«Мектепке жол» акциясы балаларға қуаныш сыйлады

315

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Бүгінгі таңда ата-аналар балаларын мектепке дайындауды бастады. Мектеп формасы, оқу құралдарының құны да шарықтап тұр. Әсіресе әлеуметтік тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар үшін жаңа оқу жылына дайындық қиынға соғады.

Жаңа оқу жылының қарсаңында жылда өткізілетін «Мектепке жол» қайырымдылық акциясының маңызы үлкен. Осындай игі шараны бүгін Әл Фараби ауданының әкімдігі ұйымдастырды.

Сыйға тартылған оқушы сөмкесінде білім іздеген балғын үшін қажеттінің бәрі бар. Жазу дәптері, түрлі түсті бояу мен қалам, оқушының күнделігі. Мұқтаж жандарға қамқорлық жасаған азаматтардың шын ниеттенгендері көрініп тұр. Ал сыйлық алған балалардың қуанышында шек жоқ .

Аудандағы демеушілердің қолдауымен әкімдік қызметкерлері 200 — ге тарта баланы мектепке дайындауға қол ұшын созды. Балғындарға орташа құны 25 мың теңгеге бағаланған оқу жабдықтары тарту етілді. Іс шара өткен «Фиркан сити» сауда орталығы балаларға тәтті тағамдар әзірлеп, 3 сағат бойы ойын залында тегін ойнатты. Жалпы аудан әкімдігі биыл 700 баланы жаңа оқу жылына дайындауды жоспарлап отыр.

Аудан бойынша әлеуметтік тұрмысы төмен 9 мың отбасы бар екен. Осы жандарға қол ұшын созу үшін арнайы карта да жасалыпты. Бұған дейін 150 балаға мектеп жабдықтарын сыйлаған аудан әкімдігі шараны жалғастырамыз дейді. Мұндай қайырымдылық шаралары әр баланың бойына сенім, жанына жігер ұялататынына сенімді.

Нұрлан Күдерұлы