша, мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмектi тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы заңның (2019 жылдың 5 мамырындаға №320 бұйырық негізі) 2 параграфы (Шартты ақшалай көмек тағайындау тәртібі) 23-тармағында бұл ақшаны неге жұмсау керектігі жазылыпты.
–Атап айтар болсам, біржолғы төлем әлеуметтік келісімшарт бойын-ша міндеттемелерді орындаумен байланысты іс-шараларға, жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға (үй малын, құстарды және басқаларды сатып алуға), дара кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыруға (бұрын алған қарыздарды өтеуді, тұрғын үй сатып алуды қоспағанда) ғана қолданылады. Яғни, АӘК-нің шартты түрін алған отбасы тігін машинасын, нан пісіретін пешті, сусын не балмұздақ аппаратын, балмұздақ сақтайтын тоңазытқышты сатып алып, үйінен кішігірім кәсібін бастауы керек. Немесе сиыр, тауық-қаз сатып күн көрісін жақсарта алады. Егер төрт түлікті үйінде ұстай алмаса, туыстарының үйінде бағуға болады. Осылайша, мал-құстың сүтін, етін, жұмыртқасын кәдеге жаратады. Себебі бұл қаражат отбасының материалдық жағдайын жақсартуға бағытталған,-дейді Айгүл Мақұлбекқызы.

БАРЛЫҚ ҚАРАЖАТТЫ БІРДЕН АЛУҒА БОЛАДЫ

Әрине, бұл қаржының кәсіпті дөңгелетіп кетуге жеткіліксіз екені айтпаса да белгілі. Сондықтан да, егер кішігірім бизнес-жоспарыңыз болса, басқарма басшысының атына өтініш жазып 1 жылға тағайындалған АӘК бірден алуға болады екен. Бұл шамамен 1 миллионнан астам қаражат. Маман АӘК алушылардың қатарында ондай отбасыларды да бар екенін айтты. Олардың бір парасы – үш-төрт әйелдің басын қосып тігін цехын ашса, енді бірі – кондитерлік өнімдерді пісірумен айналысып жатыр.
Басшы бұл қаржының тұрмысы төмен отбасыларға балаға емес, тұрмысын түзетуге беріліп отырғанын баса айтады. Демек, шартты ақшалай көмек баланың киім-кешегіне, оқу-құралына жұмсауға қарастырылмаған.
Осы тұста маман заңда қаржының не мақсатқа жұмсалуы керектігі жазылғанымен, оған есеп беру, есеп беруден жалтарғандар мен ақшаны негізсіз жұмсағандарды жауапкершілікке тарту жайлы көрсетілмегендігін айтады. Онда тек «зерделеу жұмыстары жүргізіледі» деп көрсетіліпті. Айгүл Мақұлбекқызы осы тұста дәрменсіз екендерін тілге тиек етті. Сондықтан да, сатып алынған затқа чек не басқа құжаттарды талап ете алмайды. Тек зерделеу жұмыстарының нәтижесінде фотосуретпен шектелеміз дейді.
Бүгінгі таңда атаулы әлеуметтік көмектің шартты түрін алғашқы тоқсанда алған 130 отбасыға зерделеу жұмыстары жүргізілген.

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛУЫ КЕРЕК

– Қазіргі басты жұмыс қалған 23 663 отбасыға тағайындалған жәрдемақыны төлеу болып тұр. Бар күшімізді соған жұмылдырудамыз. Бірінші «потоктағылардың» (сәуір, мамыр, маусым) көбісі өз қаржыларын алды. Арасында қалып кеткендер де бар. Яғни, құжаттары түгел болмай соны реттегендердің қаражатын беруге тырысып жатырмыз. Одан бөлек, құжатты тапсырғанда жұмыссыз деп тіркелген азаматтарды жұмыспен қамтуға тырысудамыз. Яғни, оқуға баратындарды оқытып, жұмыспен қамтитындарды қоғамдық, әлеуметтік жұмыстарға тартудамыз,- дейді басшы орынбасары Айгүл Жанбосынова.
Маман құжат тапсыру кезінде заңсыздыққа жол беріп, жалған құжат тапсырғандармен де жұмыс жүргізіліп жатқанын айтады. Шымкент қаласы бойынша атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыру кезінде заңсыздыққа жол берілген 200 факті тіркеліпті. Көбісінде – есепшімен уағдаласып жалақысынан жалтарған, яғни төмендетіп көрсеткен. Айгүл Жанбосынованың айтуынша, осы отбасылардан қаражатты кері қайтару шаралары жүруде. Өз еркімен 15 отбасы ақшаны бюджетке кері қайтарыпты. Ал өз еркімен қайтармағандардың ісі сотқа жіберіледі.

АРТЫҢНАН СТУДЕНТ ТІРКЕ!

Жо-жоқ, бұл желілік маркетингтің жарнамасы емес. Шынында бұл халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған «Өрлеу» бағдарламасында көрсетілген ереже еді. Жұмыспен қамту орталығындағылар солай дейді. Айгүл Жанбосынованың айтуынша, заңда студенттің степендиясы кіріс көзі болып ескерілмейді. Сондықтан да, егер үйіңізде сізге қандайда бір туыстық қатысы бар студент болса, онда оның құжаттарын өткізу арқылы оған да 20 789 теңге ала аласыз. Бірақ, ол студенттің өтініш өткізушіге туыстық қатынасы болуы керек. Және ол сол үйде жатып оқуы керек. Себебі, орталықтың мамандары кез келген сәтте үйге тексере барғанда, студенттің сол үйде тұратындығы дәлелденуі тиіс. Зерделеу барысында жалғандық фактісі анықталса, мұндайда тағайындалған ақшаны бюджетке кері қайтаруға тура келеді. Бүгінгі таңда бұл бойынша 2 факті тіркеліпті. Ақша бюджетке қайтарылды.
Айта кетсек, Президент қол қойған заңға сәйкес, 2019 жылғы 1 сәуірден бастап АӘК көрсету мөлшері күнкөріс деңгейінің 50% – нан 70% – ға дейін арттырылып, 20 789 теңгені құрады. Егер АӘК-тің орташа мөлшері отбасының әрбір мүшесіне бұрын 4 834 теңгені құраған болса, сәуір айынан бастап әр балаға 20 789 тг төленеді. Бұл ретте, ересектерге отбасының жан басына шаққандағы табысы мен АӘК критерийінің мөлшері арасындағы айырмашылық төленеді. Бұдан басқа, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар үшін және бала кезінен бастап бірінші топ мүгедектігі бар адамдарды күтушілерге ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 30% -ға артты. Қабылданған шаралар нәтижесінде АӘК алушылар саны 571,6 мың адамнан 830 мың адамға дейін артады деп күтілуде.
Түйін. Атаулы әлеуметтік көмекті мақсатты жұмсаған жақсы, әрине. Алайда, басында көп балалы отбасының әр баласына беріледі деп айдар тағылған жәрдемақының да сол бағытта жұмсалғаны одан да жақсы болар еді.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №34, 21 тамыз 2019 ж