Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының бір топ офицерлері Ішкі істер министрі генерал-лейтенант Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасымен Шымкент қаласындағы №46 және №65 мектепте қонақта болып, оқушылармен кездесті.

Офицерлік топ делегациясын «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының орынбасары полковник Ниязтай Әлкешев пен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бас басқармасының бастығы, полковник Александр Крамар бастап барды.

Сондай-ақ, делегация құрамында Халық қаһарманы Қайрат Үмбетов пен әскери саладағы жауынгерлік ерлігі үшін түрлі орден, медалдарға ие болған офцерлер – подполковник Е.Баймулдин мен аға лейтенант Е.Отарбаев пен Ж.Баянбаев және лейтенант С.Сүндетов те болды.

Әскерилер делегациясының негізгі мақсаты – аталған білім ордаларында ҚР Ұлттық ұланының қоғамдік қауіпсіздік саласындағы қызметін ел ішіне кеңінен насихаттай отырып, жасөспірімдер арасында әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуге үндеу болып табылады. Сонымен қатар, жастарды отансүйгіштік сезімін қалыптастырцу жолында Ұлттық ұлан жанынан құрылған «Жас бүркіт» клубының жұмысына оқушыларды көптеп тарту.

Кездесу аясында сөз алған Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бас басқармасының бастығы, полковник Александр Крамар Ұлттық ұланның бүгінгі таңдағы қызметімен таныстыра келе әскерилердің жауынгерлік ерлігі туралы айтып берді.

«Біздің ұландық офицерлер арасында өзінің өмірін қауіп-қатерге тігіп, ерліктің үлгісін көрсеткен әріптестеріміз аз емес. Олардың саны бүгінгі таңда 170-ке жуықтайды. Бұл азаматтардың барлығы да өздерінің ерлік іс-қимылдарымен өзгенің өміріне араша түскен бейбіт күннің батырлары. Сондықтан да оларды біз мейлінше қоғам арасында кеңінен наситтап, жастарға үлгі етіп көрсете бергеніміз жөн», деді ол.

Ал 6506 әскери бөлімінің командирі полковник Қайрат Үмбетов бастаған әскерилердің дәрісі бұдан былай тұрақты түде ұйымдастырылып тұратындығын айтты.

«Естеріңізде болса, жақында ғана жасөспірімдер арасында орын келеңсіз жағдай қоғам назарын өзіне аударды. Біз келешекте осындай келеңсіздіктер болмас үшін әскери азамат ретінде өз үлесімізді қосайық деп Ішкі істер министрі мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының жоспарына сай тың бастамамен мектептерге шығып жатырмыз.

Яғни, ерліктің үлгісін көрсетіп, жоғары марапатқа ие болған әскери бөлім офицерлерінің қатысумен оқушыларға әскери-патриоттық рухты ояту ниетімен арнайы дәрістер өткізуде бастадық», дейді «Халық қаһарманы» Қ.Үмбетов.

Мектеп қабырғасында өтетін «Алғашқы әскери дайындық және технология» пәнін жаңа сипатта жаңғыртып, ерлік жасаған ұландық әскерилердің мұндай бастамасын қаладағы білім ошақтарының басшылары да қоштап отыр.

«Біз және біздің оқушыларымыз үшін бүгінгі күн батырларының өздері жүргізген дәрістер өте қызық әрі шынайы. Сондақтан да, біздің мектепке кеудесіне Елбасының өзі медаль таққан кейіпкерлердің келуі зор мәртебе. Атап айтқанда, әскери салада еткен ерен еңбегі үшін «Айбын» орденімен марапатталған подполковник Ержан Сүйіндіков пен «Жауынгерлік Ерлігі үшін» медалінің иегері атанған Ербол Отарбаев пен Сырым Сүндетов, сынды азаматтардан жасөспірімдер үлгі алады деп үміт артамыз», дейді Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп гимназия директорының міндетін атқарушы Айгүл Керімбева.

Айта кетейік, аталған шара аясында 6506 әскери бөлімінің басшылығы мен №46 және №65 мектеп директорлары арасында өзара әріптестік меморандумы бекітілді. Соның аясында алдағы уақытта әскери бөлім офицерлері мектеп оқушыларына барып арнайы дәріс оқып, кезедсу ұйымдастырып тұратын болады. Оған қоса, оқушыларды әскери саланың қыр-сырымен жақынырақ таныстыру мақсатында 6506 әскери бөлімінің ашық есік күндерін ұйымдастыру көзделеді.

Естеріңізге сала кетейік, оқу жылының басында шымкенттік бір топ мектеп оқушыларының қатысуымен төбелес орын алып, қоғам назарын өзіне аударған болатын. Алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында Ұлттық ұлан офицерлері оқушылардың сыныбына барып сабақ өтуді қолға алды.