Шымкентте интеллектуалды ойындар шоғырланған жалғыз спорт мектебі бар. Жалғыз болғанымен, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш халықаралық дәрежедегі гроссмейстері осы спорт ордасының түлегі. Шахматтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ләззат Тажиеваның есімімен аталған №4 спорт ордасы әйгілі ұстаздың ізін басып келеді. Мұнда тек шахмат қана емес, интеллектуалды ойындардың үш түрі қолға алынған. Үшеуінде де кем дегенде Азия чемпиондары бар. Содан болар, соңғы кезде Шымкентті – интеллектуалды ойындар орталығына теңейді.

ШАХМАТ

Шахмат − әлемдегі танымал логикалық ойындардың бірі. Адамның ойлау қабілетін, тактикасын және зияткерлік қабілетін дамытатынын бірі білсе, бірі білмес. Шахмат – адамның ойлау қабілетіне қолайлы спорттық ойынның әлемге кең тараған түрі. Ендеше, адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуына мүмкіндік беретін шахматтың шымкенттегі чемпиондарына тоқталайық.
Гүлісхан Нахбаева – Қазақстанның тұңғыш халықаралық дәрежедегі гроссмейстері. Азияның үш дүркін чемпионы. Құрлықаралық жарыстардың қола жүлдегері. Евразия кубогінің жеңімпазы, орта Азия чемпионы. Универсиада чемпионы, Азия біріншілігінің күміс жүлдегері, Қазақстан әйелдерінің 5 дүркін чемпионы, Әйелдер арасында Азияның күміс жүлдегері. Шымкент қаласының Ләззат Тажиева атындағы №4 спорт мектебінің түлегі.

Гүлмира Даулетова – шахматтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Азия чемпионы, «Аэрофлот open» халықаралық турнирінің жеңімпазы, Чехияда өткен Еуропаның ашық чемпионатында гроссмейс-тер нормативін орындап, алтыннан алқа таққан. Әлем чемпионатында алғашқы бестіктен көрінген. Шымкент қаласының Ләззат Тажиева атындағы №4 спорт мектебінің түлегі.
Интеллектуалдар бұл қос бойжеткенмен шектелмейді.
Жасөспірімдер арасында Рамазан Жалмаханов шахматшылар олимпиа-дасында 16 жасқа дейін ұлдар мен қыздар арасындағы сынақта күміс медаль жеңіп алды. Қазақстан чемпионы және Республика Кубогі үшін таласта чемпион атанған. Бекмұхамед Несіпбаев та олардың ізін басып келеді. Шахматшы Қазақстан Кубогы үшін жарыста бірінші орыннан көрінген, ел чемпионатында жүлделі болған. Лилия Асанхан болса қыздар арасында Республикада көш бас-тап тұр. Аяулым Қалдарова да ел шеңберіндегі жарыстарда жүлделі орындардан көрінуде.
Бүгінде Гүлісхан да Гүлмира да отбасылы болып, Гүлісхан шәкірт тәрбиелеп жүр. Өзінің жеке шахмат мектебі де бар. Ал Ләззат Тәжиеваның ізін басқан жастар биыл да бір қатар жарыстарға шығады. Бұл дегеніміз медальдар қатары артады.

ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ

Тоғызқұмалақ ойыны – атадан балаға қалған мұра, ұлттық ойы-нымыз. Интеллектуалды спорт түрлері қатарына кейінірек кірген. Жылдар бойы қолға алынбаған тоғызқұмалақты соңғы жылдарда ғана шыңға сүйреуде. Бүгінде Әлем, Азия чемпионаттары да өтіп тұрады. Дүниежүзін өзіне қаратқан чемпион да оңтүстіктің бойжеткені. Әсел Далиева – осы ойынның нағыз фанаты, жеңімпазы, бұл күндері үлгілі ұстаз деуге де болады.


