«ПетроҚазақстанОйлПродактс» Қазақстан мұнайының 120 жылдығын атап өтті

169

Қазақстанның мұнайына — 120 жыл. Қазақстан Тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары республикада 26 млн тонна мұнай өндірілсе, бүгінде қара алтын өндіру көлемі 90 млн тоннаға жетті. Атаулы датаға орай Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытында мерекелі шара өтті.

Салтанатты жиында саланың ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, үздіктеріне мерекелі медальдер табыс етілді. Мұнай өңдеу саласының дамуына сүбелі үлес қосқандарды «Қазмұнайгаз» компаниясы мен «ПетроҚазақстан ОйлПродактс» серіктестігінің басшылығы сахна төрінде құттықтады.

«Қазақстанның мұнайына 120 жыл» мерекелік медалімен марапатталған ардагерлердің арасында Смағұл Жамалов та бар. Мұнай өңдеу зауытында еңбек етіп, зейнетке шыққан ақсақал еңбегінің еленгеніне ризашылығын білдірді. «18 жыл зауытта жұмыс істедім. Залда менің әріптестерім отыр. Олардың барлығына денсаулық тілеймін. Зауытымның жетістігі еселене берсін» дейді ардагер.

Салтанатты жиында зауыттың үздіктері — Игорь Горботенко, Садуақас Саудабаев, Серік Әуелбеков жоғары наградаларға ие болды. «ПетроҚазақстанОйл Продактс» серіктестігі республикадағы үздік ірі кәсіпорындардың бірі. 2014 -2018 жылдар аралығында жүргізілген жаңғырту жұмыстарының арқасында бүгінде халықаралық талаптарға сай сапалы өнім шығарады.

Мұратжан Мұсайбеков, «Қазмұнайгаз» компаниясының мұнай өңдеу жөніндегі басқарушы директоры: «Қазақстан Тәуелсіздігін алған кезеңде республикада 26 млн тонна мұнай өңделсе, былтыр 2018 жылы ол көрсеткіш 90 млн тоннаға жеткізілді. 56 млрд текше метр табиғи газ өндірілді. Бұл үлкен жетістікке жетуге еліміздегі инвестициялық климат әсер етті. Онсыз шетелдік алпауыт инвесторлар келмес еді. Мұнай мен газ саласының осындай биік дәрежеге жетуіне ықпал еткен Елбасымызға рахмет. Бүгінгі мерекемен «ПетроҚазақстанОйлПродактс» ұжымы мен халқымызды бұл атаулы мерекемен құттықтаймын».

Техни­калық мүмкіндігі жоғары кәсіпорын бүгінде ішкі және сыртқы нарыққа сапалы өнім жеткізіп отыр. Шымкент мұнай өңдеу заутыты ұжымының алар белестері алда.

Шынар Оразова