Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев 2019 жылғы 26 маусымда «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» 2019 жылғы 26 маусымдағы №34 Жарлыққа қол қойды, онда келесі негізгі бағыттар қамтылған. Осы Жарлықты іске асырудың бірінші бағыты екінші деңгейдегі банктерде және микроқаржылық ұйымдарда азаматтардың жекелеген санаттары үшін кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша берешекті 300 мың теңгеге дейінгі мөлшерде өтеуді көздейді. Берешек сомасы 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 млн теңгеден аспауға тиіс. Екінші бағыт Қазақстанның бүкіл азаматтарына кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша есептелген айыппұлдар мен өсімпұл сомаларын есептен шығаруды көздейді. Сонымен аталған жарлыққа қатысты туындаған сұрақтардың жауабын ҚР Ұлттық банкімен бірлесіп жариялап отырмыз.
С: Жеке және заңды тұлғалардың кепілдігімен және (немесе) кепілдемесімен қамтамасыз етілген қарыздар «кепілсіз тұтыну қарыздары» болып табыла ма?
Ж: Президент Жарлығын іске асыру мақсаттары үшін кепілсіз тұтынушылық қарыз ретінде жеке тұлғаға кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес мақсаттарға берілген, берген сәтінде кепіл туралы талабы жоқ банктік қарыз және (немесе) микрокредит жатады. Азаматтық кодекске сәйкес кепілдік қамтамасыз етудің жеке түрі болып табылады, алайда ол кепіл болып табылмайды. Тиісінше, кепілдікпен және (немесе) кепілдемемен қамтамасыз етілген қарыздар кепілсіз тұтынушылық қарыздар ретінде Президент Жарлықтың қолданылу аясына кіреді.
С: Президенттің осы Жарлығы банктер мен микроқаржы ұйымдарының қанша борышкер адамына қатысты?
Ж: Алдын ала бағалау бойынша мемлекеттің борыш жүктемесін азайтудағы көмегі 1 миллионнан астам азаматқа көрсетіледі.
I БАҒЫТЫ –ЖЕКЕЛЕГЕН САНАТТАРДЫҢ 300 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ ДЕЙІНГІ БЕРЕШЕГІН ӨТЕУ
С: Қандай қарыздар мен азаматтардың қандай санаттары бойынша берешек өтеледі?
Ж: Банктер және микроқаржы ұйымдары берген кепілсіз тұтынушылық қарыздарды өтеудегі мемлекет көмегі өмірлік қиын жағдайда қалған мынадай азаматтарға көрсетіледі:
1. көпбалалы отбасылар;
2.асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар;
3. мүгедек балалары бар, 18 жас-тан асқан бала жасынан мүгедектер бар отбасылар;
4. атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алатындар;
5. жетім балалар;
6.ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айырылған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар.
Осындай кредиттер бойынша жалпы берешек сомасы 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 млн теңгеден аспауға тиіс.
С: Тұтынушылық қарыздарды өтеу тетігі қандай?
Ж: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Президент Жарлығының талаптарына сәйкес келетін адамдар тізімін қалыптастырады. Бұл тізім «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ-қа беріледі, ол берешекті банктердегі және микроқаржы ұйымдарындағы базалармен салыстырып тексереді, қарыз алушылардың санын және өтеу сомасын есептейді және ақы төлеуге арналған тізімді жасайды. «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ (Қор) әрбір банкпен және микроқаржы ұйымымен берешекті өтеу туралы келісім жасайды.
2019 жылғы 2 қыркүйекке дейін Қор ақшаны банктердің және микроқаржы ұйымдарының шоттарына аударады, олар 2019 жылғы 5 қыркүйекке дейінгі мерзімде азаматтардың берешегін өтейді, содан соң борышкерлерге берешекті өтегені және берешек қалдығының мөлшері туралы хабарлама жібереді.
Банктер және микроқаржы ұйымдары 2019 жылғы 9 қыркүйекке дейін қарыз бойынша төлемдер кестесін қайта қарайды және Қорға әрбір борышкер және оның қарызы бойынша берешекті өтеу туралы ақпарат ұсынады.
С: Кепілсіз тұтынушылық қарыз бойынша берешек қандай мөлшерде өтеледі?
Ж: 300 мың теңгеге дейінгі сомада.
