Облыс пен қаланың бөлінуінен қарапайым халық неге зардап шегуі керек? Қара төбе елдімекенінің тұрғындары осылай деп ашуын айтады. Жаз бойы ауылдағы 270 үйдің тұрғыны суармалы суға зар болып, не егін еге алмай, не мал баға алмай қалдық дейді. Оған облыстың Оңтүстік Қазақстан болып тұрған кезінде басталған жол құрлысының шала жасалып, сағызша созылуы. Тау бөктерінде тұрып, судан тарлық көрген тұрғындардың талабы қандай?

Қара төбе елді мекенінің тұрғындары Конституция күнін жолдан аққан суды кешіп жүріп, атап өтіпті. Өйтпес пе еді, егер ауылға ағын су молынан келіп жатса. Далаға аққан суды жұрт аулаға айдап әлек. Қурап бара жатқан егістікке тамшы болса да тие берсін деген ниет. О баста елдімекенге төселетін жолдың жобасындағы қателіктің салдарынан ауылдың екінші жартысына арықтағы ағын су жетпей қалған.

Райымқұл Мавланқұлов, Қара төбе елдімекенінің биі: «Ата-бабамыздан келе жатқан арықты жоқ қылып жіберді. Жобада жоқ деп. Салмаған арықты. Содан кейін біз қанша жүгірдік. Кішкене трубаны әкеліп қойды. Түбінде қалып кетті. Кеше су жыққан едік. Жолды су алып кетті».

Тұрғындардың айтуынша бұл жерге асфальт төсеу 2011 жылы басталған. Содан бері сағызша созылып келеді екен. Құрылысшылар бар арықты бітеп кеткен. Енді ала жаздай тамшы суға зар болған тұрғындардың бау-бақшасы қурап кеткен.

Жаз кетіп, күз қыратқа келген сайын, тұрғындардың қауіпі де күшейіп келеді. Жауын-шашын суы жолға ағып, ми батпаққа айнала ма деген алаң. Сайрам ауданынан Шымкент қаласына кірген ауыл құжат бойынша әлі толық қабылданбаған. Сол себепті ауыл азаматтары базынасын кімге айтарын білмей, дал.

Арық суы арманға айналғанда ауылға ауыз су да күніне 3 сағат беріле бастағаны жығылғынға жұдырық болып тұр. Үй алдынан құдық қазып алайын десе, оның құны жарты миллион теңгеден асады екен. Ол ақшаны ауыл адамы қайдан алсын? Қаратөбенің қараша халқы осылайша құбырдан ауыз суды күтіп, арық суын армандаумен күн кешіп келеді.

Ғалымжан Кенжебек