Шымкентте жылу беру маусымына дайындық қарқын алған. Еңбекші ауданы әкімдігінің мамандары мен төтеншеліктер газ баллонын қолданатын көпқабатты үйлердің тұрғындарымен кездесу өткізуде.
«Айына 3 мың теңге кетеді газ баллонына. Қазір тосап жабатын кезең. Есесіне етті ұзақ пісіреміз. Біздегі 84 пәтер иесі толық газ баллонмен отырмыз» дейді тұрғындар.
Асановтар отбасы газ баллонына ерекше орын бөлген. Онсыз тамақты пісіре алмайды. Қауіпті екенін біле тұра, көпқабатты үйде газ баллонын қолданып келеді.
Ырыспай Асанұлы, үй тұрғыны: «Егер баллон жарылса ештеңе қалмайды. Оны өздеріңіз де түсінесіздер».
Бұрын шағын отбасылық жатақхана болған Ш. Уалиханов көшесіндегі №243 үйде тұрғындар газ баллонын қолданып келеді. Көпқабатты үйге табиғи газ тартылмаған. Электр энергиясы қымбат болғандықтан, тұрғындар газ баллонын пайдалануды жөн санапты. Қауіпті екенін біледі. Есесіне тығырықтан шығар ең арзан жол осы.
Нұрмұхамед Бостанбек, Шымкент қаласының төтенше жағдайлар басқармасының Еңбекші ауданы бойынша ТЖБ аға инженері: «Біздің ауданда табиғи газ тартылмаған, газ баллондарын қолданатын 4 үй бар. Бұл өте қауіпті».
Бастапқыда жобалық-сметалық құжат бойынша бұл үйде электр плитасы қарастырылған. Табиғи газды пайдалануға көшу үшін арнайы шахта мұржа қарастырылмаған. Жергілікті әкімдік оның шешу жолдарын тұрғындырға ұсынып келеді.
Қуаныш Сапаев, Еңбекші аудандық әкімдіктің бас маманы: «Тұрғындармен жиын өткізген сайын 2020 жылдарға арналған жаңғырту бағдарламасын түсіндіреміз. Ол бойынша тұрғындар несие алып мұржа орнатуларына болады. Егер де тұрғындардың 70 пайызы келісім берсе, әкімдік тиісті мекемелерге ЖСҚ жасауға тапсырыс жолдайды».
Пәтерлерде табиғи газ тарту үшін әрбір пәтер иесі 200 мың теңгеден астам қаржы жұмсауы тиіс. Алайда тұрғындар оған келісім бермей, мәселе көп жылдан бері шемімін таппай келеді. Өз қауіпсіздігі үшін шымкенттіктер ақша төлеуге әзірге дайын емес.
Шынар Оразова