Полиция қатары жаңа құраммен толықпақ. ҚР Ішкі істер Министрлігіне қарасты Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орталығы кезекті тыңдаушыларды қабылдады. Тек Шымкент емес, Қазақстанның әр өңірінен жасақталған тыңдаушылар даярлық курстарынан білім берудің жаңа форматымен өтеді. «Ішкі істер органдарындарын модернизациялау жол картасына» сай, оқу мерзімі – 90 күн.
«Жасым 28-де. Заңгер мамандығы бойынша жоғары білім алғанмын. Алматы облысы полиция департаментіне жұмысқа қабылданып, енді арнайы жолдамамен оқуға келдім. Бүгін екінші күн. Енді өз мамандығымыз бойынша құқықтық сауатымызды арттырып жатырмыз. Әрине, қоғамның тынышы үшін қызмет ету мақсатында қазір әр сабаққа үлкен жауапкершілікпен қарап, берілген тапсырмаларды мұқият орындаудамыз. Алдағы мақсатым – оқу орталығын абыройымен тәмамдап, алған білімімді қызметімде қолданысқа енгізу», – дейді тыңдаушы Әсел Кәдиева.
Ғазиз Қонысбеков, арнайы пәндер циклының оқытушысы: «Тыңдаушылардың тікелей қызметіне байланысты әкімшілік полиция және жергілікті полиция қызметтері бойынша тақырыптық жоспарға сай, сабақ өтеміз. Онда тәртіп сақшыларының күн сайынғы жұмысынан бастап, әрбір қадамына да жіті тоқталып, қызметін толыққанды түсіндіреміз. Яғни, Ішкі істер Министрлігі бекіткен 16 тақырып бойынша 84 сағат берілген».
Қанатбек Тілеубердиев, ІІМ Б.Момышұлы атындағы оқу орталығының бастығы, полиция полковнигі: «Жан-жақтылық, шапшаңдық, жинақылық, салқын қандылық секілді қабылеттерді жетілдіру мақсатында халықпен жұмыс істеудің заманауи форматтарын үйреніп жатыр. Туристік полиция құрылымы, сервистік жүйе арқылы жұмыс жасау, заманауи технологияларды қызмет барысында пайдалану жұмыстары оқу процесіне енген. Тыңдаушылар тек оқу орталығының қабырғасында ғана емес, МКҚ құрылымдарының құқық қорғау органдарымен және құқықтық тәртіпті қорғау мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органдармен өзара бірлесе отырып, шығыс сабақтарын өтуде. Мұндағы алғашқы мақсат – полицияның ашық болғанын қамтамасыз ету және тұрғындармен жұмыс жасаудың жаңа форматы, яғни фронт-кеңселерде жұмыс істеу үшін қабылеттіліктерін арттыру. Сондай-ақ, халыққа қызмет етуге тиісті болашақ құқық қорғау қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құқық бұзушылықтар профилактикасы, қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыспен күрес және оның алдын алу шаралары, қылмыстық жазалар және әкімшілік жазалауды орындау, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтық қорғанысты ұйымдастыру секілді міндеттерін меңгереді».
Мөлдір Бекеева