Оқу жылының басталуына да аз уақыт қалды. Мектепке баласын дайындаған ата-ананың қарбалас тіршілігі басталып кетті. Баланы мектепке дайындаудың да әуресі көп. Бұл сөзімізбен көп ата-ана келісері анық. Осы тұста әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған отбасыларынан шыққан және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған тұл жетім немесе жартылай жетім балаларға қалалық білім басқармасы тарапынан «Мектепке жол» акциясы шілдеден бері жұмысын бастады. Акцияның мақсаты мен балаларға көрсетер көмегі жайлы Шымкент қаласы білім басқармасының бас маманы Марат Айкөзовтен сұрап білдік.
АКЦИЯ 30 ҚЫРКҮЙЕККЕ ДЕЙІН ЖАЛҒАСАДЫ
Марат Айкөзовтың айтуынша, акция қазіргі таңда «Жүректен жүрекке» ұранымен жүргізіліп жатыр. Ерекше атаумен бастау алған акцияқа қандай балаларға көмек көрсетеді?
– ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасына сәйкес 2019 жылы мектепке жол акциясы 3 шілдеден басталды. Енді 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Бұл акцияға көбінесе әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларынан шыққан балалар қатыса алады. Бұл категорияға тұл жетім балалар, аз қамтамасыз етілген балалар және жартылай жетім балалар мен көп балалы отбасылардан шыққан балалар қатысуға құқылы. «Мектепке жол» акциясына қатысу үшін ата-аналар ең бірінші мектептің әкімшілігіне яғни директордың атына өтініш жазады. Бұл жерде ата-ананың жеке куәлік көшірмесі және баланың туу туралы куәліктің көшірмесі, сонымен қатар, қандай да бір әлеуметтік көмек алатын болса, соны анықайтын рұқсат қағазы да болуы керек. Осы құжаттарды түгендеп, өтінішпен бірге өткізеді. «Мектепке жол» акциясына қатысушы балалардың тізімін әрбір мектеп әкімшілігі өздері жасақтайды. Әрбір мектепте қазір арнайы тізімдер жасақталып жатыр. «Неше балаға көмек қажат, неше бала ыстық тамақпен қамтылады және неше бала лагерьге барады» деген сияқты әрбір мектептің өзіндік тізімі болады. Сол сияқты осы акцияға қатысатын балалардың тізімі де мектеп тарапынан жасалады. Бұл тізімнен әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балалары қалып қоймайды. Өйткені әрбір мектептің қамқоршылық кеңесі болады. Сол қамқоршылық кеңестің толтырған хаттамасының негізінде балаларға біз көмек береміз. Қамқоршылық кеңесінің мүшелері әрбір баланың үйіне барып отбасын зерттеп, жағдайын біліп, күнделікті кеңсе құралдарына дейін жеткілікті ме деп бақылап сол негізде қаттама толтырады. Сондықтан да ата-аналардың ойында «балам осы тізімнен қалып қояды-ау» деген алаңдаушылық болмау керек. Егер сіздің балаңыз жоғарыдағы мен айтқан категориялардың біріне жатса, міндеті түрде көмек ала алады,-дейді ол.
Қаңтарда «Қамқорлық» акциясы өтеді
Марат Айкөзов «Мектепке жол» акциясына мүмкіндігі шектеулі балалардың қатыса алмауының себебін де түсіндіріп берді.
– Ал мүмкіндігі шектеулі балалар жергілікті «собестен» арнайы көмек алатын болғандықтан қатыса алмайды. Дегенмен бұл балаларға қыста арнайы ұйымдастырылған іс-шаралар өткізіліп тұрады. Президент шыршасы, әкімшілік шыршасы деген сияқты. Сол кезде ол балаларымызға сыйлықтар беріледі. Бұдан кейін қаңтар айында «Қамқорлық» деген акция өткізіледі. Бұл – бір айлық акция. Ол кезде де мүмкіндігі шектеулі және аз қамтылған балалардың барлығына көмек беріледі. Яғни, білім басқармасы тарапынан қажетті акциялар жиі-жиі өткізіліп тұрады. Ешкім ескерусіз қалмайды,- дейді Марат Айкөзов.