Егер Сіздің негізгі борыш пен ол бойынша есептелген сыйақы сомасы 300 мың теңгеден аспайтын кепілсіз тұтынушылық қарызыңыз (банктен немесе микроқаржы ұйымынан алған) болса, онда барлық берешек сомасы мемлекет қаражатының есебінен өтелетін болады.
Егер Сіздің кепілсіз тұтынушылық қарыз бойынша берешегіңіз 300 мың теңгеден асып, 3 млн теңгеге жетпейтін болса, Сізге берешегіңіздің 300 мың теңгеге дейінгі сомадағы бөлігін өтеуге мемлекет көмек көрсетеді. Қалған берешекті (300 мың теңгеден артығын) қарыз алушы өзі өтеуге тиіс.
Кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша 3 млн теңгеден асатын жалпы берешекті өтеу Президент Жарлығының талаптарына жатпайды.
С: 300 мың теңгеге дейінгі берешегі өтелетін адамдардың тізімдерін қайдан табамын?
Ж: 300 мың теңгеге дейінгі берешегі өтелетін адамдардың тізімдерін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қалыптастырды. Әрбір банк пен микроқаржы ұйымы берешекті өтелу нәтижелері туралы өз қарыз алушыларына хабарлайды. 2019 жылғы 18 қыркүйектен бастап бүкіл рәсімдер аяқталған соң берешекті өтеу туралы ақпаратты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына өтініш жасап немесе «Электрондық үкіметтің» www.egov.kz веб-порталынан алуға болады.
С: Берешегімнің өтелуіне қатысты қашан және қайта өтініш жасаймын? Қандай құжаттар қажет?
Ж: Кепілсіз тұтынушылық қарыз бойынша берешекті өтеу үшін банкке немесе микроқаржы ұйымына өтініш жасаудың қажеті жоқ. Берешекті өтеу және есептелген тұрақсыздық айыбын, комиссияларды және өзге төлемдерді есептен шығару жөніндегі барлық жұмысты көмек көрсетілетін азаматтардың тізімдері қалыптастырылғаннан кейін банктер мен микроқаржы ұйымдары өздері жүзеге асырады.
С: Егер азаматтың бір немесе бірнеше банкте немесе микроқаржы ұйымында екі және одан да көп қарызы болса, берешегі (300 мың теңгеге дейінгі) қалай өтеледі?
Ж: Есептеу үшін қарыздары мен кредиттерінің санына қарамастан, бір адамның барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша жалпы берешегі (негізгі борыш + сыйақы) есептеледі.
Егер ол адамның бірнеше кредиті болса, онда берешекті өтеуге арналған 300 мың теңге мынадай кезектілікпен өтеледі:
бірінші кезекте ЖТСМ көбірек қарыздар және (немесе) микрокредиттер бойынша берешек өтеледі;
екінші кезекте негізгі борыш пен сыйақы бойынша 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша берешегі көбірек қарыздар және (немесе) микрокредиттер бойынша берешек өтеледі;
үшінші кезекте қарыз және (немесе) микрокредит шартының жасалған күні ертерек қарыздар және (немесе) микрокредиттер бойынша берешек өтеледі.
С: Өтеу қандай мерзім ішінде жүргізіледі?
Ж: Берешекті өтеу жөніндегі бүкіл жұмыс ағымдағы жылғы қырқүйекте аяқталады деп жоспарланып отыр.
С: Коллекторлық агенттікке берілген берешек өтеле ме?
Ж: 300 мың теңгеге дейінгі берешек банктердің және микроқаржы ұйымдарының балансындағы кепілсіз тұтынушылық кредиттері бойынша ғана өтелетін болады. Қарыз бойынша талап ету құқығы коллекторлық агенттікке емес, банкке немесе микроқаржы ұйымына тиесілі болса, Сіздің 300 мыңға дейінгі сомадағы банктер мен микроқаржы ұйымдары алдындағы берешегіңіз есептен шығарылады. Егер де қарыз бойынша құқық (талаптар) коллекторлық агенттікке сатылған (қайта берілген) болса, берешекті мемлекет өтемейді.
С: Мұндай науқандар қаншалықты жиі болып тұрады?
Ж: Кез келген кредит – бұл ең алдымен қайтарылатын қаражат. Сондықтан да қарыздарға қызмет көрсету мүмкіндігіңізді нақты бағалағаныңыз жөн. Бұл – азаматтардың әл-ауқатын жақсарту үшін жасалып жатқан бір реттік шара.
