Арыс қаласының әкімдігі қала тұрғындарын алаңдамауға шақырады. «№44859 әскери бөлімінде оқ-дәрілердің жарылмаған бөлшектерін жоятын жоспарлы жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын хабарлаймыз. Бұл жұмыстар Арыс қаласының халқы үшін қауіп төндірмейді» делінген әкімдік facebook парақшасында.
Еске салайық, 21 қыркүйек күні Арыс қаласынан 60 шақырым жерде, арнайы жасақталған полигон аумағында оқ-дәрі бөлшегі жарылған болатын. Министрліктің мәліметінше, жарылыс арнайы жасақталған полигон аумағында жоспарлы жарылыс жасау жұмыстары кезінде орын алған еді. Соның салдарынан 10 сапер — келісімшарт әскери қызметшісі жарқыншақ тиіп жарақат алған болатын. Олардың барлығы министрліктің госпиталіне жатқызылды.