Мемлекет қорғауындағы жер жекенің қолына өтіп кеткен. Осылай деген «Тараз» шағынауданы тұрғындары 10 жылдан бері әділдік таппай келеді. Сөздерінше, кәріз құбыры өткен жер бұған дейін елдің жүрер жолы болған. Бірақ 2007 жылы «қызыл сызық» үстіндегі жерді жекешелендіріп алған адам бүгінде оны сатуға қойған.
Сатылымға қойылған жер тараздықтардың 10 жылдан бергі бітпейтін жырына айналған. Алғашында осы маңдағы тұрғындардың жүретін жолы болған бұл тұс 2007 жылы саудаға қойылады.
Қаланың магистральді кәріз құбыры өткеніне қарамастан, телім жекенің меншігіне сәтті өткен. Тұрғындардың түрткісі болмағанда, мемлекет қорғауындағы жерде іргетасы салына бастаған үй бой көтерер еді.
Раматулла Мауленов, қала тұрғыны: «Содан кейін осындағы ел шулап қала әкімі ол кезде А. Жетпісбаев болатын. Жетпісбаевқа барып жолығып, ол қала әкімінің шешімін заңсыз екенін ұғынып, Еңбекші аудандық сотына өзінің қала әкімінің шешімін жою үшін сотқа талап арыз берген болатын».
Сол кезде сот шешімімен бұзылған қала әкімінің қаулысы белгісіз себеппен қайта күшіне енеді. Және құзырлылар үкіміне қарамастан, «қызыл сызықтағы» телім 2015 жылы тағы да саудаға қойылған. Халық болған жайды түсінбей сотқа барғанда ондағылар қаулыны қайта бұзады. Сот есігін 10 жылдан бері торуылдап келе жатқан тараздықтар телімді сату туралы шешімді 3 рет жойғызған.
Кеңес Алибаев, «Су ресурстар маркетингі»ЖШС-і заң бөлімінің басшысы: «Қызыл сызықтағы» жердің жекенің меншігі болуына заң бойынша рұқсат берілген. Бірақ ол жерде ғимарат салуға болмайды. Салған күннің өзінде сүріліп тасталынады. Алда-жалда мемлекет қорғауындағы құбыр жарылса, зардапты сондағы халық көреді».
Ал, қаладағы жер телімдеріне жүргізілетін құрылысқа тікелей жауапты мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы түйіні күрмеулі мәселеге жауап беруден жалтарды.
Назерке Үкібасова