«Тазалық денсаулық кепілі». Жаңа тағайындалған Абай ауданының әкімі өз жұмысын аудан тазалығынан бастады. Ауданда тазалықпен айналысатын екі мекеме бар, бірі қатты тұрмыстық қалдық шығарса, енді бірі аула тазалығына жауапты.

Осы мекеменің жұмысшылары бүгін қоқыс алаңдарындағы қордаланған құрылыс қалдықтарын шығарып, істен шықан қоқыс контейнерлерін жөндеумен айналысты.

Қатты тұрмыстық қалдық жиналатын алаңда қоқыстың осылайша қордалануына тұрғындар кінәлі. Әкімдіктегілердің айтуынша осындағы құтыларға тұрғындар құрылыс қалдықтарын тастайды. Нәтижесінде контейнер істен шығып қоқыс қордаланады. Көпшіліктің бұл әрекетін тұрғындардың өздері мойындап отыр. Бірақ қолдан келер шара жоқ дейді.

Бүгін аудан әкімдігінің мамандары тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді және алдағы уақытта ӘҚБ Кодекісінің 505 бабы бойынша 20 АЕК айып салынатындығын ескертті. Айта кетейік, Абай ауданында 120 қоқыс алаңшасында 400 — ден астам қоқыс құтылары бар.

Биылғы жылы аудан әкімдігі қосымша 300 жаңа контейнер алған, тозығы жеткен құтылар кезегімен алмастырылады және бұзылғандары жөнделеді. Ал бүгінгі тазалық шарасына екі мекеменің 5 техникасы мен 50 — ге тарта жұмысшылары жұмылдырылды.

Нұрлан Күдерұлы