Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласында болған төтенше жағдай кезінде және қару-жарақ қоймасындағы жарылыстың салдарын жою барысында ерекше көзге түскен еліміздің азаматтарына мемлекеттік наградалар тапсырды.

Жиында Президент: «Арыстағы трагедия жергілікті мыңдаған отбасын бір сәтте баспанасыз қалдырды. Әскерилер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің шапшаңдығы мен батылдығы алғашқы минуттарда-ақ халықты эвакуациялауға мүмкіндік берді»,-деді. Марапатталғандардың арасында арыстық тұрғындар да бар.

Олар, Арыс қаласындағы «Алтын тұмар» балабақшасының меңгерушісі Уәлиханова Гаухар Шыналбайқызы – 113 баланы эвакуациялаған,сондай-ақ, «ЛИДЕР» балабақшасының жүргізушісі Әбдіхалық Асқар Алмасбекұлы – 70 тәрбиеленушіні эвакуациялаған.

Сонымен қатар, жарылыста еңбек еткен әскерилер, полицейлер, еріктілер де II және III дәрежелі «Айбын» орденімен, «Құрмет» орденімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен, медицина қызметкерлері — «Шапағат» медалімен марапатталды. Олардың қатарында Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов бар.

«Ақорда» резиденциясында өткен салтанатты марапаттау рәсіміне жалпы қырық адам қатысқан. Бейбіт күннің батырлары — барша қазақстандықтардың мақтанышы.