Апта басындағы мәлімет бойынша, Арыстағы жарылыстан зақымданғаны бар, жарамсыз деп танылғаны бар, барлығы 7611 тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сол үйлердің 35 пайызы, яғни 2680-і жөнделді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Әкімдіктің дерегінше, 7611 үйдің 4641-інде жөндеу жұмыстары өз уақытымен жүріп жатыр екен. Айта кетсек, Арыстағы жөндеу жұмыстары 1 тамызда аяқталуы тиіс. Әйткенмен, әзірге толықтай жөнделген үйлердің үлесіне қарап, 1 тамызда жөндеу жұмыстары аяқталатынына күмән туады.
Осы орайда Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың айтуынша, Арыстағы жөндеу жұмыстары уақытылы, яғни 1 тамызда аяқталады. Ол 30 шілде күні журналистердің сұрағына осылай жауап берді.
– Сондағы барлық жөндеу жұмыстары аяқталады. Арысты вице-министр Қайырбек Айтбайұлы өз бақылауында ұстап отыр,-деді Роман Скляр.
Роман Склярдың айтуынша, жөндеу жұмыстарын аяқтау мерзімін кейінге шегермейді. Үкімет жоспарына сәйкес, қаладағы нысандардың барлығын 1 тамызда қалпына келтіру жоспарланған.
Премьер-министрдің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, 29 шілдеде Арыста 2707 үй жөнделген. Тағы 2344 үйде негізгі қалпына келтіру жұмыстары аяқталған. Мұнда шатырын жөндеп, терезелерін орнатқан. Роман Скляр басқаратын министрліктің мәліметінше, 5051 отбасы үйіне оралыпты.
Сонымен қатар, Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, төтенше жағдайдан зардап шеккен Арыс тұрғындарына 100 мың теңге өтемақы төлеу үшін 63 464 адамнан өтініш қабылданған. Жалпы шаһарда 66 әлеуметтік нысан бойынша жөндеу жұмыстары жалғасып келеді, оның ішінде 4-еуі басынан салынады. Осы бағыттағы жұмыстарға 1788 жұмысшы, 30-ға жуық құрылыс компания жұмылдырылған. Бүгінгі таңда Арыс қаласындағы құрылыс-жөндеу жұмыстарында облыс, қалалардан 7699, облыс аудандарынан 315 адам жұмыс істеп жатыр.
Еске салсақ, 24 маусымда Арыс қаласына жақын маңдағы оқ-дәрі қоймаларында өрт шығып, соңы жарылыстарға ұласты. Түркістан облысы аумағында төтенше жағдай жарияланып, 45 мың тұрғыны бар қала толықтай эвакуацияланды. 3 адам қаза тауып, 160-тан астам адам жарақат алды.

«Оңтүстік Рабат», №31, 31 шілде 2019 ж