Шымкентте баспаналары өртеніп кеткен тұрғындар аштық жариялады

177

Шымкентте жанып кеткен жатақхана тұрғындары аштық жариялап отыр. Халық сүрілген баспаналарының орнында түнеуді ұйғарған. Аз уақыт ішінде баспанамен қамтамасыз етеміз деп сендірген шенеуніктердің құрғақ уәдесінен шаршаған жұртшылық енді осындай қадамға барып отыр. Үй-күйсіз, құжатсыз қалған көпшілікті билік өкілдері бұл жолы қалай райдан қайтарды?

Көрпе-төсектерін қамдап, қараңғы түнде от жағып отырған бұл тұрғындар ашық аспан астында түнеуге бекінген. Олардың мұндай қадамға баруына уәделеріне салғырт қараған шенеуніктердің жайбасарлығы себеп екен. Жергілікті тұрғындардың келісімін заңдастырып, жаңа баспананың құрылысына кірісеміз деген билік өкілдері әлі күнге қам-қарекетсіз дейді.

Гүлнәз Истауова, қала тұрғыны: «Бізге осы жерден үй тұрғызамыз, әр отбасыға үй береміз деп әкімдер уәде берген. Бірақ уәде орындалмай отыр. Біз күн сайын әкімшілікке барамыз. Күніге ертең күте тұрыңыздар деген жауап естиміз. Осылайша үш ай өтті».

Баспанасынан айырылған тұрғындардың бұл шешімін естіген шенеуніктер де бой көрсетті. Алғашқылардың бірі болып Абай аудандық әкімінің орынбасары жетті. Нұрлан Тілеш тұрғындарды сабырға шақырып, жаңа баспананың құрылыс жобасын таныстырды. Бірақ шенеуніктің бұл әрекетінен түк шықпады.

Ақыры бұл жағдай тұрғындардың да денсаулығына әсер етпей қоймады. Жедел жәрдем өкілдері көмекке жетті.

Тұрғындардың жанайқайынан кейін аудан әкімі мен қала басшылығынан да өкілдер келді. Шенеуніктер жұма күні қала әкімімен кездесу ұйымдастырылып, көптің көңілін күпті еткен түйіткілдің түйіні сол жерде тарқатылатынын айтып сендірді.

Мақпал Рысбаева