2%-бен пәтер не жер үй алуға болады

595

Елімізде «Бақытты отбасы» табысы төмен отбасыларға тұрғын үй сатып алуға арналған несиелендіру бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама арқылы мөлшерлемесі жылдық 2%-бен (ЖТСМ 2,1%-дан бастап) заем сомасының 10 пайызын бастапқы жарнасы ретінде 20 жылға дейінгі мерзіммен баспана алуға болады. Заем сомасы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында 15 млн теңгеге дейін, басқа аймақтарда 10 млн теңгеге дейін. Аталған бағдарлама арқылы жаңа салынған үйден пәтер, қолданыста болған пәтер не жеке тұрғын үй сатып алуға болады. «Бақытты отбасы» бағдарламасына қызығушылардың қатары көп. Бағдарламаны «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» іске асырады. Осы орайда аталған банктің Шымкент филиалының бөлім басшысы Нұрлан Сұлтановпен тұрғындардан келіп түскен сұрақтар жайында әңгімелестік.

Сұрақ-жауабымызды бастамас бұрын, бұл бағдарламамен заем алушының табыс көзі қанша болуы керегіне, кіріс ретінде не ескерілетініне тоқталайық.
Сонымен соңғы алты ай ішіндегі отбасының әр мүшесіне келетін табыстың бір айлық көлемі ең төменгі жалақыдан артық болмауы керек. Биылғы, яғни 2019 жылғы ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңгеге тең.
Ал кіріс ретінде не ескерілетініне келсек, сіз негізгі кіріс көзі болған жағдайда несие аласыз. Негізгі кіріске еңбек және/немесе кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыс жатады. Егер сіздің негізгі кірісіңіз жеткіліксіз болса, онда сіз қосымша табысты қосып есептейсіз.
Негізгі кіріске: айлық жалақы, жеке кәсіпкерліктен түсетін кіріс (нотариус, адвокаттар, жеке сот орындаушылары және т.б.), өтеулі қызмет көрсету шарты бойынша түсетін табыс, тұрғын үй төлемдері, шәкіртақы (негізгі кіріс болған жағдайда), қарыз алушының мүгедектігі бойынша жәрдемақы, қарыз алушының баласы және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төленетін жәрдемақы жатады. Бірақ, жәрдемақыларды кіріс ретінде есептеу тек қана заемшыларға және қосалқы қарыз алушы ретінде тартылатын олардың жұбайларына ғана қатысты.
Ал қосымша кіріске: зейнетақы және зейнетақы аударымдары (негізгі кіріс болған жағдайда), экологиялық төлемдер кіреді. Басқа жәрдемақылар кіріс ретінде есептелмейді. Мәселен, отбасында алты адам болса, бағдарламаға қатысуға мүмкіндік беретін ең жоғарғы табыс келесідей болады: 6 адам х 42 500 теңге = 255 000 теңге.

С: «Бақытты отбасы» бағдарламасына кімдер қатыса алады?
Ж: Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы баспаналы болуға арналған көптеген мемлекеттік бағдарламалар бар. Ал «Бақытты отбасы» табысы төмен отбасыларға тұрғын үй сатып алуға арналған несиелендіру бағдарламасы туралы айтар болсақ, бұл бағдарламаға тек үй кезегінде тұрған, арнайы санаттағы отбасылар қатыса алады. Отбасында төрт жəне одан көп кəмелеттік жасқа толмаған көпбалалы отбасы, егер, жоғарғы оқу орнында, колледжде жəне басқа оқу орнында күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі балалары бар болса, оларды да есепке аламыз. Екінші, кəмелеттік жасқа толмаған балалары бар толық емес отбасы. Егер ажырасқан болса, үш жыл болуы керек. Үшінші, отбасында мүмкіндігі шектеулі бала болса, ең төмен пайызбен баспаналы бола алады. Жалпы, бағдарламаға тек Шымкент қаласы емес, Түркістан облысы тұрғындары да қатыса алады. Биылдың соңына дейін, Түркістан облысынан да ТҮҚЖБ жаңа филиалы ашылады. Бірақ соған қарамастан, қазіргі таңда облыс тұрғындарынан да өтінім қабылдап жатырмыз,- дейді Нұрлан Сұлтанов.

