Қасым – Жомарт Тоқаев: «Мемлекет табысын бөлуде әділдікті күшейтуге тиіспіз»

213
фото Zakon.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент болғанына 100 күн толды. Мемлекетті басқарып отырғанына үш айдан астам уақыт ішінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың қандай жұмыстарды атқарып үлгергенін оның баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің фейсбук парақшасында жариялады. Мемлекет басшысы халыққа өзі уәде еткен қандай істерді тындырып үлгерді? Кімді қызметінен босатты?

Мемлекет басшысы 100 күннің ішінде 5 заңға қол қойып, 100-ден астам Жарлық, 40 өкім шығарды. Аталған уақыт аралығында еліміздің Қарағанды, Атырау, Ақмола және Солтүстік Қазақстан өңірлері мен Шымкент, Арыс, Ұлытауға іссапармен барды. Ал 24 маусым күні болған төтенше жағдай кезінде Арыс халқының жанынан табылғаны көптің есінде қалды.

Өзінің сайлауалды бағдарламасында елдің әл-ауқатын арттырамын деген Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік осал топтардың несиесін 300 мың теңгеге дейін кешіру туралы Жарлыққа қол қойды. Бүгінде Қазақстан бойынша 507 мыңнан астам адамның несиесі кешірілді. Оған қоса, Үкіметке кіші және орта бизнесті үш жылда салықтан босатуды тапсырды. Ал жұмыс берушінің жұмысшыға қосымша 5 пайыз зейнетақы аудару міндеттемесі 2023 жылға дейін шегерілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Сарапшылардың пікірінше, қаржылай қолдаудың игілігін жергілікті билікпен байланысы бар шаруашылықтар ғана көріп отыр. Шын мәнісінде, жаңа жобалар бойынша компаниялар құрылып жұмыс орындары ашылуы керек еді. Бұл қарапайым заттардың экономикасына тікелей байланысты. Бірақ жергілікті әкімдер ұйымдастыру жұмыстарын талапқа сай орындамаған. Соның салдарынан салық және зейнетақы төлемдерін арттырып, жергілікті бюджетті нығайтуға жағдай жасалып отырған жоқ».

Мемлекет басшысы бюджет мәселесіне бірнеше рет тоқталды. Алдағы уақытта «тиімді қаржы жүйесін » енгізетінін айтты. Елді елең еткізген оның тағы бір мәлімдемесі мемлекет табысын халыққа әділ бөлу туралы болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Біз мемлекеттің әлеуметтік саясатын қайта қарауымыз керек. Ұлттық экономика — біздің қазақстандықтардың әл-ауқатына негізделуі тиіс. Басқаша айтқанда, мемлекет табысын бөлуде әділдікті күшейтуге тиіспіз».

Мемлекет басшысы халыққа өзінің алғашқы Жолдауын да жолдап үлгерді. Онда президент сайлауалды бағдарламасында айтқан «Заң үстемдігі және әділ сот төрелігіне» ерекше тоқталды. Алдағы уақытта заң өзгеріп, көптеген қылмыс үшін жаза қатаңдатылады. Және Қасым-Жомарт Тоқаев осыған дейін өткізуге тыйым салынып келген митингтерге деген ұстанымын да жария етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: «Егер қандай да бір акциялар бейбіт мақсатты көздеп, тұрғындардың тыныштығын бұзбайтын болса, заң талаптары бойынша оларға рұқсат беру қажет. Арнайы жер де бөлінуі шарт. Бірақ қала сыртында емес. Акциялар кезінде тәртіп бұзылып, бұзақылық жасалса, заңға сай әрекеттер қолданылады».

Аз уақыттың ішінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрып, алғашқы отырысын да өткізді. Онда көптің көкейінде жүрген мәселелер көтерілді. Соның бірі — еліміздің сыртқы қарыздарына тікелей бақылау орнату үшін ашық реестр құру жөніндегі бастама. Алқалы жиында әлеуметтік, саяси, экономикалық мәселелерден бөлек, ұлттық болмыс пен мінез де сөз болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Масылдық пиғылдың орын алуына жол берілмейді. Өкінішке қарай, бұл кесел ұлттық мінез-құлқымызға кері әсерін тигізуде. Біз бүкіл қоғам болып, жұртшылықты еңбекке баулуға тиіспіз. Табысты жұмыс істегені үшін азаматтарды қаржылай ынталандыру керек. Бұл — мемлекеттің міндеті. Біз осы міндеттерді орындауымыз керек».

Елде болып жатқан әрбір мәселе президент назарынан тыс қалмайды. Оны мемлекет басшысының «твиттер» әлеуметтік желісіндегі парақшасынан байқауға болады. Презиенттің әрбір жазбасы ел ішінде қызу талқыға түседі.

Мемлекет басшысы жұмыс істемейтін шенеуніктерге орындарын босату қажеттігін ескертті. 3 ай бойы ескерту түрінде берілген сөз іске асып та жатыр. Қызметіне тура 100 күн толғанда мемлекет басшысы бірқатар шенеуніктерді орнынан алды. Айта кетер жайт, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болғалы Президен Әкімшілігінің басшысын 4 рет ауыстырды.

Меруерт Ахан