Шатқалдың болашағы бұлыңғыр

380

Шымкенттегі 124 гектар жерді алып жатқан 7 шатқалдың тағдыры қыл үстінде. Бұлай деуімізге негіз жоқ емес. Кезінде бұрынғы облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қала аумағындағы сай-саланы игеріп, демалыс аймағына айналдыру жобасы аясында құрылған шатқалдардың қазіргі сиқы көңіл көншітпейді. Көбісі жыларман күйде. Ал 10 гектар жерді алып жатқан «Н. Әбіш, Р. Оспаналиева» шатқалының жағдайы тіпті нашар. Мұндағы тал-дарақтар сүріліп, құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

Рет-ретімен баяндасақ…
Шымкент – жасыл қала. Сол қаланың аумағында ірілі-ұсақты сай-салалар жетерлік. Өкініштісі, кейбір пысықайлар сол шұңқырларды қоқыс тастайтын аймаққа айналдырған. Мұны байқаған сол кездегі ОҚО, кейін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев сол жерді абаттандырып, желегі жайқалған саябаққа айналдыруды тапсырды. Осылайша, 2017 жылы «Шатқал» бағдарламасы құрылып, шаһардағы сай-салаларды көгалдандыру шаруасы қолға алынды.

7 ШАТҚАЛ ҚҰРЫЛДЫ

Шымкент қалалық энергетика, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Сұлтан Түзеловтың айтуынша, «Шатқал» бағдарламасы аясында аумағы 300 гектар жерді жасыл желекке айналдыру жоспарланған. Бұл дегеніміз – Шымшаһарда 46 шатқал пайда болуы керек еді. Бірақ, барлық жұмысты бір мезетте орындау мүмкін емес. Әжептәуір қаржы да қажет. Сондықтан да, бағдарлама бірнеше кезеңге бөлініп, соның алғашқы сатысында шаһарда 7 шатқалды құру жоспарланды.
Осылайша жалпы аумағы 124 гектар жерді саялы баққа айналдыру жұмыстарының нәтижесінде Шымкентте «Самал», «Шымсая», «Юнус Эмре» «Н.Әбіш, Р.Оспаналиева», «Балабиев» шатқалдары құрылды.

7 шатқалға:
800 млн теңге бөлінді


Жоспарлы жұмыстың нәтижесінде алғашқы жылдары шатқалдарға жалпы есеппен 55 мың түпке жуық шырша, емен, айлант, үйеңкі, шаған, боз арша, аққайың, қарағаш көшеттері отырғызылыпты. Бүгінгі таңда мұнда егілген ағаштардың түбі 80 мыңнан асып жығылады. Қоршау тартылып, жарық трансформаторлары, су резервуарлары мен тік ұңғымалар орнатылған. Мұндағы тазалық және күтіп-ұстау жұмыстарымен «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС қызметкерлері айналысады.


Бос жатқан сай-саланың қоқыс алаңшасына емес, саябаққа айналғаны жақсы, әрине. Қалалық энергетика, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықтағылардың берген мәліметіне сенсек, 3 жылда шатқалдарға 800 млн теңге жұмсалыпты. Ал бұл аз ақша емес. Дегенмен, шымкенттіктер шатқалдардың шырайын жақын күндері көрмейтін сыңайлы. Неге десеңіз, қаламыздың жасыл экономикасына өз үлесін қосады деген және сол маң тұрғындарының отбасымен серуен құрып, демалуына оң септігін тигізеді деген шатқалдардың тағдыры қыл үстінде тұр.

ЖЕРДІҢ ИЕЛЕРІ БАР ЕКЕН…

Иә, дәл солай. Шатқалдар құрылып, тал-дарақтар егіліп, жайқалғаны сол еді кезінде қаңырап бос жатқан сай-саланың да иелері табыла қалды. Мәселен, Төлеметов көшесінің бойындағы жалпы алаңы – 8 гектарлық шатқал 4 адамның жер телімінен құралыпты. Төлеметов пен Өтегенов көшелерін бойлай орналасқан – 10 гектарлық шатқалдың да жері 6 адамға тиесілі.
Шымкент қалалық энергетика, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Сұлтан Түзеловтың сөзінен түйгеніміз, кезінде облыс және қала әкімдерінің тапсырмасына сәйкес, «Шатқал» үшін бөлінген 124 гектар жердегі жекеменшікке рәсімделген жер телімдерін сол кездегі қалалық жер қатынастары бөлімі мемлекеттің меншігіне қайтаруы тиіс еді. Өкінішке қарай, айтылған сөз айтылған жерде қалды. Тапсырма орындалмаған. Нәтижесінде араға жылдар салып, атқарылған жұмыстар еш кетіп, шатқалдардың болашағы қыл үстінде тұр.