С: Бағдарламаға қатысу үшін қандай талаптар қойылған?
Ж: Бағдарламаның басты талабы — табысы төмен, үй кезегінде тұрған осы үш санаттағы отбасылар, жергілікті əкімдік, тұрғын үй басқармасынан жолдама алып келуі керек. Бұл жолдама тегін беріледі. Арнайы үлгідегі жолдама отбасының үй кезегінде тұрғанын, санатын растап, банкке осы бағдарламаға қатысуға мүмкіндік береді. Əрине, үй кезегінде тұрған азаматтар атында үйі болмауы керек. Негізгі шарт туралы айтайық, «Бақытты отбасы» бойынша міндетті түрде үй кезегінде тұру керек. Кезекке тұрғаннан кейін, әкімдіктен жолдаманы алып келу керек. Міндетті түрде! Егер жолдама болмаса, «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуын қарастыра алмаймыз. Себебі, «Нұрлы жер» бағдарламасымен, министрліктің қабылданған шешімі бойынша, жаңағы үш санаттағы отбасыларды қабылдаймыз. Енді, Шымкент қаласында үй кезегіндегілер Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасынан жолдама әкеліп, Шымкент қаласынан 15 млн теңге көлемінде баспана алуға болады. Ал, Түркістан облысы тұрғындары, аудан орталықтарынан жолдама әкеліп, Түркістан қаласынан жəне тұрғылықты ауданнан 10 млн теңгегеге дейін баспана ала алады. Бір айта кететін шарт, егер Шымкент қаласынан алғанда жолдамамен тек Шымкент қаласынан үй алады. Басқа қалалардан ала алмайды. Мұнда айлық табысына міндетті түрде қараймыз. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 50 млрд теңге қаржы бөлінді. Əр жылы осы сома қарастырылады. Биыл ала алмағандар, келесі жылы да қатыса алады. Негізгі шарты, мәселен, 10 млн теңгеге үй алатын болса, алғашқы жарнасы ретінде 1млн теңгесін құяды. Сондықтан, ертерек қамданып, ақшаны осы бастан жинақтау қажет. Егер биыл жолдама алмасаңыз, онда келесі жылға дайындалсаңыз болады. Айта кететін жайт, үй кезегіне қашан тіркелгені, қанша жыл кезекте тұрғаны банк тарапынан қаралмайды. Редьте тұрғаны ол қаралмайды. Жолдаманы қай санатпен немесе кезекпен беретіні тек əкімшілікке қатысты шешіледі. Өздері жолдайды. Қазір Шымкент қаласында жоғарыда аталған үш санатпен 10 мыңға жуық адам үй кезегінде тұр екен. Сондықтан, айта кету керек, бәріне бірден заем беру мүмкін емес. Үкіметтен бөлінген қаражат лимиті бар. Биыл Шымкентте 400-500 адамға заем беру жоспарланып отыр. Сол себепті, биыл ала алмаған жағдайда, келесі жылы қатысуына болады.

С: Декреттегі ана қатыса ала ма? Алғашқы жарна ретінде 10% жинағымыз бар. Егер жұмыс орнынан айлық табысы туралы анықтама əкелсем бола ма?
Ж: Бағана айтқанымдай, қатысқан адам, міндетті түрде үй кезегінде тұру керек. Міндетті түрде, сол жергілікті атқарушы органнан жолдаманы алып келеді. Жолдамасы болмаған жағдайда, несиеге үміткер ретінде қабылдамаймыз. Айта кетерлігі, жолдама беретін Шымкент қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы Республика даңғылы бойындағы №12а ғимарат, 101 кабинетте орналасқан.

