Шымкенттегі Сапақ датқа көшесіндегі көпқабатты үйдің тұрғындары далада қаламыз ба деп қауіптеніп отыр. Айтуларынша, осыдан 3 ай бұрын әбден тозығы жеткен баспананы жөндеуге кіріскен құрылысшылар жұмысты созбалаңға салып отыр. Салдарынан кей отбасылар жылусыз, кейбірі тіпті баспанасыз қалуы мүмкін.

Негізінен зейнеткерлер мен көпбалалы отбасылар қоныстанған бұл тұрғын үй осыдан 55 жыл бұрын салынған. Бүгінде қабырғалары қақырап, қисая бастаған. Тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы аясында жөнделіп жатқан баспананың 3 айдан бері тек жертөлесі ғана қазылған.

Эльмира Бейсенова, тұрғыны: «Біз телевидение шақырамыз дедік. Жұма күні ертесіне қимылдай бастады. Сенбі, жексенбі күндері олар мүлдем жұмыс жасамайтын. Бірақ, бұл жолы жұмыс жасады. Адам да көп болды. Әдетте 5-6 адам ғана жүретін».
Құрылыс жұмыстарының баяулығын алға тартқан тұрғындар жұмысшылардың жарыққа ортақтасқанына да наразы. Бұл әсіресе жоғары қабатта тұратын тұрғындарға қолайсыздық туғызып отыр. Жұмысты жертөледен бастаған құрылысшылар әлі электр, су және жылу құбырларын ауыстыруы қажет.

Ұлан Күнходжаев, «Омега строй» ЖШС-нің шебері: «Жұмыстың 60-70 пайызы аяқталды. Қазу жұмыстары, демонтаж жұмыстары жүрді. Біз жертөлесі жоқ үйге жертөле жасап жатырмыз. Оның барлығы оңай емес. Барлығы қолмен жасалады».

Мердігер «Омега строй» ЖШС -і жыл соңына дейін құбырларды ауыстыруға уәде берді. Тек құлауға шақ тұрған үйдің бетонмен қоршалу жұмыстары кейінгі жылға қалғалы тұр.

Асанәлі Ералыұлы, «Омега строй» ЖШС- і басшысының орынбасары: «Биылға 8 млн. теңге қаралған. «Келесі сессияда қаралады тағы ақша бөлінеді, ары қарай істей бересіңдер деген. Амалдап жұмыс істеп келе жатырмыз. Жұмысымыз одан асып кеткен».

Күрделі жөндеу үшін мемлекеттен 87 млн. теңге қаралған. Алайда мердігерлер қаржының небәрі 8 млн. теңгесіне ғана қол жеткізген. Қаражат мәселесі шешімін тапса, жұмысты ширатамыз деп уәде етті.

Назерке Үкібасова