Шымкент қаласындағы қалдықтар қоқыс жәшіктеріне сыймай жатыр. Салдарынан керексіз заттар сыртқа ағылып, өткен-кеткеннің өңмеңінен өтетін болған. Осылай деп ашынған елдің бірі “Нұрсәт» шағынауданында тұрады.

Сасық иістен әбден зәбір көрдік деген ел балаларын далаға шығарудан да қалған. Сөйтсек, ашынған жұртқа жауаптылардың өз айтары бар екен. Сөздерінше, мұндағы тұрғындардың кейбірі 6 жылдан бері төлемді өтемеген. Жиналған қарыздың құны бүгінде 3 млн. теңгеге жетіп жығылған.

Көрген қорлығымыз қоқыстан болды деген бұл жұрт “Нұрсәт» шағынауданының тұрғындары. Онсыз да тар аулаға жапсарлас орналасқан қоқыс жәшіктеріне ел осы уақытқа дейін үнсіз қарап келген. Бірақ, олардың шыдамы шегіне жетіпті. Сөздерінше қоқыстан аққан сасық су бүгінде ойын балаларының ермегіне айналған.

Күлайза Ермекбаева, қала тұрғыны: «Менің 7 немерем бар. Мына жерде доп ойнайды. Арыққа түседі. Великпен соның ішіне құлайды. Сол жаман судың ішінен талай шығарып алдым өз немеремді».

Қоқыс контейнерлерінен аққан сасық су үй аулаларына да жеткен. Ағыны жоқ арыққа келіп кептелетін жаман судың жағдайын ел жауаптыларға жеткізген. Алайда олар, бір-біріне сілтеуден әрі аспапты. Десе де, түсірілім тобы келгенде, қоқыс шығаратын компания мен ағыны жоқ арықты орнатқан жеке меншік мектеп басшылары елмен кездесуге уақыт тапты.

«Біздің қолымызда болса, бұл қоқысты бір күн де қалдырмаушы едік. Бізге тәуелді емес. Мен бұның тарихын білмеймін. Ғимарат алғашында жатақхана болған. Сол кезде салған болар. Енді істейміз қолға аламыз» дейді мектеп меңгерушісі.

Жаман суды ағызатын арық жасаймыз деп уәде бергенімен мектеп басшылығы қоқыстың басқа жаққа көшуін қалайды. Ал, көшіретін жер жоқ. Сондықтан тұрғындар тым құрыса қоқыс сыймай жатқан 4 жәшіктің қатары көбейсе екен дейді. Сонда ғана қалдықтар сыртқа ағылмай, жинақы жатар еді деп үміттенеді.

Күлайза Ермекбаева, қала тұрғыны: «Бізде контейнер жетіспейді. 11 үй қоқыс тастайды. Дүкен мен жатақхана тұрғындары да салады. 4-ақ жәшік бар. Сыймайды. Қоқыс далада жатады”.
Ал, қалдықтарды шығарушы компания өкілдері қоқыстың сыртта жатуына тұрғындардың өзлерін кінәлайды.

Дархан Сәрсенбай, «Экоспец каз» компаниясының шебері: «Біз азанда келеміз мысалы, контейнерлер барлығы тола болмайды. Жарты болады. Бірақ, барлығы жерге тастап кетеді. Ішіне тастаса сыяды ғой. Барлығы кішкентай балаларды жібереді. Бойы жетпейді. Негізі жуу біздің қызметімізге кірмейді. Әкімшілік айтады, апалар айтады соған бола келіп жуамыз. Айына 2-3 рет».

Айта кетейік, “Нұрсәт» шағынауданындағы тұрғындар компанияға бүгінде 3 млн. теңге берешек. Арасында коммуналдық қызмет ақысын 6 жылдан төлемей жүргендері де бар екен. Соған қарамастан коммуналдық мекеме қоқыс жәшіктерінің санын арттыруға уәде берді.

Назерке Үкібасова