С: Тарату сатысында тұрған банкте кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша берешегім өтеле ме?
Ж: Иә, Президент Жарлықты іске асыру мақсаттары үшін екінші деңгейдегі банк ретінде «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заңға сәйкес лицензия негізінде банк қызметін жүзеге асыруға құқылы заңды тұлға, оның ішінде бұрын банк болып табылған заңды тұлға түсініледі.
С: Егер менің кредитім бойынша берешекті өндіріп алу туралы сот шешімі болса, кредитімді 2019 жылғы 1 маусымнан кейін өтеуге тиістімін бе?
Ж: Сот шешімдерінің болу-болмауына қарамастан, Сіздің қарызыңыз Президенттің Жарлығына сәйкес келген жағдайда ол бойынша 300 мың теңгеге дейінгі мөлшерде мемлекет көмегі көрсетіледі. Қалған берешекті (300 мың теңгеден артығын) қарыз алушы өзі өтеуге тиіс.
С: Егер менің банктер және микроқаржы ұйымдары берген өзге қарыздарым (ипотека, басқа да кепіл кредиттері) және банктен немесе микроқаржы ұйымынан басқа ұйымдардан (онлайн-кредиттер, ломбардтан алынған және т.б. қарыздар) алынған қарыздарым болса, олар өтеле ме?
Ж: Берешек банктердегі және микроқаржы ұйымдарындағы, Президент Жарлығының талаптарына сәйкес келетін кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша ғана өтелетін болады.
С: Егер көпбалалы отбасында қарыздар бойынша берешек ата-анасында қатар болса, есептен шығару қалай жүргізіледі?
Ж: Егер отбасының бірнеше мүшесінде кредит болса, яғни қарыз шарттары түрлі адамдарға жасалса, онда берешекті өтеу әрбір қарыз шарты бойынша жүзеге асырылады. Мысалы, егер отбасының екі мүшесіне екі кредит ресімделсе, онда әрбір қарыз шарты бойынша олардың 300 мың теңгеге дейін өтеу құқығы бар. Яғни отбасының екі мүшесіне берешекті өтеудің жалпы сомасы 600 мың теңгеге дейін болады.
С: Қарыз алушы Жарлықтың өлшемшарттарына сәйкес келетін азаматтар санатына жатқызылған жағдайда, Жарлық қабылданған күннен кейін оған кепілсіз қарыз бойынша берешекті өтеуге бола ма?
Ж: Президент Жарлығының шеңберінде екінші деңгейдегі банк-терде және (немесе) микроқаржы ұйымдарында борышкерлері көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан бала жасынан мүгедектер бар отбасылар, атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар, ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айырылған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар болып табылатын 2019 жылғы 26 маусымдағы жағдай бойынша кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша берешек өтелуге жатады.
Тиісінше, егер азамат бұл санатқа 2019 жылғы 26 маусымнан кейін жатқызылса, оған қатысты Президент Жарлығы қолданылмайды.
С: Қарыз алушы кепілсіз тұтынушылық кредит бойынша ағымдағы жылғы 1 маусымнан кейін (берешек тіркелген күн), бірақ банк немесе микроқаржы ұйымы Президент Жарлығы шеңберінде мемлекет бөлген көмек шеңберінде берешекті өтегенге дейін өтеген ақша сомасы не болады?
Ж: 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша берешек Қор ақша аударғанға дейін толығымен не ішінара өтелген жағдайда, банк және (немесе) микроқаржы ұйымы борышкерге ақша сомасының түскені туралы хабарлайды және келіп түскен ақшаны Қордан түскен сома арасында және борышкердің шотына берешектің нақты қалдығы айырмасы мөлшерінде аударады, не борышкердің таңдауы бойын-ша, оның өтініші болған кезде борышкердің кепілсіз тұтынушылық қарыз бойынша өзге де ағымдағы берешегін өтеу есебіне аударады.
С: Қоса қарыз алушылары/кепілгерлері азаматтардың өмірлік қиын жағдайда қалған жеке санатына жатқызылатын қарыздар бойынша мемлекеттік қолдау (300 мың теңгеге дейін) жүзеге асырылады ма?
Ж: Президенттің Жарлығында көрсетілген санат борышкерлер емес, қоса қарыз алушылар және кепілгерлер болып табылатын қарыздардың қатысуы қолдау шараларында көзделмейді.
