«Баламыз бізді таңдады»

468

Келесі кейіпкеріміз – «бауырына бала басу» дәстүрін жалғастырушы. Ол газетіміздің биылғы №26 санында жарық көрген «Туыстың баласын алуға болмайды екен» тақырыбымен жарыққа шыққан мақалаға қатысты өз ойын білдіргісі келіпті. Үлкендердің айтуымен көне дәстүрге сай бауырына басқан баласы – бүгінде өзегін жарып шыққан перзентіндей.

Сәлеметсіздер ме? Шымкент қаласының тұрғынымын. «Оңтүстік Рабат» газетін тұрақты алып оқимын. Газеттеріңіздің №26 санында жарияланған «Туыстың баласын алуға болмайды екен» деген тақырыпқа қатысты ойымды айтқым келеді, өйткені бұл кейіпкерлердің басынан кешкен оқиға бізге өте жақын болды. Шүкір, біздің тағдырымызға ұқсамайтыны – біздің өміріміздің бақытты болуында.
Мен де ұзақ жылдар бойы бір перзентке зар болдым. Күйеуім екеуміздің бармаған жеріміз, баспаған тауымыз, араламаған әулиеміз болмады. Қайдан не естиміз сол жаққа бардық. Жаратқанға жалындық. Дәрігерлерге де қаралдық. Бірақ дәрігерлер жатырымда әжептәуір мәселе барын айтты. Олардың сөзінше, менің бала көтеруім екі талай еді.
Осылайша енді үмітіміз үзіле бастағанда жолдасымның әпкесі, қайынәпкеміз бізге қазақ халқының ежелден келе жатқан «бауырына бала салу» дәстүрі бойынша бала асырап алуымызды айтты. Алғашында жатырқай қарағанымызбен кейін екеуара сөйлесе келе келісімімізді бердік. Ата-енеміз қайтыс болғандықтан үлкен әпкеміздің айтқанын екі етпейміз. Ол кісі күйеуімнің ағасының бір жасар баласын асырап алуымызды айтты. Әрине, ең бастысы қайынағамыз бен абысынымның келісімін алған. Содан кейін барып бізге айтты.
Келісімімізді бердік. Ұлымызды алдық. «Құшағыма алған сәттен өзімді ана ретінде сезініп кеттім» деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Өйткені, балаға бауыр басуым, баланың маған бауыр басуы, ол баланы өз баламдай қабылдауымыз көп болмаса да біраз уақытымызды алды. Дегенмен, күйеуіммен бірге барынша тырысып, ата-ана болу үшін жанымызды салдық. Жай ата-ана емес, өте жақсы ата-ана атанғымыз келді.
Қайынәпкеміз егер баланы қатты жақсы көрсем, оған деген шынайы мейірімімді оята алсам, өзімнің де балалы болуым мүмкін екенін айтатын. Сол себепті де баламызды жақсы көрдік, күннен-күнге қылығы шыққан сайын біз де оған бауыр басып, өте жақсы көріп кеттік. Тіпті ол жоқта бір минутымызды елестету мүмкін емес болды.
Шынымды айтайын, алғашында «өзім балалы болып қалармын» деген ниетпен балаға жақсы қарап, оны ерекше жақсы көріп, бар мейірімімді арнауға тырыстым. Бірақ уақыт өткен сайын, мен ол баланы өзім туған баламыздай қабылдай бастадым. Жанымыздың бір бөлшегіне айналды. Арада уақыт зымырап өтіп жатыр. Біз балалы болмадық. Бірақ өкінбедік, өйткені бір баламыз бар. «Бала – тапқандікі емес, баққандікі» деген осыдан қалса керек. Арадан жылдар жылжып өтіп жатты.
Обалына қалмаймын, қайынағам мен абысыным да осы аралықта балаларына қатысты бір ауыз сөз айтып не бізді не баламызды ренжітпеді. Анасы келген кезде қатты құшып сүйіп, көзіне жас алып жататын. Маған осы әрекеті ұнамайтын еді. Сондықтан да баламды онымен жиі кездестірмеуге тырысатын едім.
Уақыт жылжып, баламыз 17 жасқа толды. Осы кезде Жаратқанның құдіретімен күпеген жерден бала көтердім. Мүлдем күтпедік. Қуанышымызда шек болмады. Жолдасым екеуміз бір жылаймыз, бір күлеміз. Біраз уақыт ешкімге тіс жарып айтпадық. Тек қайынәпкеміз ғана білді. Аяғым ауыр екендігі білінген кезде ғана басқалар біле бастады. Міне, сол кезде абысыным тарапынан күтпеген әрекетке душар болдық. Ол біздің баламызға оны өзі туғанын айтып, өздеріне қайтып келуін айтқан. Оны да дұрыс түсіндіріп айтпай, төбеден жай түскендей жеткізген сыңайлы. Баламыз шындықты білген соң, екі күнге жоқ болып кетті. Тек аман-сау екенін және өзін мазаламауымызды айтып, ойланып шешім шығарғанда қайтып келетінін жеткізді.
Осы екі күн бізге екі ғасырдай өткен шығар. Қатты қиналдық. «Егер ол туған жеріне кетем десе не істеймін» деп көп жыладым. «Шындықты неге өзіміз алдын-ала айтпадық» деп әкесі, яғни күйеуім екеуміз өкіндік.
Алайда баламыз бізді жерге қаратпады. Ол өте ақылды. Екі күннен кейін келіп, бізбен қалатынын, ата-анасы ретінде тек бізді ғана қабылдай алатынын айтты. Менің ана жүрегім оның кетпейтініне сенген еді. Алдамады. Бірақ туған ата-анасын да сыйлайтынын айтып, шырқымыз бұзылмай, өміріміздің жалғасуын тіледі. Сол сәтте бізден өткен бақытты ата-ана болмаған шығар,сірә.
Біз туысымыздың баласын алдық. Кімнің баласын алсаңыз да сол баланың санасына байланысты екенін айтқым келеді. Бала шындықты қабылдай алатын жасқа жеткенде бар шындықты айтқан да дұрыс екен. Қазір ұлымызды үйлендірдік. Қызымыз – 8 жаста. Бақытты отбасымыз.

СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

Мәди Төлегенов, психолог:
– Бұл – өте күрделі тақырыптың бірі. Жалпы өмірде бірнеше қиын тақырып бар. Мысалы жазылмайтын ауруға шалдықан жайлы айту, соның ішінде ол адамға қанша өмірі қалғаны жайлы айту. «Балалы бола алмайсың» сөзін айту, және жақын адамның өмірден өткені жайлы айту. Міне, бұл – өте ауыр тақырыптар. Мына хаттағы көтеріліп жатқан мәселе ол – бауырына бала басудың қиыншылығы.
Кез келген бала алғаш өмірге келгенде бірінші көретін адамы ол ата-анасы. Сол екі адамға қарап балада өмір туралы ұғымдар қалыптасады. Әкесіне қарап ер адам, шешесіне қарап әйел адам қандай болатыны жайлы, ол екеуінің қарым-қатынасына қарап өмірдің қарым-қатынасын, отбасы дегеннің не екенін, қалай өмір сүру керек екенін сол екі адамға қарап үйренеді. Бейсана түрінде баланың басына өмірлік бағдарламасы осылай жазылады. Күндердің бір күнінде ол баланы асырап-бағып жанынан табылған адамдар оның туған ата-анасы емес екенін есту баланың өмірлік бағдарламасына қатты соққы болып тиеді. Хатта бала шындықты 17 жасында естігені жазылған. Бұл баланың физиологиясы мен психикасы енді бір қалыпқа түсетін кезең. Бұл әрине, балаға артық салмақ болады. Бұл шындықты баланың қалай қабылдайтынына бірнеше факторлар әсер етеді. Қандай тәлім-тәрбие алғаны, қоршаған ортасы, араласатын жолдастары, тума мінезі және шындықты қалай білгендігі жайлы факторлардың барлығы әсер етеді.
Бұл мәселе бойынша, екі көзқарас бар. Біреулер барынша шындықты айтпай жасырып, бала да, ата-ана да бақытты болады. Екінші көзқараста бар. Мен өзім психолог ретінде «осы екінші көзқарасты дұрыс» деп бағамдаймын. Өйткені кез келген адам өзінің жеке өмірі жайлы шындықты білуі тиіс. Толықтай құқы бар. Оған шындық айтылуы керек. Қазақта «ащы болса да шындықты білген дұрыс» деген сөз бар ғой. Бұл мәселенің екінші қиыншылық тудыратын жері бар. Ол – сол шындықты балаға айту. Ақиқатты балаға «осынша жасында айту керек» деген қағида жоқ. Өйткені басында айтып кеткенімдей оның бірнеше факторына байланысты. «Сол себепті де осындай жас пен осындай жастың аралығында айту керек» деген сияқты қатып қалған қағида жоқ. Шындықты тек қана баланы тәрбиелеп, асырап-бағып отырған ата-ана балаға ең қолайлы уақытта айтуы керек, өйткені баланы олардан артық ешкім жақсы білмейді. Кез келген адам өміріндегі күрделі жағдайларды ең жақын адамынан естігені дұрыс болады. Осы кезде ата-ана барынша шынайы болып, ашық сөйлескені дұрыс. Егер бала туған ата-анасын танымаса, олармен таныстыру да артық етпейді. Бұл да сенің бір ата-анаң біз сияқты деп түсіндіріп сөйлеу керек. Асырап баққан ата-анаға қаншалықты қиын болса да оны айту дұрыс. Егер бала туған әке-шешесін көрем десе, олармен кездескісі келсе, оған ешқандай тосқауыл қоймау керек, өйткені неғұрлым шынайы ашық болсаңыз, оның жанын жақсы түсінсеңіз балаңыз сіз жаққа қарай бүйрегі бұрып тұрады. Егер балаға керісінше кедергі келтірсеңіз, бала сізден алшақтайды. Менің бұл айтып жатқан кеңесім жалпылама айтылып жатыр. Әрбір отбасында жағдай әрқалай өрбитіндіктен, мұндай жағдайға тап болған отбасы жеке психологтың кеңесіне жүгіне отырып шешім қабылдағандары дұрыс болады. Әрбір отбасының өзінің тарихы бар, әрбір отбасы мүшесінің мінезі бар. Осының барлығын ескере отырып, психологпен бірге қолайлы кезеңді таңдап, әбден дайын болған кезде ғана әрекетке көшу керек. Бұл кейіпкеріміздің жолы болған. Өйткені баласының өскен ортасы және ақылдылығы оның дұрыс шешім қабылдауына көмектескен.

Жазып алған – Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат», №32,7 тамыз 2019 ж