Шымкентте «Отбасы фест» фестивалі өтті

247

Қаламыздың жанұялары жексенбі күні орталық саябақта бас қосты. Басты себеп осымен екінші рет ұйымдастырылған «Отбасы фест» фестивалі. Жалғасын тауып отырған шара бұл жолы ойын күлкімен ғана шектелген жоқ. Қайырымдылық жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Ал, одан жиналған қаржы қатерлі ісік ауруына шалдыққан баланың еміне жұмсалады.

Бұған дейін мамыр айында өткізілген «Отбасы фест» фестивалі тамыз айында тағы да ұйымдастырылды. Балаларды мектеп алдында сергітуге арналған шара бұл жолы бір күндік. Айта кетейік, фестивальде толық отбасылармен бірге ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар да көңіл көтеріп, ел алдында өз өнерлерін көрсетті.

Ұлболсын Мүсірәлиева, №1 балалар үйінің тәрбиеленушісі: «Мен бүгін ең әдемі көйлегімді арнайы киіп келдім. Өлең айттым. Өте қуаныштымын. Болашақта әнші болғым келеді».

Балаларын серуендетуге келгендердің бірі — Мадина Арапбаева. 3 баланың анасы мамыр айындағы фестивалге де арнайы келген. Айтуынша, отбасылық шаралар үшінші мегаполисте өте сирек өткізіледі.

Мадина Арапбаева, қала тұрғыны: «Балаларымызбен міндетті түрде келеміз. Негізі бізде өте сирек өткізіледі. Балалардың ой өрісін өсіру үшін мұндай фемстивальдер өте қажет».

Қайырымдылық жәрмеңкесінде түрлі тәттілер, ойыншықтар мен естелік сыйлықтар сатылды. Ал, балалар дәрігерлері келушілерді таңнан кешке дейін тегін қабылдады. Жаттықтырушылар спортқа әуес жеткіншектердің мүмкіндігін татамиде тексеріп көрді.

Назерке Үкібасова