9 ҚАБАТТЫ 21 ТҰРҒЫН ҮЙ САЛЫНАДЫ

Төлеметов пен Өтегенов бойындағы 10 гектар жерді алып жатқан «Н.Әбішев, Р.Оспаналиева» есімі берілген шатқал осылай түрленбек. Өзін «Феб-Строй Групп» ЖШС директорының орынбасарымын деп таныстырған Шавкат Убайдуллаев осылай дейді. Оның сөзінше, шатқал орналасқан жердің жартысы оған тиесілі.

– Жердің ауданы – 5,7 гектар. Оны 2006 жылы 20 жылға сол кездегі «Ташяпы Интернэшнл Констракшн» ЖШС атына рәсімдеп алғанмын. Содан бері бірнеше рет өзгеріске ұшыраған мемлекеттік АКТ 2019 жылы қайта рәсімделген. Бізден қателік, қазық қақпағанбыз. Соны пайдаланған қалалық ТҮКШ онда ағаш егіп тастапты. Аталмыш мекемеге хат жолдадық. Онда басқа жер телімін берсе, біздің жердегі орналасқан ағаштарды және су құбырларын өз есебімізден сонда көшіреміз делінген. Олар біздің хатымызға жауап берген жоқ. Басқа жер телімін ұсынбады. Біз оларды күтіп отыра бермейміз ғой. Өз жерімізде жоспар бойынша жұмысымызды бастап кеттік,-дейді Шавкат Убайдуллаев.

Ал бөлім басшысы Сұлтан Түзелов «Феб-Строй Групп» ЖШС-мен келісімге келгенбіз»,- дейді. Олар «ЛТД-Тұрмыс» мекемесімен келісе отырып, тал-дарақтарды көшіруі керек еді деп отыр.

16 мың шаршы метр
шарбақ орнатылды

41 мың суғару жүйесі
жүргізілді

26 суғару резервуары
қойылды

4 жарық
трансформаторы
орнатылған

17 дана тік ұңғыма
көшені бар

7 шатқал 124 гектар жерді алып жатыр

 

Барлығы 80 мың түп ағаш егілген

16 мың шаршы метр
шарбақ орнатылды.

41 мың суғару жүйесі
жүргізілді

26 суғару резервуары
қойылды

4 жарық
трансформаторы
орнатылған

17 дана тік ұңғыма
көшені бар

Барлығы 80 мың түп ағаш егілген

«Екі өгіз сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» демекші екі жақтың өзара түсініспеушілігінің не бұл мәселеге немқұрайлығының салдарынан 10 826 ағаш-дарағы талқандалып, жүргізілген 6490 метрлік су құбыры, 2 тік суғару ұңғымасы, 1 тарнсформатор жарамсыз күйге түскен. Ал құжаттарым заңды деген құрылыс компаниясы мемлекеттік АКТ-тен басқа құрылысқа рұқсат беретін құжатын көрсете алмады.

Самал – 38 гектар,
Депутаттар – 10 га,
НұрОтан – 8 га,
Балабиев – 8 га,
Н.Әбішев және Р.Оспаналиева шатқалы – 10 га,
Шымсая – 25 га,
Юнус Эмре – 25 га

Білгеніміз – мұнда 9 қабатты 21 тұрғын үй бой көтермек. Әр үйде 39 пәтерден болады-мыс. «Тұран» деп аталатын тұрғын үй кешенін 2020 жылы желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарлануда.
Немқұрайлылық па, әлде өз ісіне деген жауапсыздық па? Қалай десек те, осындай жандардың кесірі өзгелерге кесірін тигізеді. Шатқалда да осы мәселе. Қаланы көгалдандыруға кеткен қаншама қаражаттың бес тиын құны болмағаны ма сонда?

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №30, 24 шілде 2019 ж