Түркістан қаласындағы «ROYAL GRAND HOTEL» 3 қабатты қонақ үйде орын алған өртті ауыздықтауға атсалысқан өрт сөндірушілердің еңбегі елеулі. Алау отпен күреске 11 бірлік техника мен 75 өрт сөндіруші, жедел жәрдем бригадасы және жергілікті полиция қызметкерлері жұмылдырылған болатын.

Өрт сөндіру барысында қонақ үйге қарасты «Зил» маркалы газ құйылған цистерна және жанында орналасқан екінші цистерна жарылып, бірнеше қызметкер жарылыс толқынынан зардап шекті. Салдарынан 5 қызметкер әртүрлі дене жарақаттарымен Түркістан қалалық орталық ауруханасына жатқызылды.

Олар: Түркістан облысы ТЖД «ӨСжәнеАҚЖҚ» ММ-і бастығының орынбасары азаматтық қорғау подполковнигі Бахытжан Әбдіғаппаров, №1 МӨСБ аға өрт сөндірушісі азаматтық қорғау сержанты Бағлан Убайдиллаев, Түркістан облысы ТЖД «ӨСжәнеАҚЖҚ» ММ-і өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің бас маманы азаматтық қорғау капитаны Құралбек Джумабаев, өрт сөндіру кезекші қызметінің жедел кезекшісі азаматтық қорғау майоры Рустем Сейдахметов, №1 МӨСБ аға өрт сөндірушісі азаматтық қорғау сержанты Бақдәулет Әлімқұлов. Өрт кезінде қонақ үйдегі азаматтарды қауіпсіз жерге эвакуациялау барысында Түркістан қаласы ТЖБ аға инженері азаматтық қорғау майоры Болат Туйменов жабық тұрған бөлменің есігін бұзып кіріп, терезенің алдында отырған 4 жасар қызды алау оттың арасынан алып шыққан.

Эвакуация жұмыстарына құтқарушылармен бірге патрульдік полиция қызметкерлері де ерлік танытты. Осылайша өртті ауыздықтауда ерекше көзге түскен азаматтарымыз өздерінің батылдығын, қайсарлығын тағы да бір дәлелдеді.