ӘР ОҚУШЫҒА 15 МЫҢ ТЕҢГЕ БӨЛІНЕДІ
сы тұста бізді «Мектептке жол» акциясы қалай жүзеге асатыны қызықтырды.
– Мектепке жол акциясына көбінесе мемлекеттік емес ұйымдар атсалысып жатыр. Әртүрлі кәсіпкерлер, меценаттар, қоғамдық ұйымдар қатты көңіл бөліп, балаларға көмек қолын созуда. Олар мектеп оқушыларының жаңа оқу жылына дайындық жасауына көмектесуде. Бұл жерде балаларға оқуға қажетті кеңсе заттармен қамтамасыз етеді. Болмаса, тігін фабрикаларына барып демеушілік жасап, балаларға мектеп формасын арнайы тіктіріп береді. Соңғы статистикалық есепке байланысты қазіргі таңда Шымкент қаласында әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан баланың саны – 23455. «Биылғы оқу жылында осы балалардың барлығына көмек береміз» деп үміттеніп отырмыз. Тамыз айында 9272 оқушыға жергілікті бюджеттен жалпыға міндетті білім қорына бөлінетін қаражат есебінінен әрбір оқушыға 15 мың теңгеден қаражат бөлінеді. Осы 15 мың теңге балаларға кеңсе құралдарын алу үшін бөлініп отыр. Демек дәптер, қалам, қаламсап деген сияқты заттарын алуына арналған қаржы. Осы тұста бізге арнайы демеуші болып жатқан тігін фабрикалары да бар. Мысалы бізге осы кезге дейін қаламыздағы екі тігін фабриканың мамандары арнайы келіп, әрқайсысы елу балаға тегін мектеп формасын тігіп беретін болып келісіп кетті. Біз әрине, ол фабрика қызметкерлерінің өтінішін қабыл алдық,-дейді Марат Айкөзов.
«КӨМЕКТЕСЕМ» ДЕГЕНДЕРГЕ ҚҰЛАҚҚАҒЫС
Көбінесе жеке кәсіпкерлердің тарапынан қолдау болып жатқан акцияға өз үлесін қосқысы келетін тұлғалар болса, қайда хабарласады? Марат Айкөзовтен бұл сауалымызға да жауап естідік.
– Бұл акция жылда өткізіліп келе жатыр. Биыл 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Егер «осы акцияға демеуші боламын» деген азаматтар болса, біздің білім басқармасына арнайы хатпен шығуға болады. Басқарма ғимаратына келіп басшылармен бетпе-бет сөйлессеңіз де мархабат. Егер келуге уақытыңыз болмаса 53-03-71 телефонына хабарласуға болады. Білім басқармасының мекенжайы: Тыныбаев көшесі №49 ғимарат. Біздің акцияға жылда көмек қолын созатын тұрақты компаниялар немесе жеке кәсіпкерлер бар. Ол кісілер білім басқармасына арнайы хатпен шығып кем дегенде 20-30 балаға өз көмектерін көрсетіп келеді. Біз мұндай жомарт жандарға тек қана алғысымызды айтамыз,-дейді ол.
«ОҚУЛЫҚ ЖАЙЫН УАЙЫМДАУҒА НЕГІЗ ЖОҚ»
Оқу басталғандағы балалардың басты бас ауруы оқулықтың жетіспеушілігінде. Жоғарыда айтқан категорияға жататын балаларға оқулық жағынан қандай көмектер көрсетіледі? Бұл сауалға да жауап алдық.
– Мемлекет тарапынан ең бастысы тұл жетім балаларға назар аударылады. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған. Содан кейін әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балалар мемлекет тарапынан 100 пайыз оқулықпен қамтылады. Егер қандай да бір жағдайда жетпей қалып жатса, онда демеушілердің тарпынан бұл балалар оқулықпен қамтамасыз етеледі. Бірақ, жетпей қалу деген қазір жоқтың қасы. Өйткені мемлекет 100 пайыз тегін оқулықпен қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан да бұл балаларға оқулық жағынан да уайымдауға негіз жоқ,-дейді Марат Айкөзов.
Жанерке ХУМАР
«Оңтүстік Рабат», №32, 7 тамыз 2019 ж