Жазасын өтеп шыққандарды жұмыспен қамтуда кедергі жоқ

«Сотталмағаны туралы анықтама қажет». Жұмыс іздеушіге қойылатын басты талап осы. Алайда өмірде шалыс басып, жазасын өтеп шыққандарды еңбекке тартудан қашпайтын жұмыс берушілер де жоқ емес. Кей сотталғандар тіпті ешкімнен қолдау күтпей-ақ сүйікті істерінен нәпақа тауып жүр. Бостандыққа шығып, екі қолға бір күрек тапқандардың тыныс-тіршілігі туралы келесі сюжетте.

Нұрлан Айдаров пробация қызметінің есебінде тұрады. Кісі өліміне кінәлі деп танылғаны үшін 6 жыл сотты болған. Былтыр ғана жазасын өтеп шыққан ол қазір сүйікті ісін кәсіпке айналдырып отыр. Он саусағынан өнері тамған жігіт ағаштан түйін түйіп, қолөнер бұйымдарын жасайды. Тапсырыс көп. Алдағы уақытта шағын шеберханамды кеңейтіп, өзгелерді де жұмыспен қамтысам деп құлшынып отыр.

Нұрлан Айдаров: «Кейде бір өзім үлгере алмаймын. Тапсырыс көп, тағы да станоктер алып адамдарды жұмыспен қамтығым келеді».

Ауыр қылмыс жасап, жазасын өтеп шыққандардың бірі — Валерия Никитина. Ол қазір жерігілікті тігін цехтарының бірінде жұмыс істейді. Арнайы үлгідегі киімдер тігіп, напақасын тауып жүр.

Жұмыс берушілер тәуекелге барып, сотталған азаматтарды жұмысқа қабылдаудың қиындықтарын жасырмайды. Алайда, шалыс басып жазасын өтеп шыққандарды бастапқыда психологиялық тұрғыдан демеп жіберсек, олар да нәтиже көрсете бастайды дейді.

Шымкент қаласы әкімдігінің «Өмірлік қиын жағдайға түскен азаматтарды бейімдеу орталығында» қазір түзеу мекемесінен шыққан 16 азамат тұрып жатыр. Жыл басынан бері сотты болған 7 тұрғынды жұмысқа орналастыруға ықпал еткен мамандар қазір жұмыс берушілердің де көзқарасының өзгеріп келе жатқанын айтады.

Айта кетейік, жыл басынан бері Шымкентте пробация қызметінде тұрған 100 — ден аса азамат жұмыспен қамту шараларына тартылған. Оның 43 -і квотамен, 7-уі тұрақты жұмысқа, 2-уі қоғамдық жұмысқа жолданған болса, 13 азамат нарықта сұранысқа ие мамандықтарға қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолданған.

Мақпал Рысбаева


Warning: mysqli_query(): (HY000/1030): Got error 28 from storage engine in /home/ruotyrar/kz.otyrar.kz/wp-includes/wp-db.php on line 2007