Шымкентте кәсіпкер әйелді лифтте пышақтап өлтірген қылмыскер сотталды. 48 жастағы қаскөйге үкім Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында оқылды. Оған ҚР қылмыстық кодексінің 2 бабы бойынша айып тағылып, кісі өлімін арқалаған азамат түпкілікті 19 жылға сотталды.

Самидин Темірәлиев

Самидин Темірәлиев, Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы: «Н.Е.Бердибеков ҚР ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігінің 8-тармағында, 192-бабының 3-бөлігінің 2-тармағында қарастырылған қылмыс белгілерімен кінәлі деп табылды. ҚР ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігінің 8-тармағымен 15 (он бес) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚР ҚК-нің 192-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен 8 (сегіз) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚР ҚК-нің 58-бабының 4-бөлігінің талаптары негізінде жазаларды ішінара қосу арқылы қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығымен Н.Е.Бердибековке түпкілікті 19 (он тоғыз)  жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде өтеу белгіленді».

Еске салайық, қанды оқиға 2019 жылдың 11-мамырында, түс ауа сағат 16-00 шамасында орын алған. Қылмыскер қаламыздағы «Қырғы» базарда алтын саудасымен айналысатын кәсіпкерді тонау мақсатында, 2018 жылдың қараша айынан бастап оны аңдып, ізіне түскен. Араға 7 ай салып, ойындағы арам пиғылын іске асырған. Яғни, үйі мен жәйі, күнделікті жүріс-тұрысын жіті жаттаған қылмыскер сол күні оны өзі тұратын үйдің лифтінде күтіп алады. Осылайша, алдын ала дайындықпен әкелген асхана пышағымен жәбірленушінің өмірлік маңызды мүшелерін, ішкі ағзаларын зақымдап, 57 жастағы әйелді өлтірген. Мұнымен қоймай, бағалы заттары мен қалтасындағы 1,5 миллион теңгеге жуық қаржысын қолды қылған еді.

Мөлдір Бекеева