II БАҒЫТЫ – АЙЫППҰЛДАР МЕН ӨСІМПҰЛДАРДЫ ЕСЕПТЕН ШЫҒАРУ
С: Кімдердің есептелген айыппұлдары мен өсімпұлдары есептен шығарылады?
Ж: Әлеуметтік мәртебесі мен есептелген айыппұлдары мен өсімпұлдарының сомасына қарамастан, 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша банктерде және микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша айыппұлдары мен өсімпұлдары бар барлық азаматтарға есептен шығарылады.
С: Кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша өсімпұлдарым мен айыппұлдарым қашан есептен шығарылады?
Ж: Банктер мен микроқаржы ұйымдары өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығарды. Бұл жұмыстың нәтижелері туралы әрбір қарыз алушыға банк және/немесе микроқаржы ұйымы хабарлайды.
С: Қарыздарым бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығарту үшін қайда, қашан өтініш жасауым керек? Қандай құжаттар қажет?
Ж: Кепілсіз тұтынушылық қарыз бойынша өсімпұлдар мен айыппұлдарды банктер мен микроқаржы ұйымдары өздері дербес есептен шығарды. Аталған жұмыс нәтижелері жайында әрбір қарыз алушыға банк және/немесе микроқаржы ұйымы хабарлауға тиіс.
С: Банктер және микроқаржы ұйымдары берген өзге қарыздар (ипотека, басқа да кепіл кредиттері) және банктен немесе микроқаржы ұйымынан басқа ұйымдардан (онлайн-кредиттер, ломбардтан алынған және т.б. қарыздар) алынған қарыздар бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдар есептен шығарыла ма?
Ж: Президент Жарлығын іске асыру мақсаттары үшін кепілсіз тұтынушылық қарыз ретінде жеке тұлғаға кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес мақсаттарға берілген, берген сәтінде кепіл туралы талабы жоқ банктік қарыз және (немесе) микрокредит түсініледі.
Осылайша, 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдар бойынша берешекті есептен шығару осындай кепілсіз тұтыну кредиттері бойынша ғана жүзеге асырылды.
С: Кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша айыппұлдар мен өсімпұлды есептеу 2019 жылғы 1 шілдеден кейін жаңартыла ма?
Ж: Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында банктік қарыздар бойынша төлемдер мерзімі өткен кезде айыппұлдар мен өсімпұлдың шекті мөлшері шектелген.
Мәселен, егер қарыз алушы 90 күн ішінде мерзімін өткізіп алса, айыппұлдар мен өсімпұл мөлшері әрбір кешіктірілген күн үшін мерзімі өткен төлем сомасынан 0,5%-дан аса алмайды, мерзімі өткен 90 күн аяқталған соң айыппұлдар мен өсімпұлдың шекті мөлшері әрбір кешіктірілген күн үшін мерзімі өткен төлем сомасынан 0,03%-ды құрайды.
Есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдың жалпы сомасы жылына берілген қарыз сомасынан 10%-ынан аспауға тиіс.
Бұл ретте кепілсіз банктік қарыздар және микрокредиттер бойынша айыппұлдар мен өсімпұлды алу ұзақтығы бөлігінде заңнамалық шектеулер жоқ.
Тиісінше, банктер және микроқаржы ұйымдары төлем тәртібін бұзған жағдайда, мерзімі өткен қарыздар бойынша айыппұлдар мен өсімпұлды есептеу қайта жаңартылуы мүмкін.
Қарыз алушының төлем тәртібі туралы ақпаратты банктер және микроқаржы ұйымдары міндетті түрде кредиттік бюроға береді. Қолданыстағы қарыздар бойынша шамалы ғана мерзімін өткізіп алуға жол беру кейіннен қарыздар алуға бас тарту себебі болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта Ұлттық Банктің азаматтардың борыш жүктемесін шектеуі мақсатында 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар, жеке тұлғалардың кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес барлық тұтынушылық қарыздары бойынша тұрақсыздық сомасын, комиссияларды және кредитті беру мен оған қызмет көрсетуге байланысты өзге де төлемдерді есептеуге тыйым белгілеу бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу жұмысын жүргізіп жатқандығын атап өтеміз.
Көрсетілген түзетулер ағымдағы жылдың соңына дейін қабылданады деп жоспарланып отыр.
«Оңтүстік Рабат», №34, 21 тамыз 2019 ж