«Азаматтарға арналған үкімет» жас босанған аналар арасында жүргізілген «Анаға цифрлық жәрдем» байқауының жеңімпаздарын анықтады.

Байқауға бала тууына байланысты берілетін жәрдемақыны egov.kz порталы арқылы онлайн рәсімдеп, ол туралы әлеуметтік желіде пост жазған 50 ана қатысты.
Байқау жеңімпаздары елімізде өткен «Аналар күніне» орай анықталды. Кездейсоқ тәсілмен таңдалған 3 жеңімпазға bebek.kz интернет-дүкенінен «Sweety» брендінің бір айлық қорының жөргектерін алуға мүмкіндік беретін сертификаттар табысталды.

Жеңімпаздардың ішінде Түркістан облысы Жетісай ауданының тұрғыны Жанар Ябаева, қостанайлық Гульмира Шошақова, семейлік Зарина Құрманғалиева да бар. Жұбаныш сыйлығы ретінде тағы бес жеңімпаз балалар азығы, ыдыс-аяқ, күтім құралдары сияқты тауарлар сертификатына ие болды.

Естеріңізге салайық, бала тууына және оның бір жасқа дейінгі күтіміне байланысты берілетін екі жәрдемақы түрі онлайн egov.kz порталы арқылы рәсімделеді. Қызметті онлайн алу үшін egov.kz порталында «Бала туғанда берілетін және бала күтімі жөніндегі жәрдемақыларды тағайындау» қызметін таңдап, ондағы өтінішті толтыру қажет. Өтініммен қоса банкте ашылған есеп-шоттың нөмірі көрсетілуі тиіс.