44859 әскери бөлімінің сарбаздары Бауыржан Әлімбеков пен Әбдіқұл Ахметовке Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2-дәрежелі «Айбын» ордені берілді. Еліміздің Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Арысқа арнайы ат басын бұрып, мемлекеттік марапатты батыр ұлдардың отбасына арнайы табыстады.

Жауынгер жолдастарын еске алу үшін Арыс әскери бөлімдерінің жеке құрамы салтанатты шерумен жүріп өтті. Мемлекеттік награданы марқұмдардың отбасыларына өзі табыстаған қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қос бірдей әскери қызметшінің Отан алдындағы борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығына тәнті болды.

Министрдің айтуынша, жарылыс кезінде аға сержант Бауыржан Әлімбеков пен сержант Әбдіқұл Ахметов көзсіз ерлік танытып, қызмет орнында ақтық демі қалғанша өртке қарсы күрескен.

Нұрлан Ермекбаев, Қорғаныс министрі: «Әскери борышын орындау кезінде қаза тапқан әскерилердің ержүректігі мен батылдығының арқасында адам шығыны аз болды».

Аға сержант Бауыржан Әлімбеков дәл осы 44859 әскери бөлімінде қару-жарақ сақтау қоймасының бастығы болып қызмет атқарған. 10 жылдан бері келісімшарт негізінде әскери қызметте болған оның соңында анасы, жары мен 4 баласы қалды.

Ләззат Сүйіндікова, Б.Әлімбековтың анасы: «Ол өте арманшыл, үміті күшті, алға деген мақсаты зор еді. Бірақ Алланың ісі. Осындай жағдайға душар болдық. Артында қалған 4 балапаны мен келінім аман-есен өмір сүріп, келешекте баламның жоқтығын білдірмесек, сол ең үлкен қуаныш».

«Әбдіқұл Нұрланұлы да бөлімше командирі ретінде әріптестері мен қарулас достарына сыйлы жан болатын», — дейді әріптестері. 2013 жылы келісімшарт негізінде әскери қызметке шақырылған ол 6 жыл өмірін Отан қорғауға арнапты. Отбасын құрғанына да көп бола қоймаған екен.

Арайлым Қадырова, Ә.Ахметовтың зайыбы: «Ондай ер азамат бұл дүниеде енді жоқ. Сондай алтын адам болатын. Арман-мақсаты өте көп еді».

Қорғаныс министрі бүгінде әскери бөлімшедегі қоймаларда жарылғыш заттар мен қару-жарақтарды көшіруге атсалысып жатқан қызметшілерге де алғыс білдірді. Олар қазіргі уақытта төтенше жағдай салдарын жойып, қоймаларды көшіруге атсалысып жатыр.

Мақпал Рысбаева