Көшбасшы партиясының мүшелері халыққа жақын болу мақсатында киім үлгісін өзгертсе, судьялар қызметтік көліктен бас тартып такси қызметін пайдалануды жалғастыруда.

Партиядағы кадрлық ауыс-түйістен соң олар шенеуніктер сияқты емес кәдімгі қарапайым адамдар сияқты киіне бастады. Бұл жаңашылдықты партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өңірімізге іс сапары барысында енгізген.

Жандос  Қамбарбеков, «Нұр Отан» партиясының Әл Фараби аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары: «Арыста болған «НұрОтан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Шымкентте жиналыс өткізді. Жергілікті филиал қызметкерлеріне  «халыққа жақын болыңдар» деп киім үлгісін өзгерту бойынша ұсыныс жасады. Тұрғындар «бұрын шенеуніктер сияқты костюм кигенде жақындауға да сескенетін едік, қазір тез араласып, көкейдегі барлық мәселелерді шешіп жатырмыз. Ыңғайлы» деп айтып жатыр».

Бүгінде қызмет түрлері азаматтар үшін қолжетімді. Жариялы, ашық. Шымқаланың сот органдары бюджет шығындарын оңтайландыру мақсатында биыл қызметтік көліктерден бас тартты да, таксидің қызметін қолдануға көшті.

Бастама қолданыста, әзірге қиындық жоқ. Жаңа көлік сатып алу, оны жаңалау қажеттігі өзінен өзі күн тәртібінен түсті. Сервистік қызмет пен жөндеу жұмыстарына шығындалу қажет емес. Жанар-жағармай сатып алып, көлік жүргізушісін іздеп уақытыңды текке өткізбейсің» дейді сот әкімшісі.

Нұрсұлтан Байтілесов, Шымкент қаласы бойынша соттардың әкімшісі: «Биыл  мамырдың 6-нан Шымкент қаласы бойынша соттар қызметтік көліктен бас тартып, таксидің қызметіне жүгінді. Бұл бюджет қаржысын үнемдеуге бағытталған шара. Бұл бастаманың қаншалықты тиімді екені жылдың соңында белгілі болады».

Соттар әкімшісінің айтуынша таксидің қызметін пайдаланған едәуір арзан. Және де олардың қозғалысын, қайда барғанын анықтау оңай. Шығынды да есептеу онтайландырылды. Ашықтық пен әділдікті орнатуды судьялар өздерінен бастады. Ендігі қадамды қай мекеме жасайды?

Шынар Оразова