С: Егер несиесі бар болып, әлі жабылмаса, «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатыса ала ма?
Ж: Иə, несиесі бар болса, несиесі бар адамдар қатыса береді. Бірақ айлық табысы жетуі керек. Мәселен, жолдасы «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға жолдама алды. Несиесі бар. Сондайда айлық табысы жетпесе, екі кепіл адам табуына болады. Айлығы бар, кез-келген адам бола береді. Жалпы одан қатысатын адамдардың, жаңағыдай өзін декретте отырып, айлық көрсеткішін көрсете алмаған жағдайда, онда жолдасының айлық көрсеткішін алуына болады. Жалғызбасты ана болса, айлық кірісі болмаса, онда бұл кісілер қатыса алмайды.
Ж: Жалғызбасты ана кепілгер шақыра алмай ма?
Ж: Шақыра алмайды. Міндетті түрде айлық кірісі болуы шарт. Тағы айтатын нәрсе, несие тарихына қатысты. Егер несие тарихы нашар, яғни коллектор компаниясына өтіп кеткен болса, шартты түрде айталық, «қара тізімге енсе», онда сол несиесін жауып, «несиесі жоқ» деген анықтама әкеледі. Сөйтіп құжаттарын өткізеді.

С: Шымкент қаласында әзірге неше жолдама өткізілді?
Ж: Шымкент қаласында 150-ден астам жолдама әкелді. Қарастырыла келе, 70-ке жуық жолдама мақұлданды. Сол жолдамасы мақұлданған адамдар өздеріне ұнаған баспананы іздейді. Айта кетерлігі, «Бақытты отбасы» бағдарламасымен жер үй де алуға болады. Мәселен, жеке сектордағы жер үйді ұнатып, соны алғысы келді делік. Онда сол үйдің бағасы Шымкентте 15 млн теңгеден аспаса, «Бақытты отбасы» бағдарламасымен заем ресімдеуіне болады.

С: Заем ресімделетін баспаналарға қойылатын талап қандай?
Ж: «Саманный үй» дейміз ғой, яғни, балшықтан соғылған үйді қабылдамаймыз. Күйген кірпіш, «шлакоблок» материалдан соғылса, қабылдаймыз. Ал көпқабатты үй болса, онда салынғанына 50 жылдан аспауы керек.

С: Мен «Күншығыс» шағынауданынан 2 бөлмелі пәтер алғым келеді. «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысу үшін не істеймін? Рет-ретімен айтып беріңізші.
Ж: Ең бірінші, жолдаманы алу керек. Соны алғаннан кейін, банкке келіп, құжаттардың тізімін жинап, айлық кірісіне тапсырады. Біз бірінші айлық кірісінің растауын көріп, тексеріп алғаннан кейін, Банк келісімін берген жағдайда, мақұлданса, үй іздейсіз. Ұнаған үйін тауып, бағалатады, яғни «оценка» жасатады. Үйдің талаптары бойынша, техникалық құжаттарын жинап, барлық құжатты бағалау қағазымен қосып, банкке әкеледі. Тағы бір айтар жайт, Шымкентте 15 млн теңгеге дейін заем беріледі. Егер айлық табысы жетпей жатса, онда 15 млн теңге сомаға байланбай, арзан, яғни 8-10 млн теңгеге бағалап, айлық табысы жететіндей етіп қарастыра алады.

БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА…
«Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысушылар үшін жақсы жаңалық. Енді 2%-бен жеңілдетілген несие алатындарға келесідей өзгерістер енгізілді: қарыз алушының немесе оның баласының мүгедектік бойынша алатын жәрдемақылары және асыраушысынан айырылғаны үшін төленетін жәрдемақы негізгі табыс ретінде есептеледі.
Бұл жәрдемақылар табыс болып тек қарыз алушылар мен қосалқы қарыз алушы ретінде тіркелген олардың жұбайларынан ғана қабылданатынын есіңізге саламыз.
«Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысушылар мен олардың отбасы мүшелері алатын басқа да мемлекеттік, әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер төлем қабілеттілікті растаған кезде табыс болып саналмайды.
Зейнетақы аударымдарына қатысты тағы бір өзгеріс бар. Енді Банк соңғы 6 айдағы аударымдардың деректерін, егер олар бір айда бірден аударылған болса да есепке алады.
«Бақытты отбасы» бағдарламасын жүзеге асыру туралы толығырақ ақпаратты hcsbk.kz сайтына да білуге болады. Сайтта қатысушылар тізімін, өңірлер бойынша мәліметті білуге болады.

«Оңтүстік Рабат», №33, 14 тамыз 2019 ж