Математикалық ойлау жүйесін дамытып, төзімділікке баулиды. Қызығы, бұл ойынмен таныс жасөспірім оқуда озат, ал білім сынақтарынан сүрінбейді. Оның айғағы ретінде Даниял Оңғарды келтіруге болады. 13 жасар жеткіншек тоғызқұмалақтан Азия чемпионы. Биыл 9-сыныпқа өткен Даниял үш тілде дәріс беретін «Дарын» мектебінің оқушысы.
– Бұл білім ошағының қабылдау сынағынан ол осы ойында жүйрік болуының арқасында сүрінбей өтті,-дейді бапкері Мадина Аманова.
– Ұлыңыз оқуда озат болсын десеңіз тоғызқұмалақ тақтайшасын сатып алып берген жөн, немесе қалалық №4 спорт мектебіне алып келіңіз. Мұнда тегін дәріс алады,-деп кеңес береді еліміздің жоғары санаттағы бапкері.

Дойбы

Дойбы ойынымен таныс емес жан кемде-кем болар. Саябақтарда, бау-бақшада, жұмыста, үйде, стадионда, ол аз дегендей шәй ішіп отырып та дойбы ойнауға болады. Шымкенттіктер солай жасайды да. Ал, Қажымұқан атындағы орталық стадионда Аки есімді жанкүйер футболшылармен бәстеседі. «Ордабасы» ойыншылары дойбы ойынында көбіне жеңіліп қалатынға ұқсайды. Әуесқой ретінде дойбыны кез келген жерде ойнауға болса, ал кәсіби шұғылдану оңай шаруа емес. Жылдар бойы бапкер Жандос Үсенов тер төгіп келеді.
Қалалық №4 спорт мектебіне шахматшы Ләззат Тажиеваның есімі берілгенімен шымкенттік дойбышылар да көп жетістікке жетті. Биыл Ташкентте Азия чемпионаты өткен болатын. Жарысқа Жапон, Қытай, Моңғолия сынды алыс шет елден интеллектуа-лдар жиналды. Олардың арасында шымкенттіктер де жеңіс үшін таласты. Үміт ақталды да. Наби Елдос шапшаң ойнаудан құрлық чемпионы атанды. Ал, шаршылы дойбыдан өткен Азия сынағында 20 жасқа дейінгілер арасында Наби жүлделі орыннан көрінді. Ал, 17 жасқа дейінгілер арасында Илхом Батырханов дойбының «классикалық» түрінен қоладан алқа тақты. Бұл интеллектуалды ойынның «Түрік дойбы» атауы бар. «Түрік дойбысы» атанып кеткен ойыннан да ресми құрлық біріншілігі өткен болатын. Наби Елдос бұл жолы да жүлдесіз қалмады. Үшінші орыннан көрінді.

ҚАЛАЙ ҚАБЫЛДАЙДЫ?

Спорт мектебінің де өз ережесі, өз талабы бар. Шымкенттің намысын жарыстарда қорғай алатын жеткіншектерді ғана өз қанатының астына қабылдай алады. Сол себепті, үш бөлімшеде спортшылардың қатары шектеулі. Әр орын қымбат. Шахмат бөлімінде 61 оқушы жаттығады, оның 5 спорт шеберіне үміткер, өзгелері түрлі санатқа жатады. Ал, тоғызқұмалақ бөлімі 2007 жылы ашылған. Бұл – біздің ұлттық «бренд». Қазіргі таңда бөлімде 86 оқушыдан 12 –спорт шеберіне үміткер, 31 –І санатты, 1-ІІ санатты оқушы жаттығады. Дойбы бөлімінде де 107 оқушы шеберлігін кәсіби тұрғыда шыңдауға мүмкіндік алған, оның ішінде Қазақстанның спорт шебері дәрежесін алған 4 спортшы бар, үміткерлер – 13 болса, І санатты – 9, ІІ санатты – 13, ІІІ санатты – 12, ІV санатты-4. Интеллектуалды ойындардың үш бөліміне де 7 жастан қабылданады. Қабылдау тегін.

Сарбиназ АЛДАБЕРГЕНОВА

«Оңтүстік Рабат», №31, 31 шілде 2019 ж