507 мың азаматтың несиесі өтелді. Мұндай мәлімдемені ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Вице-министрі жасады. Светлана Жақыпованың айтуынша бүгінгі таңда елімізде 507 мың азаматқа 630 мың несие өтелген. Себебі бір адамның басында бірнеше берешек болған. Ал оған мемлекет есебінен 105 млрд. 174 млн теңге бөлінген.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылғы 26 маусымда ҚР Президенті Жарлық шығарған болатын. Жарлыққа сәйкес, мемлекет банктер мен микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық қарыздары бар азаматтар үшін бір реттік акция тәртібінде борыштарын өтеп береді.
Мемлекет жалпы көлемі 300 мың теңгеге дейін негізгі борышты және ол бойынша есептелген өтемақыны төлейді.
Айта кетер жайт, акцияға іліну үшін азаматтың жалпы қарызы ағымдағы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша 3 миллион теңгеден аспауы тиіс.
Меруерт Ахан