Абай ауданына қарасты «Шұғыла» шағынауданының тұрғындары «қалада тұрамыз деген тек атымыз ғана» дейді. Дәл «Самал» базарының іргесінде орналасқан шағынаудандағы екі көшеге мүлде асфальт төселмеген. Жаңбыр жауса жол әп-сәтте көлге айналып шыға келеді. 15 жыл бойы шенеуніктердің құрғақ уәдесіне әбден тойған тұрғындар қашанғы лай кешіп жүреміз деп налиды.
«А. Мырзахметов әкім боп тұрғанда есеп беру жиынына бардым. Сонда «Шұғыла» шағынауданындағы жолдар толығымен жөнделіп бітті деген еді» дейді тұрғындардың бірі.
Көшелерінің жөнделгенін тек әкімнің есебінен тыңдаған тұрғындар одан бері де арада он жылдай уақыт өтті дейді. Осы аралықта көше жөнделген. Тек оны әкімшілік емес, тұрғындар өз қалталарынан ақша жинап, тас төсетіпті. «Сол жолдың өзін талқандап тастады бұлар», — деп ашынады Ізетті көшесінің тұрғыны Гүлбахрам Ишимова.
Гүлбахрам Ишимова, Ізетті көшесінің тұрғыны: «Ақша жинап, тас төседік. Канализация деп бір қазды. Газ деп бір қазды. Аударып тастағаннан кейін не адам, не машина жүре алмайды».
Тұрғындар әкімшіліктің есігін қағып барғанда тіпті басқа жауап естіген.
Оразбек Дәулетбаев, Ізетті көшесінің тұрғыны: «Сіздердің көшелеріңіз мүлде картада жоқ деді. Асфальт салатын картаға түспеген деді. Түсінбеймін қалай түспейтінін. Шұғыла шағынауданы салынып басталғанда бірінші түскен көшелерміз. Бізден кейінгісінің бәрінде асфальт бар да тек бізде жоқ».
«Шұғыла» шағынауданындағы Ізетті көшесіне қашан іс жүзінде жол салынатынын білгіміз келіп, Абай ауданындағы жауапты мамандарға хабарластық. Өкінішке орай, жауаптылар жиналыстамыз деген уәжбен жауап беруден бас тартты. Айта кетейік, қала әкімдігі биыл 35 көшеге күрделі және 50 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтқан болатын. Ізетті көшесі де осы тізімде бар деп үміттенеміз.