Мұхтар Мұхамбетжан сотталды

517

Жеке қалтасы мен мемлекет қазынасын шатастырып алған басшы сотталды. 2018 жылдың шілдесінде еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің Youtube видеохостингіндегі ресми арнасында «Шымкенттің қос басшысы қомақты қаржымен ұсталды» деген бейнежазба тараған болатын. Араға апта салмай роликтегі басты кейіпкер «Тұрғын үй Шымкент» мекемесінің басшысы Мұхтар Мұхамбетжан өзіне тағылған айыпты теріске шығарып, БАҚ өкілдерін жинап кездесу де өткізген. Өзінің сүттен ақ, судан таза екенін айтып, ақталған директор тіпті агенттіктің кешірім сұрауын да талап еткен еді.

Жалпы Мұхтар Мұхамбетжанның қол астындағы қызметкерлердің қылмыстық іске тартылуы алғашқы жағдай емес еді. Осыдан үш жыл бұрын да «мекеменің бас есепшісі мемлекет қазынасына залал келтірді» деген айыппен темір торға тоғытылған. «19 миллион теңгені жоқ қылған» деген 20 жастағы бухгалтер бойжеткен жеті жылға сотталып кеткен.
Араға біраз уақыт салып оның орнына келген кезекті жас маман да жасамаған қылмысына жаза арқалай жаздаған. Алайда, Жақсылық Игілік алдыңғы құрдасының тағдырын қайталағысы келмеген. Аты-жөні жоқ құжаттарға қол қоюдан қаймыққан ол басшысының тапсырмасын құзырлы органдарға жеткізіп отырыпты.
Биылдың 16 сәуірінде Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты Мұхтар Мұхамбетжан ісін жабық қарай бас-тады. Мұхтар Мұхамбетжан «Зорлау», «Жеке өмірге қол сұғу және Қазақстанның дербес деректерін қорғау туралы заңнаманы бұзу», «Сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе талан-таражға салу» баптарымен айыпталған болатын. Зорлау айыбы болғаны себепті жабық өткен сотта «Тұрғын үй Шымкент» мекемесінің директоры сондай-ақ, 13 миллион теңге жымқырды деп те айыпталған.
4 айға созылған істің соңғы отырысы 1 тамызда өткізілді. Осыған дейін қылмыстық істерде куәгер болып келген Мұхтар Мұхамбетжан бұл жолы сот залына қолы кісенделіп жеткізілді.
Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Талғат Қаһаровтың айтуын-ша экс-директордың қылмыстық ісінде 20-дан астам куәгер болған. Барлығы да өзі басшылық еткен «Тұрғын үй Шымкент» мекемесінің қызметкерлері. Ал басты куәгер жаңадан келген бас есепші – Жақсылық Игілік.
Арада болғанның барлығын бүге-шүгесіне дейін жеткізіп отырған оның арқасында біраз былықтың беті ашылған. Айта кетейік, кезекті жоспарында Мұхтар Мұхамбетжан 29 миллион теңгені бас есепшінің мойнына іле жаздаған. Қазынадағы миллиондарды қолды еткен бұрынғы басшы жеке тұлғадан тағы да миллиондарды талап еткен. 13 миллион теңгенің иесі сотқа шағым жазбаған екен. Алайда ашылған қылмысқа кешірім де бермепті.
Бірінен соң бірі әшкереленген қараңғы істердің қатары мұнымен бітпейді. Қызметтік бабын пайдалана отырып қомақты қаржының талайын қолды еткен Мұхтар Мұхамбетжанның үйінде тінту де жүргізіліпті. Нәтижесінде үйден кіріс-шығыс дәптері табылған. Онда экс-директордың аты-жөні белгіленбеген бәз біреулерден алынған миллиондары көрсетілген екен.
1,5 жылдық қорытынды бойын-ша «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС директорының үйіне 36 миллион теңге түскен. Тергеу барысында Мұхтар Мұхамбетжан қомақты қаржының барлығы жеке кәсіптен келгенін айтқан. Сөзінше, басшылықтан бөлек мал шаруашылығымен де айналысады екен. Бірақ, нақты іске келгенде төрт түлігінің қайда бағылып жатқаны, қайда сатылғанын дәлелдейтін айғақтар табылмаған. Ауған соғысының ардагері тағылған айыптың тек біреуін ғана мойындапты. 8 миллион теңгені алғанын айтқанымен де жаза тағайындалды.
Сот барысында судья сәл болмағанда абақтыға жабылғалы жатқан бас есепшіге алғысын жаудырды. Директордың заңсыз істерін айғақтағап берген Жақсылық Игілік рахметтен бөлек шартты түрде 7 жылға жаза арқалады. Өзі білмей жасаған қылмыстың иісін ол соңғы кездері ғана сезген екен.
Есеп нәтижесінде көзі жойылған миллиондар сұрауының өзінен болатынын білген бухгалтер басшысынан бұл былықты қалай түсіндіретінін сұраған. Мекеме ақшасын ылғи өзінде ұстап келген Мұхтар Мұхамбетжан тығырықтан шығар жолды маманның өзі іздеу керегін айтып, ақшаның қайда кеткенін білмейтінін жеткізіпті.
Құзырлы органға жүгінген ол ақыр соңында басшысының алдына өзіне тағылған жасырын камералармен кірген. Видеоға түскен жазба нәтижесінде басшының ылғи да қылмысқа қол астындағы маманды итермелеп, кінәсіз адамдардың қолдары былғанатыны дәлелденіпті. Осындай әдіспен өзінің ізі білінбей келген.
Сеніп тапсырылған мекеме қаржысын өз жанында алып жүрген басшы қазынаны оңды-солды жұмсаған. Нәтижесінде меншігінде 3 қабатты үй пайда болыпты. Бұл туралы сот өкілдері де өз болжамдарын жасады.
Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Талғат Қаһаровтың айтуынша басы-көзі жоқ жоғалған мемлекет қазынасын айыпталушы зәулім сарайына жұмсаған.
4 ай бойы тергеуде болған басшының бір қылмысын мойындауына өзі қойған қол септігін тигізген. 13 миллион теңгені құжатқа қол қойып алған оның бұл қателігі соңында қылмысын мойындауынан басқа амал қалдырмады.
Еске салсақ, құжатта берілген қаржыны қайтаруға қол қойылған екен.
Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Талғат Қаһаров айыпталушы Мұхтар Мұхамбетжанды 8 жылға бас бостандығынан айырды. Мұны естіген экс-басшы соттан тағы да жарты жыл қосуын сұрап, келекеге айналдырғысы келді.
Эмоциясын жасыра алмаған ол аппелициялық шағым түсіретінін жеткізді. Шуды жақсы көретін сотталушы сол кезде де БАҚ өкілдерінің болуын сұрады. Сот залынан шығып бара жатқанда, өзіне үкім жасаған судьяға қарғыс жаудырып, барлығының да тапсырыспен болғанын айтты.

Назерке ҮКІБАСОВА

«Оңтүстік Рабат», №32, 7 тамыз 2019 ж