Әне-міне, дегенше 2019-2020 жаңа оқу жылы да басталмақ. Ата-аналар балаларының киім-кешегін, оқу құралдарын қамдауға білек сыбана кірісіп кетсе, білім ұялары оқушыларды қабылдауға әзірліктерін пысықтауда. Мектептердегі орта жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Алдағы аптада олардың даярлығын арнайы комиссия тексеретін болады. Қалалық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, даярлық топтары мен бірінші сыныпқа оқушы қабылдау жұмыстары да қызу жүруде. Сонымен биылғы оқу жылының ерекшелігі мен оқу бағдарламасындағы жаңашылдықтар қандай? Оқушыларды не күтіп тұр? Мұғалімдер қауымын ше? Қалалық білім басқармасының биылғы оқу жылындағы жағымды жаңалықтары қандай?

4,9,10-сыныптар жаңа форматта оқиды

2019-2020 оқу жылының басты ерекшелігі 4-ші, 9-шы және 10-шы сынып оқушыларының жаңартылған білім мазмұнымен оқитындарында. Еліміздің бас педагогының сөзіне сенсек, бұл сыныптың оқушылары айтарлықтай өзгерісті сезінбейді. Оның айтуынша, жаңартылған білім мазмұнымен оқитын 4-ші сыныптың оқушыларына бұл бағдарлама тансық емес. Олар оны 1-ші сыныптан бері меңгеріп келеді. 10-сынып оқушылары үшін «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні қосылмақ. Министрлік бұл пәнді оқыту оқушыларының алдағы уақытта мамандықты дұрыс таңдауына септесетініне сенімді. 9-шы сыныптағылар үшін өзгеріс жоқ. Жаңа мазмұндағы оқулықпен оқитыны болмаса. Бүгінгі таңда аталмыш сынып оқушыларын жаңа мазмұндағы кітаптармен қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Яғни кітаптар еліміздің түкпір-түкпіріндегі мектептерге жеткізілмек.
Осы тұста естеріңізге сала кетейік, білім берудің 12 жылдық жүйесіне көшу аясында 2016 жылдан бастап 1-ші, 2-ші, 3-ші, 5-ші, 6-шы, 7-ші және 8-ші сыныптарда орта білім берудің жаңартылған мазмұны енгізілді. Сәйкесінше, осы сыныптардың оқулықтары кезең-кезеңімен жаңартылған болатын. Ендігі кезек 4-ші, 9-шы, 10-шы сыныптарға келді. Ал 2020-2021 оқу жылында бұл үрдіске 11-сынып та қосылатын болады. 2021 жылы жаңартылған білім беру мазмұны толықтай енгізілген соң, кезең-кезеңмен 12 жылдық жүйеге көшу жоспарланған.

3 АУЫСЫМДЫҚ МЕКТЕПТЕРДІҢ «ЖЫРЫ»

Оқуы жылының басталуына санаулы күндер қалды. Ал Шымкентте мектеп тапшылығы байқалады. Қалалық білім басқармасы берген мәлімет бойынша, биылғы жаңа оқу жылында шаһардағы 144 мектептің 19-ында оқушылар 3 аусымда оқитын болады. Әсіресе, бастауыш сынып оқушыларын сынып бөлмелерімен қамтуда қиындықтар бар. Осы мәселені шешу мақсатында жергілікті билік алдағы бес жылда 15 мектеп саламыз дейді. Дегенмен демогарфиялық өсімнің қарқынын ескерсек, жаңа мектептер пайдалануға берілген күннің өзінде үш ауысымдық мектептердің «жыры» таусылмайтын сияқты. Десек те, жергілікті билік қол қусырып отырған жоқпыз дейді. Бұл мәселеден шығуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке арқа сүйеп отырғандығын айтады.

5454 оқушының білім алуына – 794 млн теңге бөлініп отыр

Шымкент қалалық білім басқармасының берген мәліметтеріне сенсек, орта білім беру саласына жекеменшік капиталды тарту, жекеменшік мектептер желісін арттыру мақсатында Шымкент қаласының әкімдігі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі және қалалық Кәсіпкерлік палатасы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Соған сәйкес, қаладағы жекеменшік мектептер үшін жан басына қаржыландыру принціпі енгізіліп отыр. Бұл принцип елімізде 2013 жылдан бері қолданыста. Ол бойынша Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстарынан 63 мектеп және Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан 10 мектеп жұмыс істеуде. 2018 жылғы қыркүйектен бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру Нұр-Сұлтан қаласының барлық мемлекеттік және жеке меншік мектептерінде, ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап республикамыздың барлық жеке меншік мектептерінде енгізілді. 2019 жылғы қыркүйектен бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру Алматы мен Шымкент қалаларының мемлекеттік мектептерінде енгізілетін болады. Ол үшін ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 2 млрд 794 млн 986 мың теңге қаржы бөлініп, қыркүйек айынан бастап 130 мемлекеттік мектептерде жан басына қаржыландыру жүйесін ендіру жоспарлануда. Ал, 2020 жылғы қыркүйектен бастап республикамыздың барлық қала мектептерін жан басына шаққандағы қаржыландыруға толығымен өткізу жүзеге асырылады.
Қалалық білім басқармасын-дағылардың айтуынша, 2018 оқу жылы шаһардағы 3 жекеменшік мектепке 765 оқушы мемлекеттік тапсырыс арқылы орналастырылған. 2019 жылы 11 жекеменшік мектепте 5 454 оқушы мемлекеттік тапсырыс аясында білім алатын болады. Осы мақсатта – 794 млн теңге бөлініп отыр.
Бұл жобаның тағы бір тиімділігі жеке меншік мектептер оқушыларды мемлекеттік тапсырыспен оқытумен ғана шектелмейді, ол сондай-ақ жаңадан енгізілген жекеменшік мектептер үшін әрбір оқушы орнына ынталандыру компонентін көздейді. Соның нәтижесінде, қаламызда 2018 жылы жобалық қуаттылығы 2 400 орынға арналған 4 жекеменшік мектеп ашылды. 2019 жылдың сәуір айында 300 орындық «Жас дарын» жекеменшік мектебі ашылса, жыл соңына дейін 2000 орындық 5 жекеменшік мектеп ашылады деп жоспарлануда.
Жан басына шаққандағы норматив аймақтылығы (экология, радиация), орналасқан жері (қала, ауыл), білім беру деңгейі (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта), білім беру бағдараламаларының түрі (түзету топтарында, үйде оқу) бойынша ерекшеленеді.
Аталған компонент 8 жыл бойы төленеді және инвесторға оның меншігінде қалатын мектепті салуға жұмсаған шығындарын қайтарады. Сонымен қатар, ата-аналар төлемін, оның ішінде баланың мектепте болуына жақсартылған жайлы жағдай ұсынғаны үшін төлем алу құқығы қалады.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №33 14 тамыз 2019 ж